Әлеумет

ТЖД хабарлайды

ТЖД хабарлайды

Кәсіби мерекеде медальмен марапаттадыҚұтқарушылар күніне орай облыстық төтенше жағдайлар департаментінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мансұр Шайкрамов Тараз қаласындағы №4 және №20 өрт сөндіру бөлімдеріне арнайы барып, бірқатар қызметкерлерді «Өртке қарсы қызмет органындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен марапаттады. Марапатталғандардың қатары салада 10-20 жыл мінсіз қызмет атқарған мақтаулы қызметкерлерден тұрады. Олардың әрқайсысының қызметтік есебінде өрттен құтқарылған жүздеген адамдардың өмірі бар. Жиында қызмет бастығының орынбасары Мансұр Закирұлы барша өрт сөндіруші-құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, халық игілігі жолында атқарып жүрген жұмыстарына сәттілік тіледі.

Қызметтің қалыптасу тарихымен танысты

Қазақстан Республикасы күні мен Құтқарушылар мерекесі қарсаңында жедел құтқару жасағына қызметке жаңадан қабылданған қызметкерлерге Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында орналасқан ведомстволық мұражайға арнайы экскурсия ұйымдастырылды.

Аталған шараны өткізудегі негізгі мақсат – құтқарушы мамандығына деген қызығушылықты арттыру, патриоттық тәрбиені нығайту және қызметтің беделін арттыру. Экскурсия барысында жедел құтқару жасағының құтқарушылары «тілсіз жаумен» күрес саласының тарихымен және ондағы жәдігерлермен жан-жақты танысуға мүмкіндік алды. Мұражайдың өрт сөндіру-құтқару қызметін халыққа жағымды жағынан насихаттау және оларды «тілсіз жаумен» күресетін от жауынгерлерінің күнделікті қызметімен таныстыруда елеулі үлесі бар. Мұнда орта ғасырлардан бастап қолданылған өрт сөндіру қызметінің түрлі кезеңдеріндегі құралдардан бастап, бүгінгі күннің өрт сөндірушілерінің жауынгерлік киімдеріне дейін ұсынылған. Көптеген экспонаттар өрт сөндіру ісінің қалыптасу және даму тарихын жан-жақты қамтиды және құтқарушылардың алдыңғы буынының кез келген уақытта адамдардың өмірін қорғауға және құтқаруға бағытталған ерлік істерін жан-жақты насихаттайды.

Құтқарушылар доп тебуде де шебер

Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы кәсіби мереке қарсаңында қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды еске алу мақсатында футболдан турнир ұйымдастырды.

Спорттық іс-шараға департаменттің, өрт сөндіру қызметінің, жедел құтқару жасағының және қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің намысын қорғаған 8 команда қатысты. Турнир ә дегеннен қарқынды басталып, оған қатысушылар жақсы ойын деңгейін көрсетті. Жарыс нәтижесінде бірінші орынға №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командасы ие болса, екінші орынды департамент қызметкерлерінен құралған команда, ал, үшінші орынды №3 өрт сөндіру бөлімінің командасы жеңіп алды. Сонымен қатар, «Үздік ойыншы» аталымында №3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Байсұлтан Дәулетов жеңімпаз болса, №4 өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші-қызметкері Ілияс Әзбергенов «Үздік қақпашы» атанды. Турнир барысында тек өрт сөндіру және төтенше жағдайларды жоюда ғана емес, сонымен қатар спортта да шеберлік көрсеткен жеңімпаздар кубокпен, медальдармен, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Өрт сөндірушілермен өткен бір күн

Құтқарушылардың төл мерекесіне орай Тараз мамандандырылған колледжінің студенттері қаладағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне арнайы барып, «Өрт сөндірушілермен өткен бір күн» тақырыбындағы экскурсияға қатысты.

Бүгінде аталған колледжде «Өрт сөндіру қызметінің құрметті ардагері» Қанжарбек Тоқтағұлов ұстаздық қызмет атқаруда. Тәжірибеден өту барысындағы студенттерді мұнда тәжірибе жетекшісі К.Тоқтағұловтың өзі бастап алып келді. Студенттер өрт сөндіру техникасымен, түрлі сипаттағы авариялық-құтқару жарақтарымен және өрт сөндірушілердің демалыс бөлмесімен, асханасымен танысты. Сондай-ақ, өрт сөндірушілердің мұражайына бас сұғып, одан соң Байзақ ауданындағы жарылыс салдарынан қаза болған қызметкерлерге арналған екінші мұражайға кіріп, аталған оқиға бойынша фильмді тамашалады. Шара соңында азаматтық қорғау қызметкерлері студенттерге өрт туындағанда қалай әрекет ету қажеттігін кеңінен түсіндірді.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП