Мәдениет

Жаңа жыл, Аяз ата және Ақшақар...

Жаңа жыл, Аяз ата және Ақшақар...

14Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған балалар қызыққа кенеліп, облыс әкімінің сыйлығын алды

Ертеңгі күнге үлкен үмітпен қарайтын көпшілік келер жылдың да жақсылығы мол болады деп күтеді. Әсіресе, балалар жаңа жылда асқақ армандарына қол жеткізетіндеріне сенімді. Өйткені, олар елімізде білімге құштар жастардың өрісі кең екенін біледі. Озаттар мен үздіктерге барынша қолдау көрсетілетініне көздері жеткен. Соның бір көрінісіне жыл айрығында өтетін облыс әкімінің шыршасына қатысқанда куә болғандары да бар.

Жыл сайын өңірдің жүзге жуық өренін облыс орталығына жинайтын жаңажылдық шырша мерекесіне биыл да осынша оқушы тартылды. Басым көпшілігі әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтардан. Олар ән шырқап, би билеп, көңіл көтерді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың сыйлығына ие болды. Өңір басшысының жаңажылдық тартуын облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов тапсырды. Облыс әкімінің шыршасын өткізуге жергілікті бюджет есебінен 4 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, шараға қатысқан балаларға орташа есеппен 31 мың теңгеге сыйлықтар сатып алынған екен. «Жаңа жылды балалар үлкен үмітпен күтеді. Сондықтан, бұл күн балғындардың есінде ұзағырақ сақталуы үшін ерекше мерекелік шара ұйымдастырылады. Облыс әкімінің шырша­сына оқушылардың әр ауданнан келуін назарда ұстадық», – дейді Ерқанат Нұрбапаұлы. Рас, әуезді әнмен баурап, таңғажайып думанға бөлейтін салтанатты тамашалауға аудандардан асығып жеткен балалар үшін бұл күні көргенінің бәрі таңсық, әрі керемет. Өйткені, балалар мерекелік шарада ертегілер еліне саяхат жасайды. Неміс жазушысы Эрнст Гофманның «Шерткіш пен тышқан патшасы» («Щелкунчик и мышиный король») ертегісінің желісіне құрылған жасыл шырша мерекесінің бағдарламасы балалар үшін қызықты болғаны анық. Кез-келген қиял-ғажайып шығармадағыдай, мұнда да жағымсыз кейіпкер мен әлсізге болысып, көпшілікке жақсылық ойлайтын қаһарман бар. Зұлымдық пен ізгіліктің шайқасы солар арқылы жап-жақсы ашылған. Тышқандар патшасы жарқырап жанған жасыл шыршаның жарық шамын өшіріп, мерекені өткізуге кедергі жасауға тырысқанымен, Аяз ата, Ақшақар сынды Жаңа жылдың басты кейіпкерлері араша түсіп, бәрін қалпына келтіреді. Татулықты ту етіп, жұмылған жұдырықтай болса, қандай да бір қиындықты жеңуге болатынын көрсетеді. Бәрі де тамаша, балғындар да шат-шадыман.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Суретті түсірген Алтынбек Қартабай.