Әлеумет

Мәртебесі биік Мәмешовтер

Мәртебесі биік Мәмешовтер

Отбасы құндылығы туралы сөз еткенде қай жағынан да үлгі-өнеге болып жүрген тұғырлы әулеттерді айтпай өтуге болмайды. Олар ұрпақтарының өсіп-өнуімен де, өздерінің және перзенттерінің тағылымды істерімен де – баршаға үлгі. Отбасы болу оңай болғанымен, үлгілі шаңыраққа айналу үшін осындай ұлағатты әулеттің өнегесі, жарқын жолы қажет. Есімдері көпшілікке танымал әулеттер көп емес. Солардың бірі – тараздық Мәмешовтер әулеті.

Бұл әулетті айтпас бұрын сәл әріден сөз қозғасақ артығы болмас. Жаңабай Тауасарұлы деген кісінің бір перзенті ұзақ жыл облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы болған, облысымыздың Құрметті азаматы Баттал Жаңабайұлы болса, біреуі – Мәмеш Жаңабайұлы. Жаңабайдан жалпы оннан астам ұл-қыз тараған. Мәмештің бір баласы Әбдімаш Мәмешов кезінде Қаратау қаласының, Талас ауданының әкімі болды. Облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментті басқарды. Бұл кісілердің барлығын қамту – аса үлкен тақырып. Біз бүгін Әлішер Мәмешұлының отбасын және өзінің қоғамға сіңірген еңбектерін айтуды ғана жөн санадық. Отағасы Әлішер Мәмешұлы 1953 жылы Талас ауданының Қызыләуіт ауылында дүниеге келген. 1970 жылы аталған ауылдағы орта мектепті бітірген соң, кеңшарда жұмысшы болды, Отан алдындағы әскери борышын өтеп қайтты. Кейіннен Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын «Теріден істелетін бұйымдар технологиясы» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Мұнан соң комсомол, кеңес жұмыстарына араласа бастады. 1976-1979 жылдары сол кездегі Ильич атындағы кеңшарда комсомол комитетінің хатшысы болды. 23 жасында бір үлкен кеңшардың 1 мыңнан астам жастарын басқарған екен. Үш жыл бойы іскерлігімен көрінді. Аталған кеңшарда комсомолдардан еңбек бригадаларын құрды. Түрлі байқауларда бұл басқаратын ұйымның жастары жүлде алып жүрді. Осылай іскерлігімен көзге түскеннен болар, аудандық кеңестің атқару комитетіне нұсқаушылыққа шақырылды. Аудандық атқару комитетінде үлкен мектептен өткен Әлішер Мәмешов 1986 жылдан бастап Қаратау, Қызыләуіт ауылдық атқару комитеттерінің төрағасы болды. Ауылдық атқару комитетінің төрағасы болу – бір ауылдың барлық мәселесіне жауап беру. Осы міндеттердің барлығын Мәмешов абыройлы атқарды. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметінде жемісті жұмыс атқарды. Еліміз еркіндігін алған соң, әкімшілік жүйе құрылған кезде де Әлішер Мәмешов жақсы қырынан көрінді. Ол кездегі жарқын жұмыстарына да таластықтар тегіс куә. Комсомол, кеңес жұмыстарында тәжірибе жинаған ол Қаратау ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды. Қаратау – Талас ауданындағы үлкен ауылдың бірі. Әлішер Мәмешов осында табаны күректей 12 жыл әкім болды. Округтің күрделі мәселелерінің қолынан келгенше түйінін тарқатуға күш салды. Әрине, ол кезде қаржының мүмкіндігі қазіргідей емес. Бірақ, Мәмешов белсенді басшының бірі болып, алдыңғы сапта жүрді. Ал, 2006-2016 жылдары Тараз қаласына қоныс аударды. Ол Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы, Тараз қаласы әкімінің бас инспекторы қызметтерінде де жақсы қырынан көрінді. Таласта жинаған тәжірибесін Тараз қаласында да аямай көрсетті. Әлішер Мәмешовтің ұзақ жылғы қызметі тиісті тараптан да ескеріліп, бірқатар марапаттарға ие болды. Мұны ол кісінің тынымсыз еңбегінің жемісі деп қабылдаған жөн. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, «Аmanat» партиясының Құрмет грамотасымен, Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Жақында Талас ауданынан қуанышты хабар жетті. Талас ауданы әкімінің қолдауымен және Талас аудандық мәслихат депутаттарының шешімімен «Талас ауданының Құрметті азаматы» атаныпты. Сондай- ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің шешімімен «Талас ауданының Құрметті ардагері» атағы да берілді. Әлішер Мәмешов жұбайы Күләйлә Шымырзаева екеуі 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан қазіргі таңда 14 немере сүйіп отыр. Бұл кісі әке ретінде де әр перзентінің тәрбиесіне терең мән беріп, әр перзентінің болашағының дұрыс қалыптасуына ықпал етті. Отанасы Күләйлә Шымырзаева 40 жылдан астам ұстаздық қызмет атқарған сыйлы кісі. «Ұстаздың орны – төр», – демекші, өзінің ортасында үлкен құрметке бөленіп жүр. Ұл- қыздарынан тараған немерелерінің қызығына тоймай, бақытты ғұмыр кешуде. Бүгінгі таңда қыздары тұрмысқа шығып, өмірден өз орындарын тапқан. Бір қызы Саят – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде оқытушы. «Ұстаздық – асыл мамандық» десек, Саяттың бойындағы биязылық та ата-анасының тәрбиесінен дарыған жақсы қасиет. Ал, ұлы Тауғазы да әкесін құрметтеген нағыз азамат. Қазіргі таңда ата-анасымен бірге тұрады. Әлішер Мәмешұлын қазіргі таңда таластықтар мен тараздықтар тегіс сыйлап, құрметтейді. Ол кісіні мемлекеттік қызметтің ұстазы санап, ақыл-кеңес сұрайтындар көп. Мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етіп, ұл-қыздарына ұлағатты тәлім берген, үлгілі әулеттің басшысы Әлішер Мәмешұлының өмір жолы – өнеге жолы. Әсіресе, жас отбасылардың бұл әулеттен үйренері көп.  

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы