Құқық

Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы

 Мешітте ұрлық жасағандар ұсталды Жуырда «Һибатулла Тарази» орталық мешітінде белгісіз адам келушілердің намаз оқып жатқанын пайдаланып, 45 жастағы азаматтың ілулі тұрған күртешесінің қалтасынан құны 250 мың теңге тұратын «Oppo 7» маркалы телефонын және оның 29 жастағы досының 570 мың теңгелік «IPhone 13» ұялы телефонын ұрлап кеткен. Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері бұрын сотты болған Тараз қаласының 34 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Оған қатысты Қылмыстық Кодекстің 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Мамандардың сөзінше, оңай ақша табуды көздейтіндердің көпшілігі адамдар көп жиналатын орындарда яғни, мешіттерде, қоғамдық көліктер мен сауда орталықтарында ұрлық жасайды. Атап өтерлігі, есепті кезеңде 836 ұрлық фактісі тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34,4 пайызға азайған. Ал, ұялы телефон ұрлығы 41,7 пайызға төмендеген.

Есірткі тасымалдағанын білмеген

Шу аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкерлері есірткіні аса ірі мөлшерде тасымалдау дерегін анықтады. Полицейлер бекітілген аумақты патрульдеу барысында «Nissan Maxima» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде көліктің жүк салатын бөлігінде жалпы салмағы 8 келі 750 грамм кептірілген марихуана салынған қапшық табылды.

Тыйым салынған зат бұрын осындай қылмысы үшін сотты болған 28 жастағы жолаушыға тиесілі болып шықты. Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Оған қатысты сотпен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Күдіктінің айтуынша, ол досынан өзін көлікпен алып кетуін сұрап, өзімен бірге ауыр жүгі, яғни бір қап пиязы салынған сөмкесі бар екенін айтқан. Достары келгенде, ер адам оларға сөмкенің ішіндегі зат туралы хабарламай, оны жүксалғышқа салған. Жүргізуші осылайша өзімен бірге аса ірі мөлшерде есірткі затын тасымалдағанын білмеген. Бүгінгі таңда бұл дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 296-бабының 4-бөлігі, яғни аса ірі мөлшерде есірткі заттарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз ұстау, тасымалдау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Бұл баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Пәтер кезегіне қоюға уәде берген

Полицияға 56 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, арыз жазған. Азаматша жаз мезгілінде оңалту орталығындағы жұмысында мүгедек ұлын баспанаға кезекке қоюға уәде берген ем алушымен танысқан. Ол бұл қызметі үшін 600 мың теңге сұраған. Аталған ақшаны алғаннан кейін ем алушымен таныс әйел байланысқа шығуды тоқтатқан. Бұл дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 1-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. 

Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері облыс орталығының 63 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Күдікті әйел өзінің кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінген. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.

 «Үнді» қарасорасын сатумен айналысқан

 Тәртіп сақшылары есірткі сатқаны үшін 35 жастағы тараздық тұрғынды ұстады. Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту кезінде сарайдан өсімдік тектес кептірілген зат бар пакеттер және бақшасынан ерекше иісі бар жасыл түсті 10 түп өсімдік табылды. Сараптама қорытындыларына сәйкес, зерттеуге ұсынылған өсімдіктер «қарасора» есірткісі екені анықталды. Ал, қолдануға дайын кептірілген заттың жалпы салмағы 1 килограмм 700 грамм болатын марихуана болып шықты. Сондай-ақ, күдіктіден 16 калибрлі 4 патрон тәркіленді. 

– Ұсталған адам кінәсін мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 297-бабының 3-бөлігімен, яғни есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу, жіберу немесе өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Бұл баптың санкциясы мүлкін тәркілеп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді, – дейді өңірлік полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Дінмұхамбет Қойториев.  

 Дайындаған Есен ӨТЕУЛІ.