Қиындықтар еңбекпен еңсеріледі
Қиындықтар еңбекпен еңсеріледі
Дәл қазіргі уақытта күздік бидай себіліп, келер жылдың өніміне егіндік салу науқаны жүріп жатыр. Аудан бойынша келер жылдың өніміне 57100 гектар күздік бидай тұқымын себу жоспары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бекітіліп берілді. Күздік бидайдың тұқымынан қажеттілігі 10280 тонна болса, ауданда қолда бары 13200 тонна, оның 7332 тоннасы тексеруден өткен. Тұқымның сапасы бойынша айтсақ, 97 тоннасы супер элита, 916 тоннасы элита. 2494 тонна І, 3755 тонна ІІ, 70 тонна ІІІ репродукциядағы тұқымдар. Класт ары бойынша атап өтсек, 861 тонна І кластағы, 1913 тонна ІІ класс, 4118 тонна ІІІ кластағылар. Аудандық тұқым зертханасынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің тексеруден өтіп, дайындалған тұқымдардың сапасы, көлемі ауыл шаруашылығы бөлімі мамандары тарапынан тұрақты бақылауға алынады. Тексеруден өтпеген тұқым себілмеуі керек. Барлық ауыл округі әкімдіктеріне және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің басшыларына ескертілген. Аудан әкімі орынбасарының қолымен келесі жылға ауыл округтерінің ауыл шаруашылығы дақылдарын егудегі бекітілген индикаторлық тапсырмалары, барлық ауылдық округ әкімдіктеріне таратылып берілді. Биыл қазан айына дейін аудан бойынша 9250 гектарға күздік себілді, ал 50 мың гектар егістік жер тұқым себуге дайындалды. Сүдігер айдауда тапсырмадағы 75950 гектар болса, бүгінгі күнге 73292 гектар жер жыртылды. Оның ішінде келесі жылы егілетін қант қызылшасы үшін 200 гектарға сүдігер көтеру жоспарланған. Ауа райының құрғақшылығы, егістік жерлердегі ылғалдың аздығы тұқым себу қарқынын бәсеңдетіп тұрғанын да жасыра алмаймыз. Ауданда күздік бидай тұқымын себуде қажетті 70 дана жерді айдап, өңдеуге арналған техникалар мен тұқымдарды себуде 48 агрегат, тасымалдауға 75 автокөлік жұмылдырылған. Егін орағы мен күзгі дала жұмыстарына қажетті кепілдендірілген бағамен берілетін дизель отынын таратушы оператор «Wedo Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұсынылған калькуляциясына сәйкес, дизель отынының бір литр құны 245 теңгемен таратылуда. Өткен қыркүйек айына белгіленген 660 тонна кепілдендірілген жанармайды ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері сұраныстарына қарай оператордан қалыпты жағдайда алуда. Яғни, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері дизель отынымен қамтылған деуге болады. Күзгі да ла жұмыст ары, жер жырту, күздік дақылдың тұқымын себу күнделікті бақылауға алынған. Ауылдық округ әкімдіктерден күнделікті атқарылған жұмыстардың есебі жинақталынып отыр. Ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы туралы айтар болсақ, ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс баршылық. Аудан бойынша 2022-2025 жылдар аралығында іске асырылатын инвестициялық жобалардың жалпы құны 25 миллиард теңгені құрайтын 101 ірі және шағын инвестициялық жобалар айқындалған. Оның ішінде 24-і ірі инвестициялық жобалар, 77- сі шағын инвестициялық жобалар. Оларды іске асыру барысында жалпы 822 жұмыс орнын ашу жоспарланған, оның 404-і маусымдық, 418-і тұрақты жұмыс орындары. Соның ішінде өткен жылы жалпы құны 39,8 миллион теңгені құрайтын 12 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде тұрақты 14 жұмыс орны, 6 маусымдық жұмыс орны ашылды. 2023-2025 жылдары 25 миллиард теңгені құрайтын 101 жоба жүзеге асырылатын болады. Биыл құны 2 миллиард теңгені құрайтын 36 жоба іске асты. Нәтижесінде тұрақты 199 жұмыс орны, оның 90-ы тұрақты, 109-ы уақытша ретінде ашылады деп күтілуде. Келесі жылы құны 15 миллиард теңгені құрайтын 32 жоба жүзеге асырылмақ. Ал, арғы жылы құны 7 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба жүзеге асады. Биылға жоспарланған жобаның бірі – Абай ауылындағы «Керең» шаруа қожалығының сүт өнімдерін шығаратын цехы. Шалқар Асанов басқаратын бұл цех тәулігіне 2 тонналық сүтті қайта өңдеп, қаймақ, айран, сары май, йогурт, ірімшік шығаратын қуаттылыққа ие және сүт- тауарлы фермасын 400 басқа кеңейтуді қолға алады. Жобаның жалпы құны 110 миллион теңгені құрайды. Оның 25 миллион теңгесіне «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2 жарым пайыздық несиемен сүт өңдеу қондырғысын алса, 35 миллион теңгесін құрылыс жұмыстарына жұмсап, 50 миллион теңгеге сауынды сиырлар алынады. Жоба жүзеге асқанда 15 адам жұмыспен қамтылатын болады. Жобаға несиелік және жеке қаражаты да жұмсалады. 2021 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 93 миллион теңге несиеге Германиядан 136 бас «Симменталь» сиырлары әкелінген. Бүгінгі күні 200 бастық сүт-тауарлы фермасының құрылысын 280 миллион теңгеге жүргізген. Міне, осындағы 192 миллион теңгесі өз қаражаты болса, 88 миллион теңгесін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан алған. Екі жүзге жуық сауын сиыры бар. Сауылған сиыр сүтін «Құлан Құрт» жеке кәсіпкерлігіне 300 теңгеден өткеруде. Цехқа өткен жылы «Бизнестің жол картасы» аясында электр желісі тартылған. Тағы бір жоба Құлан ауылында 2022-2023 жылдары іске асыруға жоспарланған «Шалқар» шаруа қожалығының мал бордақылау және сою, тоңазытып сақтау кешенінің құрылысы. Кәсіпкер Шалқар Төкеевтің бұл кешенінің жалпы құны 680 миллион теңге, сыйымдылығы 1500 бас ірі қараға арналған. Бұл жоба бойынша 20 адам жұмыспен қамтылады. Аталған шаруашылықта бүгінгі күнге 1500 бас мүйізді ірі қара малдарына арналған 3 қорасының, мал сою алаңының, қамбасы мен шөп жинауға арналған бастырмасының құрылысы аяқталған. Зертханасының құрылысы шамамен 85 пайызға аяқталып тұр. 250 бас мүйізді ірі қара бордақылануда. Өндірілген етті аудан аумағында килограмын 2000 теңгеден өткеруде. Ал, Ақыртөбе ауылындағы жалпы құны 400 миллион теңгені құрайтын «Хамза» шаруа қожалығының 100 бас ірі қара, 1000 бас ұсақ мал бордақылау кешенінің құрылысы жеке қаражат есебінен жүзеге аспақ. Мұнда 10 адам жұмыспен қамтылатын болады. Бұл шаруашылықта бүгінгі күнге 100 бас мүйізді ірі қара малдарына арналған 3 қораның, мал сою алаңының, қамбасы мен шөп жинайтын бастырмасының құрылысы аяқталған. Зертханасының құрылысы шамамен 90 пайызға атқарылып қойды. Қорасында жүз бас мүйізді ірі қара бордақылануда. Өндірілген етті аудан аумағында килограмын 2000 теңгеден өткеріп жатыр. Құмарық ауылындағы биыл іске асырылатын «Хантөре» шаруа қожалығының ірі қара және ұсақ мал бордақылау кешені жобасының жалпы құны 30 миллион теңгені құрайды. Мұнда 8 адам жұмыспен қамтылатын болады. «Бизнестің жол картасы» аясында электр желісі тартылатын болады, комиссиядан өткен. Құлан ауылында биыл жалпы құны 160 миллион теңгені құрайтын «Дәулетбай» шаруа қожалығының мал өнімдерін қайта өңдеу цехының жобасы жүзеге асады. Онда шұжық өндіру, тері және қой жүнін қайта өңдеу кәсібі атқарылатын болады. Мұнда 35 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, биыл Қорағаты ауылында жалпы құны 110 миллион теңгені құрайтын «Аққайнар» шаруа қожалығының 65 гектар қант қызылшасы алқабына жаңбырлатып суару қондырғысын орнату жобасы жүзеге асып, онда 3 адамның жұмысқа орналасуы жоспарланған. Сұлукүл Дәлібаева басқаратын бұл шаруашылықтың бүгінгі күнге 825 гектар егістік жері бар, оның 145 гектарына қант қызылшасы дақылын егуді жоспарлап отыр. Оның ішінде 65 гектарына «Шілік» су қоймасының ескі каналдарын жөндеп, фронтальды жаңбырлатып суару қондырғысын орнатуды, қалған 680 гектарына дәнді дақылдарды егу көзделген. Өткен жылы 65 гектар қант қызылшасын егіп, жалпы 3500 тонна тәтті түбірді «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткізді. Биылға жүзеге асырылатын жоба лардың қат арында Өрнек ауылындағы «Атамекен Өнім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 40 гектар алқапқа жаңбырлатып суару қондырғысын орнатып, қант қызылшасын отырғызу да бар. Оның жалпы құны 35 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылды. Осы жобамен серіктестік 12 адамды жұмыспен қамтитын болады. Сонымен қатар, Терең өзек ауылында жалпы құны 148,2 миллион теңге болатын «Жамбыл-БТТ» шаруа қожалығының 121 гектар алқапқа тамшылатып суару қондырғысын орнатып, пияз дақылын отырғызу жобасы да биылға жоспарланған. Нәтижесінде 18 адам жұмыспен қамтылады. Ал, Қарақыстақ ауылында 2023- 2024 жылдары жалпы құны 136 миллион теңгені құрайтын «Мақсат» шаруа қожалығының 100 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізіп, қант қызылшасы және пияз, көкөніс дақылдары отырғызылатын болады. Сол арқылы 4 адам жұмыспен қамтылады. Биыл қажетті құдықтары қазылып, қондырғылар орнатылды, келесі жылы дақылдар егіледі деп жоспарлануда. Құлан ауылының «Сұлутөр» тау бөктеріндегі 2022-2025 жылдары аралығында жүзеге асыру көзделген «Nomad» фермерлік шаруа қожалығының форель балығын өсіріп, балық етін бөлшектеу, орау, мұздатып сақтау кешені жобасының жалпы құны 1 миллиард теңге. Аманжол Шілдебаев басқаратын қожалықта бүгінгі күнге жекеменшіктегі жер теліміне бассейндердің құрылысы салынып, 260 мың балық өсірілуде. Өткен жылы 230 миллион теңге өз қаражатына бассейндер салынып, шабақтар жіберілген. Биылдан бастап 2025 жылға дейін 800 миллион теңгеге қосымша бассейндер салып, балық санын бір жарым миллион данаға жеткізіп, қайта өңдеу цехын салу жоспарланған. Қазіргі уақытта «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп жұмыс атқарылуда. Маусымдық 20 кісіні, тұрақты 15 адамды жұмыспен қамтитын болады. «Бизнестің жол картасы» аясында 17 шақырым қашықтықтан электр желісін және газ жүйесін тарту қажет. Құлан ауылының «Сұлутөр» тау бөктерінде биыл жалпы құны 150 миллион теңгені құрайтын «Fishing Industry» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балық уылдырығынан шабақтар шығару, балықты консервілеу цехының жобасы да жүзеге асырылады. Бұл цехта 17 адам жұмыспен қамтылады. Қазір 22 мың форель шабағы өсірілуде. «Бизнестің жол картасы» аясында газ, электр желісін тартуды қажет етеді. Құмарық ауылынан «Сарым» шаруа қожалығының жалпы құны 30 миллион теңгені құрайтын алма шырынын өндіру цехы да биыл іске асады. Ардақ Омарқұлов басқаратын бұл кәсіпкерлікте 6 адамға жұмыс орны ашылмақшы. Бүгінде мұнда 5 гектар алма бағы бар, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 2,5 километр қашықтықтан электр желісін тартуға комиссияның оң қорытындысын алған. Цех ашуға арналған жер телімі де анықталды. Айта кетейік, аудан бойынша 320,8 гектар алма бағы бар, оның 150 гектары «SV Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің интенсивті алма бағы, 143 гектары шаруашылықтарға тиесілі, 27,8 гектары үй іргесіне тиесілі. Өткен жылы 2 466,44 тонна алма жиналды. Оның ішінде 1230 тоннасы Шөңгер ауылындағы «SV Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің интенсивті алма бағынан алынды. Ауданда егін шаруашылығы саласымен қатар, мал шаруашылығы саласы да қарқынды даму үстінде. Ауданда малдың сандық көрсеткіштен сапалық көрсеткішіне баса назар аударылуда. Асыл тұқымды малдарды өсірумен айналысу барысы жылдан жылға артуда. Төрт түлік малдардың барлық түрі өсірілуде. Жылдан жылға мал басы да өсуде. Атап айтсам, 35 780 бас мүйізді ірі қара, 24 802 бас жылқы, 555 460 бас қой, 28 668 бас ешкі, 80 бас түйе, 127 657 құс және 1 532 бас шошқа бар. Сүт өндірісі 31,3 тонна, жұмыртқа 4 558,6 мың дана, ет өндірісі 16,1 тоннаға жетіп, өнімділік артты. Жалпы, Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі аудан тұрғындарының әлеуметтік, тұрмыстық жағдайын одан әрі жақсарта отырып, ауданның экономикалық өсуіне барынша үлесін қоса бермек. Осы мақсаттағы жұмыс жалғасады. Шаруалар арасында мемлекеттік бағдарламалар да кеңінен түсіндіріліп, қолдауға ие болуға ұйымдастыру жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп келеді.
Темірғали БИҒАЗИЕВ,
аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Т.Рысқұлов ауданы