Тапшылықты жойып, тиімділікті арттыратын жоба
Тапшылықты жойып, тиімділікті арттыратын жоба
Аталған стансаның өңірлік менеджері Наурызбек Жұмағазиннің айтуынша, жел электр стансасы желдің өтінің басқаруға келмейтін кинетикалық көзінен электр қуатын өндіреді. Оның басты міндеті – ұлттық энергетикалық орталықтардан қашықтағы тұтынушыларды және агро нысандарды қуат көзімен қамтамасыз ету. Ал, артықшылығы – экологияны ластамайды, энергиясы еш уақытта ортаймайды. Мамандар алдымен аталған маңды жіті саралап, құрылысты бастаған екен. Әрбір станса жел арқылы секундына үш метр жылдамдықпен тұрғанда қуат көзін өндіреді. Ал, мұнда 150 метр биіктен жел жыл бойы тоқтамайды екен. Осылайша Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің бірлескен жобасы бүгінде электр қуатын өндіруде. Ол 1 миллион үй шаруашылығының ішкі қажеттілігін қанағаттандыра отырып, жылына сағатына 350 миллион киловатт таза электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Бұл нысанның құрылыс жұмыстары басталған күннен бастап компания өкілдері жергілікті мамандарды қытай технологияларын, шетелдік жабдықтарды монтаждау, қосып-жабу тәсілдеріне қатар үйрете бастаған еді. Қазір мұнда он кезекші оператор жұмыс істесе, олардың жартысы құрылыс жұмысы басталған сәттен бері осында оқып-үйренгендер. Он айлық курстан кейін оларға жел электр стансасын басқару сеніп тапсырылған. Бұдан бөлек, тағы бес адам жұмысқа шақырылып, олардың оқуы қытай инженерлерінің басшылығымен жүзеге асырылған. Қазір мамандар барлық агрегаттардың тілін жақсы меңгеріп алған. Нысанның техникалық директоры Чжанг Лингтың айтуынша, осында өндірілетін 100 мегаватт электр энергиясын жергілікті билік қолдаса, 400-ден 500 мегаватқа дейін жеткізу жолдарын қарастыруға болады. Сонда облыс қана емес, Қазақстанның басқа өңірлеріне, тіпті көршілес жатқан республикаларға да электр энергиясын таратуға қол жеткізуге мүмкіндік туады. Мұнда өндірілген қуат көздері «KEGOC» компаниясына жөнелтілгеннен соң, олар оны одан әрі өздері үйлестіреді. Сала ғалымдарының болжамдарына сенсек, «Жаңатас жел электр стансасы» Сарысумен қатар, бірнеше ауданды жарық көзімен қамтамасыз ете алады. Жалпы, Жамбыл облысы энергияның баламалы көздерін дамыту бойынша Қазақстандағы көшбасшы өңірлердің бірі саналады. Себебі, «жасыл» энергетика саласы үшін Әулиеата – өте ыңғайлы өңір. Оны зерделеу шаралары айғақтап отыр. Өңірде жаңартылған энергия көздерін дамытуға барлық жағдай жасалуда. Қазірдің өзінде мұнда 21 баламалы энергия көздері жұмыс істейді десек, олармен еліміздегі күн, жел және су арқылы алынатын электр энергиясының 20 пайызы қамтамасыз етіледі. Бұл тұрғыда өңірдің әлеуеті зор және оны толық көлемде пайдалану қажет. Елімізде алғашқы болып өндірістік жел электр стансасы Қордай ауданында іске қосылғанын да атап өткен жөн. Сарысу аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бейсен Шалабаевтың айтуынша, бүгінде ауданда жел электр стансасы толық қуатында жұмыс істеп тұр. «Бүгінде Талас және Сарысу аудандарында желдің жылдық орташа жылдамдығы секундына 6 метр және одан да жоғары. Баламалы энергия көздерін дамыту бойынша жұмыстар ойдағыдай жүріп жатыр, оған климаттық жағдайымыз да қолайлы. Өндірістік қуаты жағынан еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш бізге тиесілі. Сондықтан жұмысты жалғастыра отырып, түрлі нұсқаларды қарастыру қажет. Баламалы энергетика – бұл стратегиялық маңызды бағыт. Біз жаңартылған энергия көздері нысандарын салу үшін қай жерде және қандай мүмкіндіктер бар екенін нақты білуіміз керек. Менің ойымша, барлық ауданда оларды салуға мүмкіндік бар», – дейді ол. Бәріміз білетіндей, Үкімет еліміздің энергия жүйесіндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру бойынша батыл міндеттер қойып отыр. Атап айтсақ, 2030 жылға дейін өндірілетін қуат көзін 10 пайызға жеткізу көзделген. Еуропалық қайта құру және даму банкі және оның серіктестерінің қолдауымен салынған «Жаңатас жел электр стансасы» болса, өзінің толық қуатында іске қосылуы арқылы ел билігі қойған осы міндеттердің орындалуын жылдамдатты. Мемлекеттің одан әрі көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларынан жаңартылатын энергия өндірісіне көшуіне ықпал етті. Әулиеата өңірінде, қарт Қаратаудың белінде қазығы қағылған бұл жоба жыл сайынғы көмірқышқыл газы шығарындыларын шамамен 262 мың тоннаға азайтуға көмектеседі екен. Қазақстанның шығарындыларды азайтудың ұлттық жоспарларын едәуір азайту арқылы Орталық Азияда жаңартылатын энергияны дамытуда көшбасшы болу мақсатын жүзеге асыруға ықпал етеді. Жоба Еуропалық Қайта құру және Даму банкінің «Жасыл экономикаға көшу» тәсіліне сәйкес келеді. Мамандардың есептеуі бойынша, көмірмен жұмыс істейтін электр стансасымен салыстырғанда, сондай қуаттылықпен жел электр стансалары жылына 109500 тонна көмір, 1031 тонна күкірт диоксиді және 934 тонна азот оксидін үнемдеп, көмірқышқыл газының шығарындыларын 289 мың тоннаға, түтін мен шаңды 322 тоннаға азайтатын көрінеді. Сондай-ақ, күл-қоқыс көлемін 32900 тоннаға төмендетеді екен. Бүгінде адамзат өзіне керекті электр қуатының 6-7 пайызын желден алуда. Айта кетерлігі, жел энергиясы жөніндегі әлемдік кеңестің мәліметінше, 2030 жылға қарай жер бетіндегі энергетика өндірісінде жел қуатының үлесі 20 пайызға жетеді. Оны өндіруге, әсіресе Еуропа мемлекеттері барынша басымдық беруде. Мысалы, Дания қазірдің өзінде жел генераторларының жәрдемімен барлық электр қуатының 40, Португалия 23, Испания 16, Ирландия 14, Германия 8 пайызын өндіреді, Қазақстанда бұл сан 0,5 пайыз шамасында екен. Осы секілді ахуалды ескеріп, еліміз осыдан бірнеше жыл ілгеріде жасыл экономика жолына өту жөнінде шешім қабылдады. Оның тұжырымдамасын әзірледі. Мұның экологиялық жағдайдың жақсаруына үлкен әсері болары сөзсіз. Бүгінде қытайлық «China Power» компаниясы Сарысу ауданында 400 мегаватты жел электр стансасын салып, оның көлемін 500 мегаватқа жеткізуді ниет етіп отыр. Сарысу ауданында бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қытайлық «China Power» компаниясы әлем елдерінде ірі электр стансаларын салумен қатар, оны басқарумен айналысып келеді. «Жаңатас жел электр стансасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Гуо Ким осы ниетін үнемі түрлі кездесулерде айтып келеді. – Бізді қызықтырғаны – бұл өңірдің жақсы климаты. Егер мұнда жел көзі болмағанда үш жылда мұндай айтулы жобаны жүзеге асырмаған болар едік. Біз осы аймақтың климатын зерттей келе, жергілікті билік тарапынан қолдау болып жатса, келесі кезекте жел электр стансаларын салып қана қоймай, күн электр стансаларын салуға да ниеттіміз. Қазақстанның қай өңірін алып қарасаңыз да желден де, күннен де электр қуатын өндіруге болады. Қазіргі таңда Қазақстан дұрыс бағыт таңдап, тура жолда келе жатыр. Болашақта алдыңғы қатарлы электр қуатын өндіретін елге айналатынына сенімім мол, – дейді ол. Сондай-ақ, серіктестік өкілі осы жерден жел және күн электр энергиясына қажетті құрал-жабдық өндіруге арналған зауыт салуға ниетті екенін де жеткізді. «Бізге керегі осы зауыт. Зауыт салып алсақ, жел және күн электр стансаларына қажетті құрал-жабдықтарды шет мемлекеттерден тасымалдамай, өзімізде жасап құрастыруға мүмкіндік алар едік», – дейді ол. Бұл жоба жалпы болашақта оңтүстік Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығын жойып қана қоймай, тау-кен өндіруші кәсіпорындардың да жұмысының тиімділігін арттырмақ.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Сарысу ауданы