Жасыл желек жайқалып...
Жасыл желек жайқалып...
Иесіз қалған көпқабатты үйлердің адам тұруға жарайтындары күрделі жөндеуден өтті. Ол үйлерге баспана кезегінде тұрған жаңатастықтар қоныстанды. Ал, комиссия жөндеуге жарамайды деп шешкен үйлер бұзылып, орындары тазартылып, саябақ, сквер, басқа да әлеуметтік нысандар бой түзеді. Отын орнына оталып кеткен тал-дарақ қайтадан егіліп, шағын қаланың шырайын кіргізіп, жасыл желек жайқалып шыға келді. – Аумағы 3200 гектарды құрайтын қалада бүгінде 25512 адам тұрады. 97 көпқабатты тұрғын үй, жеке секторларда 76 көше, 1369 аула бар. Жыл басынан бері көгалдандыру, көгеріштендіру бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, «Исмайлов» жеке кәсіпкерлігі Әулиеата көшесінің бойына 16 миллион теңгеге және «Береке құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 9 шағынауданға 13,8 миллион теңгеге «Жасыл белдеу» салды. Әулиеата көшесі бойында одан әрі жалғасын табады. Қала ішіндегі қураған ағаштарды кесу және басты көшелердегі талды реттеу жұмыстарын 3,7 миллион теңгеге «ALL Group» ЖШС атқарды. Қаланы абаттандыру және тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тазалық жұмыстарына 7 арнайы техника, 81 қоғамдық негізде жұмысшы тартылған. Ерте көктемнен бері 12,5 километр арық тазаланып, 140 тонна күл-қоқыс шығарылды. Демалыс орындары мен саябақтарға 2500 түп тал мен 4800 түп гүл көшеттері отырғызылды, – дейді қала әкімі Ильяс Домалақов. Жаңатаста көріктендіру, көгеріштендіруден басқа жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар, абаттандыру жұмысы тым ауқымды. Ең бастысы, тоқсаныншы жылдары отын болып кеткен тал-дарақтың орны толған. Көздің жауын алатын гүлзарлар қандай! Жаңат ас тұрғындарының шыдамдылығын, еңбекқорлығын, бірлікті ту етіп ұстайтын бір- біріне ерекше қарым-қатынасын бұрыннан білеміз. «Буржуйкаға» пәтерінің бір бөлмесін жылытып, есік алдындағы алаңда табаға нан пісіргенде де бір- біріне бір аяқ дәмін ұсынып, бір таба нанды бөліп жеген аға буын мен біздің замандастардың балалары мен немерелері қаланы қайта көркейтіп, көгерішпен көмкеріп, гүлге орап жатқаны. Қандай да бір ортақ іске келгенде, тікесінен тік тұрып, жұмыла кету әріде, Жаңатастың іргетасы қаланған алпысыншы жылдардың соңынан басталған. Ұрпақ жалғастығының үзілмей келе жатуы әрі мемлекет тарапынан моноқалаға көрсетіліп жатқан қолдау-көмектің, облыс және аудан басшылығының қамқорлығының да нәтижесі. Оның үстіне «Қазфосфат», «Еврохим» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің, басқа да инвесторлардың демеушілігінің пайдасы да Жаңатастың аяғынан тік тұрып кетуіне көп септігін тигізді.
Амангелді ӘБІЛ
Сарысу ауданы