Болашақ алхимиктер сыныбы ашылды
Болашақ алхимиктер сыныбы ашылды
Жиынға Д.И.Менделеев атындағы РХТУ профессор-оқытушылар құрамы, «Қазфосфат» ЖШС қызметкерлері, Тараз қаласындағы химия пәнінің ұстаздары, ата-аналар және университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты. Университеттің бас ғимаратында өткен іс-шарада алғашқы құттықтау сөзін алған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров қатысушыларды ашылу салтанатымен құттықтап, жобаның маңыздылығына тоқталды. – 2023 жылдың 11 қаңтарында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай Қазақстанда беделді шетелдік университеттердің кемінде бес филиалын ашуды тапсырған. Мемлекет басшысы жаңа экономиканы құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды екенін айтты. Алғашқылардың бірі болып М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Президенттің тапсырмасын орындап, стратегиялық серіктестер – Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және «Қазфосфат» ЖШС-мен бірлесіп, химия өнеркәсібі үшін мамандар даярлау жөніндегі келісімге қол қойды,– деген Нұржан Сәбитұлы бірнеше онжылдықтар бұрын өңірде химия саласы қарқынды дамығанын, кейін өндірісте құлдырау болғанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта химия саласын қайта жаңғырту қажеттігін де атап өтті. Дулати университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов білім берудегі бұл жоба жастардың игілігі үшін ерекшелігі зор екендігін тарқатып айтты. Бұған дейін өз бастауын алған ТМД елдері бойынша желілік кампус туралы ойын ортаға салды. Келген қонақтарға алғысын білдіріп, оқушыларды практикалық дағдыларды игеруге шақырды. «Айта кету керек, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті білім беру саласындағы әлемдік деңгейдегі университет. ТМД елдері мен шетелде химия және химия технологиясы саласы бойынша жетекші ғылыми орталық», – деді Мұхтар Қазбекұлы. Үш жақты келісім негізінде жүзеге асатын жоба аясында алғашқылардың бірі болып 43 оқушы қабылданды. «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» зауытының директоры Юн Альберт Юдинович «Менделеев сыныбын» құруда төккен тер ақталып, оң нәтижеге бірге жетейік деген тілегін білдірді. Сондай-ақ, оқу озаты болған түлектер тұрақты жұмыспен, жоғары жалақымен қамтамасыз етіледі деп уәде берді. Д.И.Менделеев атындағы РХТУ, білім беру бағдарламаларын дамыту және халықаралық қызмет жөніндегі проректорының орынбасары Георгий Шахгильдян «Менделеев сыныбы» жобасының презентациясын көпшілік назарына ұсынды. Презентацияда оқу жобасы жайлы толық ақпарат беріп, осы саланы таңдаған оқушылар мен студенттерге сәттілік пен ақ жол тіледі. РХТУ өкілі химия саласы теория мен тәжірибе қатар жүруді керек ететін күрделі әрі қызықты ғылым екенін айтты. Ұстап, көріп, зертханада түрлі тәжірибе жасау арқылы ғана бұл салаға тереңнен бойлауға болатынын болашақ химиктерге түсіндірді. Тұңғыш рет Дулати университетінде ашылған «Менделеев сыныбына» қабылданған 43 оқушы салтанатты түрде ант қабылдады. Химия өнеркәсібі – экономиканың күрделі салаларының бірі. Себебі, бұл сала шикізаттың мол көлемін, білікті, мықты маманды, күрделі техника мен технологияны, инвестицияны, өндірістің басқа салаларымен тығыз байланысты қажет етеді. Бүгінде химиясыз өмірді елестету қиын. Киім-кешек, тамақ, тұтынатын барлық дерлік заттар да осы күрделі саланың қатысуымен жүзеге асады. Сан саланың тұрақты дамуына әсер етеді. Демек, химия өнеркәсібі ел экономикасын өсіретін негізгі саланың бірі. Дулати университеті осы қажеттілікті өтеу үшін болашақ химиктерді мектеп жасынан даярлауды қолға алып отыр. №43 орта мектептің кәсіптік бағдар берушісі Әлия Оңалбекқызы: – Дулати университетінде «Менделеев сыныптары» ашылады дегенді естіп оқушылар қатты қуанды. Қызығушылық танытып, оқимын деп тіркеліп, сынақтан өтті. Еліміздегі тұңғыш рет осындай жобаның қолға алынғанына ұстаздар қауымы да ризашылықтарын білдіріп жатыр, – дейді. Айта кетейік, жобаның басты мақсаты – өңір жастары арасында химия және инженерлік мамандықтардың беделін арттыру және жаратылыстану-ғылыми бағыттағы пәндерді тереңдете оқыту, сондай-ақ химия бағыты бойынша білікті кадр даярлау үшін химия мен математика пәндерін оқыту деңгейін арттыру. «Менделеев сыныбы» жобасының міндеті – халық арасында химиялық білімді дәріптеу, оқушылар үшін кәсіпалды оқытудың тәжірибеге бағдарланған моделін жасау, мектеп түлектерін оқуға түсуге сапалы даярлау. «Менделеев сыныптарын» аяқтаған соң түлектер Дулати университеті мен Д.И.Менделеев атындағы РХТУ қабырғасында оқуын жалғастырып, сапалы білім алуға мүмкіндік алады. «Менделеев сыныбы» оқушыларына сабақты мектеп мұғалімдерімен қатар, Дулати университетінің профессор-оқытушылар құрамы береді. Мұғалімдер университет оқытушыларымен тәжірибе алмасып, өз білімін шыңдай алады. Осылайша, мұғалімдер үздіксіз әдістемелік қолдау алады, ал оқушылар химия және басқа да жаратылыстану-ғылыми пәндер бойынша білімдерін жақсартады. Сондай-ақ, байқаулар мен олимпиадаларға қатысуға, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына түсуге дайындалады. Оқушылардың сабақ өту тәсілі туралы Дулати университеті «Химия және биология» кафедрасының меңгерушісі Асылжан Мажибаев айтып берді. – РХТУ ұстаздары аптасына екі рет вебинар-сабағын өтеді. Профессор-оқытушылар онлайн сабақты түсіндіріп, оқушылармен байланыс орнатады. Дулати университетінің оқытушылары аптасына бір рет сабақ өтеді. Зертханада тәжірибе жасайды. Жобаның басты серіктесі «Қазфосфат» ЖШС биыл 50 оқушыны қамтитын көлемде қаржыландырды. Болашақта оқушылар саны артады деп күтіп отырмыз. Химия бағытында оқыған білікті маманды аталмыш зауыт жұмыспен қамтамасыз етеді. Білікті маманның жалақысы да жоғары, әрі кәсіби өсе алады, – деді ол. Химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсеновтың оқушының сабаққа қызығушылығын ояту тақырыбында өткен шеберлік сағатына көрерменнің ықыласы ерекше ауды. Қашықтан оқыту форматында сабақ берген кезден бастап қолға алған ерекше сабақ беру әдісі оқушылармен қатар көп оқырманның қызығушылығын оятқан. Кейін ұстаз өз бастамасының көптің көңілінен шыққанын көріп, жалғастыруды жөн санаған. Шеберлік сағаты болашақ химиктерді шабыттандыра түсті. Химия сабағын ерекше ден қойып оқитын №30 мектептің 10-сынып оқушысы Әлия Ерланқызы «Менделеев сыныбының» мүшесі атанған оқушылардың бірі. Ол химия саласы бойынша мықты маман болғысы келетінін, өз мақсатына жету үшін жоба мүшесі атанғанын айтты. – Иә, химия қиын бағыт. Бірақ, ол мен үшін ең қызықты сабақ. Зертханадағы жұмыс, түрлі тәжірибе жасау өзіме ұнайды. «Менделеев сыныбында» жоғары оқу орнының қабырғасында химияны тереңдете оқу мүмкіндігіне ие болдық. Кейін Дулати университетінде осы бағыт бойынша білім алуды жалғастырамын, – дейді болшақ химик. Қорыта айтқанда, «Менделеев сыныбы» – аймақтағы айтулы бірегей жоба. Жобадан күтер нәтиже көп. Химия бағытында білім алатын оқушы жоғары оқу орнында да осы салада білімін жетілдіріп, білікті мамандардың қатарын толықтырады деп күтілуде. Сапалы маман даярлауды, химия саласын қарқынды дамытуды көздеп отырған жоба жұмысы жемісті боларына сеніміміз мол.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ.