Жамбылда не жаңалық?

Ана мен бала өмірі қашанда қымбат

Ана мен бала өмірі қашанда қымбат

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Салидат Қайырбекова жұмыс сапарымен облысымызда болды

Өңірімізге жұмыс сапарын облыстық және қалалық балалар ауруханаларында болудан бастаған вице-министр бұрнағы күні облыстық перинаталдық орталыққа ат басын тіреді. Босану бөлімінде аудандардағы перзентханалармен байланыстың жеделдігі, арақашықтығы, әсіресе, жас аналардың мерзімін өткізбей есепке тіркелуі мәселелерімен тереңдеп танысты. Салидат Зекенқызы елімізде ана өлім-жітімі негізінен олардың өз денсаулығына жүрдім-бардым қарауы, тиісті емшараларды мерзімінен тым кеш қабылдауы салдарынан орын алып жататынын да еске салып өтті.

Әсіресе, есікті, терезені ашсаң да, теледидар мен радионы қоссаң да, газетті оқысаң да қайталап айтылып, жазыла беретұғын мәселеге айналдыру, жадынамалар таратып беру арқылы жас аналардың бұл тұрғыдағы сауаттылығы мен мәдениеті деңгейін көтерудің айрықша маңызға ие екендігіне кеңінен тоқталды. Перинаталдық орталық өңірдегі бұл істің бірегей үйлестірушісі ретінде күнбе-күн дерлік тәуекел тобына жататын аяғы ауыр аналардың ауылды жерден қашан, қай уақытта шыққанын, аты-жөніне дейін нақтылап, мониторингін жүргізу тетігін қалыптастыруы да өте-мөте қажет. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі палаталарды аралап көріп, танысып, жансақтау бөліміндегі мерзімінен ерте туылған нәрестелердің тыныс-тіршілігімен, олардың әрі қарай өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін жасалып жатқан жағдайлардан хабардар болды. Мекеменің қаржыландырылуы жай-күйіне де назар аударды. Орталықтың бас дәрігері Гүлнағира Байзатованың айтуынша, мекеме 215 төсектік, жыл сайын мекемеге 8 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінеді, мұның өзі әлі аздау. Мұнда жыл сайын 7, 5 мың сәби дүние есігін ашады, 11 мыңнан астам аналар емделеді екен. Мұнда анестезиолог, реаниматолог мамандарының жетіспеушілігі бар. Осымен байланысты бірқатар дәрігерлер артық жүктемемен жұмыс істеуге де мәжбүр. Медицина қызметкерлерінің жалақысы көлемін сұрап білген Салидат Зекенқызы «Жалпы дәрігерлік қызмет басқа әлеуметтік салалардағыға қарағанда әлдеқайда жоғары ақылы, бизнес-жоспарлар әзірлеп ұсыну арқылы оның көлемін одан әрі де көтеру мүмкіндігін бірлесе ойласып шешуге де болады» деді. Бұл орайда салада жаңашылдық пен заманауи ізденістің де қатар жүруі керектігін, басқа өңірлердің озық тәжірибелерінен үйренудің, тәжірибе алмасудың, әсіресе, құрамында дәрігері, анестиозологы, емшібикесі, басқасы бар жедел медициналық көмек көрсететін біртұтас ықшам топ болып бір мезгілде біліктілік жетілдіру, оқу-үйрену курстарынан өтудің өте-мөте тиімді екенін жеткізді. Вице-министр бұдан соң Тараз қалалық перинаталдық орталығында болып, қабылдау бөліміне жаңадан түскен жүкті әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетуден бастап, босануға дейінгі және одан кейінгі кезеңдердегі жасалатын медициналық қызмет түрлеріне жеке-жеке талдау жасады. Облысымыздағы ана мен бала денсаулығын арттыру барысында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, бұл бағыттағы өлім көрсеткіштерін төмендету бойынша мәселелердің мән-жайына қанықты. Сондай-ақ, бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсетуші ұйым болып табылатын емханаларды да аралап, дәрігерлердің жүкті әйел мен жас нәрестеге көрсетілетін алғашқы медициналық көмек көрсету барысына тексеру жасады. «Медицина саласына қыруар қаражат бөлінуде. Сол ақшаның тиімді әрі мақсатты жұмсалуын бақылап отыру керек. Емдеу мекемесінің басшысы жақсы менеджер болғаны да дұрыс», – деген Салидат Зекенқызы сала басшыларына маман тапшылығы мәселесін шешуде еліміздегі медициналық оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеу қажет екенін ескертті. Бала – қуаныш, бала – өмір жалғасы. Еліміздің ертеңгі күні өсіп-өркендеуі, мықты мемлекетке айналуы да әрбір нәрестенің дін-аман дүние есігін ашуына, денсаулығы мықты болып жетілуіне де байланысты. Бұл мәселе осы күні өткен ана мен бала өлімін төмендету бойынша кезек күттірмес шаралар қабылдау жөніндегі республикалық штабтың отырысында да талқыланды. Салидат Зекенқызы өзінің жұмыс сапары аясында облыс орталығындағы №5, №4, №1 қалалық емханаларды аралап, олардың жұмыс жайымен танысып, бала мен ана өлімін болдырмауға, алдын алуға және алғашқы медициналық жедел көмек көрсету шараларын жетілдіруге, саладағы мамандар жетіспеушілігі мәселесін шешуге байланысты емдеу мекемелері басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Баймаханбет АХМЕТ, Ардақ ҮСЕЙІНОВА, «Ақ жол».