Әлеумет

Еркелеп өткен еліне...

Еркелеп өткен еліне...

Бойындағы алапат шабыт күшімен алысып жүретін, ережеге бағынбайтын, мінезді ақынның бірі Рафаэль Ниязбек еді. Ол осы бір өткір мінезінің пайдасын да, зиянын да қатар көрді. Пайдасы – халқының алақанында болса, зияны оған тиесілі біраз дәреже-атақ осы мінезінің кесірінен бұйырмады. Бірақ, аяулы ақынды оқырмандары, жерлестері, бүгінгі өскелең жас ұрпақ ешқашан ұмытпайды.

Біз оны Тараз қалалық Абай атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өткен Рафаэль Ниязбекті еске алуға арналған «Тұнық ойлы қаламгер» атты кешінде аңғардық. Белгілі жазушы, көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының Iлияс Жансүгіров атындағы сыйлығының, Шешен Республикасының ең жоғарғы «Ұлт намысы» орденінің иегері, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, түбі бір түркі халықтарының «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының лауреатын еске алу кешіне Қазақ радиосының ардагері, Рафаэль Ниязбектің жары Гүлжан Мұхамадиева қатысты. Ол 18 жасында келін болып түсіп, Рекеңмен 54 жыл отандасқанын, перзенттер сүйіп, бақытты ғұмыр кешкенін айтты. «Айналайын жастар! Бір азаматтың жары болу оңай міндет емес. Ақынға жар болу одан да қиын. Олар көңіл-күйдің адамдары. Кейде кеш келеді, көңілсіз болады. Қиналып келеді, қуанып келеді. Еркелеп жүреді. Сол жағдайлардың бәріне төзіп, ақын атты елдің ұлына қызмет еттім. «Ажырасамын» деген сөзді естімеу үшін бар жағдайын жасап, құрақ ұштым», – деді Гүлжан Мұхамедиева. Кеш барысында аталған кітапхананың қызметкері Гүлнұр Нүрпейісова Рафаэль Ниязбектің «Көсем» кітабына библиографиялық шолу жасады. Ол аталған романда жазушы Қонаев бейнесін жан-жақты ашып, сол кезеңнің саясатын нақты көрсете білгеніне тоқталды. Тұрысбек Сәукетаевтің «Мұзбалақ» атты арнау өлеңін Бауыржан Момышұлы атындағы №45 классикалық гимназияның 9-сынып оқушысы Асылкеней Дәулетберді оқып берді. Жас оқырмандар Рафаэль Ниязбектің бірқатар өлеңдерін жатқа оқыды. Рафаэль ақынның өз жарына арнаған «Гүлжанға» атты өлеңін Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің білімгері Нұрдәулет Қайрат шебер оқып берді. Мұнан соң ақынның рухани інілері Көсемәлі Сәттібайұлы, Баймаханбет Ахмет және ақын Үміт Битенова есте жүрер естеліктер айтты. Белгілі қаламгер, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт те Рафаэль ақынның өлеңін жатқа оқуымен ерекшеленді. Еске алу кешін Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Камила Абашова және аталған кітапхана директоры Ұлбосын Сәулебаева қорытындылап, ақынның жары Гүлжан Мұхамадиеваға ақ орамал жауып, құрмет көрсетті. Ал, Гүлжан апай кітапхана ұжымына алғысын айтып, Рафаэльдің бірқатар кітаптарын сыйға тартты. Мұнан соң Рафаэль Ниязбекті еске алу кеші ақынның туған жері Талас ауданында жалғасын тапты.  

Есет ДОСАЛЫ