Бизнесті қолдау назардан түспейді
Бизнесті қолдау назардан түспейді
– Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлердің қалыпты жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Оларға мемлекет тарапынан көмек те, қолдау да жеткілікті. Бүгінде аталған саланы дамыту бағытында орта және шағын кәсіпкерлікті қолдайтын көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Біздің облыста да әкімдік пен кәсіпкерлер палатасы арасында сенім мен жауапкершілікке негізделген тығыз байланыс орнатылған. Өйткені, бірлесе жұмыс атқарғанда ғана белгілі бір нәтиже болатыны белгілі. Бүгін өздеріңізбен жүзбе-жүз кездесіп, саладағы мәселелерді естіп-білуге келдім. Алдағы уақытта өңірдегі кәсіпкерлердің жаңа бастамаларына барынша қолдау көрсетілетін болады, – деді Ербол Шырақпайұлы. Кеңесте Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев аймақ басшысына саладағы бизнес құқығын қорғау, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, бизнесті сервистік қолдау, отандық тауар өндірушілерге көмек көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту бойынша жоспарларымен бөлісті. Өңірлік кеңестің мүшелері аймақ басшысының назарын бірқатар шешімін күткен мәселелерге аударып, оны шешу жолында алдағы 2024 жылы кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында жергілікті бюджеттен қаржылай қолдау көрсетуді қарастыруды, бизнесті, әсіресе, ауылдарда жеңілдетілген несиелендіруді барынша көбірек қамту үшін келесі жылы Аграрлық кредиттік корпорациясы тарапынан «Атамекен-Тараз» микроқаржылық ұйымын ары қарай қаржыландыруға ықпал етуді сұрады.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП