Ұлттық құндылықты ұлықтады
Ұлттық құндылықты ұлықтады
Жоба аясында Мейірім-Меркі сауықтыру орталығының қасындағы жазық далада «этноауыл» – 6 киіз үй, алтыбақан, түрлі дәстүрлі бұйымдар мен жабдықтар, спорттық сайыстар өткізілетін аймақтар құрылып, ұлттық дәстүрге негізделген сайыстарда бақ сынау үшін 7 адамнан тұратын 6 команда жасақталды. Командалар өз арасында ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерге негізделген тапсырмалар мен ұлттық спорт және ойын түрлерінен сайысқа түсті. Атап айтқанда, дәстүрлі садақ ату, қой көтеру, ләңгі тебу, асық ату, қазақша күрес, сиыр сауу, көмбе нан пісіру, арқан тарту шеберліктерін көрсетті. Жобаның мақсаты – әртүрлі сала жастарын тарта отырып, қазақтың ұлттық спорт және ойын түрлерінен сайыстар өткізу арқылы ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтар мен дәстүрді қайта жаңғырту. Ұлттық спорт түрлерінен сайыстарға қатыстыру арқылы жастардың ойын жақсы арнаға бұрып, ұлттық маңыздылықты ұғындыру, мәдениетке спорт арқылы сүйіспеншілікті арттыру. Кеш қарайғанда жастар киіз үйдің қасына алау жағып, ақындар өлең оқып, гитарамен ән айтып, рухани демалуды да ұмытқан жоқ. Сайыста оқ бойы оза тартқан 3 команда қомақты қаржылай сыйлықпен марапатталса, әр қатысушыға 20000 теңге көлемінде сыйақы берілді. Ұлттық құндылық, мәдениет секілді ұғым д ы с п о р т п е н ұштастырған «JasSAQ» жобасы жақын арада телеарналарда 1 ай бойы үздіксіз көрсетілетін болады.
Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ
Меркі ауданы