Қылмыс хроникасы
Қылмыс хроникасы
Қарақұйрықтарды атқандар ұсталды Шу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында аудандағы Шоқпар ауылына қарасты «Бел» станциясы маңында жойылып кету қаупі бар сирек кездесетін жануарларды атқандарды ұстады. Жергілікті үш тұрғын «Қызыл кітапқа» енгізілген әрі аулауға тыйым салынған қарақұйрықтарды атыс қаруымен атқан. Олардың «Mitsubishi Pajero» маркалы автокөлігін тінту кезінде үш бірлік аңшы қаруы, 70 дана оқ және көліктің жүк салғышынан 5 қарақұйрықтың денесі мен жарық шамы табылды.
Бүгінгі таңда аталған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 337-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды.
400-ден астам шетелдіктер жауапқа тартылды
Заңсыз көші-қонмен күресу мақсатында өңір аумағында «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Шара аясында Қазақстан Республикасының Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 413 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктердің аталған санатынан сот шешімімен ТМД елдерінің 175 азаматы елімізден тыс жерлерге шығарылды.– Қазақстан Республикасының 34 азаматына қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, шетелдік жұмыс күшін және еңбек мигранттарын тарту бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылды. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке және заңды тұлғалардың бұзушылықтары үшін Қазақстан Республикасының 168 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді өңірлік полиция департаментіне бағынысты көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Тұрдалиев. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткені үшін Қырғыз Республикасының азаматына қатысты Қылмыстық Кодекстің 392-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұдан басқа, заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Республикасының 1 азаматына қатысты Қылмыстық Кодекстің 394-бабы бойынша тергеу жүргізілуде. Бұдан бөлек, жедел алдын алу іс-шарасы барысында көрші мемлекеттерде іздеуде жүрген 2 қылмыскер ұсталды.
Алтыны бар кен өңдеу цехы табылды
Жедел ақпаратты жүзеге асыру барысында Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Мойынқұм ауылының 54 жастағы тұрғынының жеке тұрғын үйінің қосалқы ғимаратында құрамында бағалы металдар бар шикізатты заңсыз өңдейтін шағын цехты анықтады. Тексеру барысында қуат көзіне қосылған 3 қолдан жасалған ұсақтағыш, сондай- ақ жалпы салмағы 1 тоннаға жуық әртүрлі тастар табылып, тәркіленді. Аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 295-1-бабының 1-бөлігі (бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының заңсыз айналымы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Сараптама тағайындалды.
Көлік ұрлаушы- рецидивист анықталды
38 жастағы жергілікті тұрғын «102» тетігіне өзіне тиесілі «Range Rover» люкс маркалы автокөлігін көлік жуу орнының қызметкері ұрлап кеткендігі туралы хабарлаған. Кейін анықталғандай, мас күйдегі көлік жуушы күзетшіден автокөлік кілттерін алаяқтық жолмен иемденіп, қала ішінде серуендеуге шешім қабылдап, көп ұзамай Алматы қаласына қарай бағыт алған. Осы дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 200-бабы 3 бөлігімен (айдап кету) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Жедел іске кіріскен тәртіп сақшылары барлық полиция бөлімдеріне көлік құралының деректері көрсетілген бағдарлар жіберген. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 315-шақырымында патрульдеу жүргізіп жүрген сақшылар аталған автокөлікті байқап, оны тоқтату шараларын қабылдаған. Осылайша, полиция инспекторлары Қостанай облысының 19 жастағы тұрғынын ұстады. Оның осындай қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет сотты болғандығы анықталды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Есен ӨТЕУЛІ.