Әлеумет

Борышын өтеуге несие берешегі кедергі емес

Борышын өтеуге несие берешегі кедергі емес

Қарулы Күштер қатарына күзгі әскерге шақыру басталысымен көптеген әскерге шақырылғандар үшін банктер алдындағы несие мен қаржылық міндеттемелердің болу мәселесі өткір қойылды. Тараздағы әскери бөлімде әскерге шақырылғандарға «несиелік демалыс» алуға көмектесетіні айтылған болатын. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚРҚҚА) әскери қызметке шақырылған немесе әскери қызметтен өтіп жатқан қарыз алушыларға банктік несиелер мен шағын несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру бойынша іс-шаралар алгоритмін әзірледі.

«Несиелік демалыстар» – әскери қызметшілер қарыздарды өтеу міндетінен босатылатын уақыт ке зеңі. Бұл ке зеңде олардан несие бойынша пайыз бен негізгі қарызды төлеу талап етілмейді. Қазақстандағы мерзімді әскери қызметшілерге арналған «несиелік демалыс» саясаты әскери қызметшілерді қызмет барысында әлеуметтік қорғау және қолдау мақсатында енгізілді. Алгоритм келесілерді қамтамасыз етеді: 1. Қорғаныс министрлігі әскери міндеттілер мен міндетті әскери қызмет өткеретін, банктік қарыздары немесе микрокредиттері бар әскери қызметшілердің тізімін қажетті мәліметтерді көрсете отырып, ӘҚБТК-не ұсынады; 2. Тізімді кредиторларға, екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, микроқаржы ұйымдарына, коллекторлық агенттіктерге жібереді; 3. Несие берушілер банктік қарыздар немесе микрокредиттер бойынша негізгі борыш немесе сыйақы бойынша кейінге қалдырылған төлемдерді уақтылы береді, сондай- ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген берешекті өндіріп алудың барлық нысандарын тоқтата тұрады. Қарыз алушы – мерзімді әскери қызметші, міндетті әскери қызмет өткеретін әскери қызметші немесе оның сенімхат бойынша өкілі мерзімді әскери қызметке шақырылу немесе әскери қызметтің аяқталу фактісін растайтын анықтамаларды қоса отырып, банктік қарыз немесе микрокредит беру шартының талаптарын өзгерту туралы өтінішпен несие берушіге өз бетінше жүгіне алады. Өтініш электрондық пошта, онлайн-банк клиент жүйесі, интернет-ресурс, мобильді қосымша, басқа байланыс құралдары арқылы немесе несие берушінің кеңсесіне бару арқылы жіберіледі. Несие бойынша пайыздар «несие демалысы» кезеңінде есептелмейді, бұл мерзімді қарыз алушыларға қосымша қарыздардың жиналуын болдырмауға мүмкіндік береді. Несие демалысы бағдарламасы несиелердің әр түрлеріне, соның ішінде ипотека, автокөлік несиелері, тұтынушылық несиелер және тағы басқалар жат ады. Бұл мүмкіндікті 85395 (Тараз) әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген мерзімді сарбаз Сергей де тиімді пайдаланды. – Мен Kaspi Bank-тен өз қажеттіліктерім үшін тұтынушылық несие алдым. 2003 жылы дүниеге келгенмін, колледжді бітіріп, содан кейін әскерге кеттім. Банк қызметкерлері мерзімі өтіп кеткен несиесі бар деп туыстарыма телефон соғып, хат жазып мазалайды. Бірақ, 85395 әскери бөліміне кіргенімізде бізден «Несиесі бар ма?» деп сұрады. Әрине, несие алған жалғыз мен емес. Біз бірден несие ақпаратымызды бердік, содан кейін жауапты тұлға төлемдерді тоқтату туралы банктерге өтініш жіберді. 13 айлық «несиелік демалыстар» бар. 12 ай – әскери қызмет, ал бір ай бейімделу, жұмысқа орналасу. Бұл әскерге барғысы келетін, бірақ қаржылық мәселесінен қорқатындар үшін тамаша мүмкіндік және ынталандыру, – дейді сарбаз Сергей. Еске салайық, 2022 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Әскери қызметке шақырылған қарыз алушыларға банктік не сиелер мен шағын несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды қарастыратын өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 7,1 мың әскерге шақырылған азаматтың банктер мен микроқаржы ұйымдарынан 2,5 миллиард теңгеге 16,6 мың несиесі бар екен. 3,7 мың әскери қызметкер 5,5 мың несие және шағын несие бойынша төлемдерді кейінге қалдырды.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ