Әлеумет

Мәртебелі мұғалім

Мәртебелі мұғалім

Мемлекетіміз үшін бала тәрбиесі – басты назарда. Ел болашағының іргесі мектепте қаланады. Сондықтан, білім ошақтарына да білікті басшылар қажет. Бала күнінен ұстаз болуды, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне белсене араласуды мақсат тұтқан Айжан Абдешова осы талапқа сай маман. 1987 жылы Жамбыл педагогикалық институтын бітірісімен, алғашқы еңбек жолын Байзақ ауданы, Чапаев орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Ал, 1994-2022 жылдар аралығында Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы 48 орта мектепте еңбек етті. Бастауыш сынып мұғалімі, директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары, кейінгі 17 жыл бойы аталған мектептің директоры болып абыройлы қызмет атқарды.

Әрине, осы 17 жыл Айжан Ақтілеуқызын басшылық қызметте шыңдап, шынықтырды. Әр кездері Тұрар өмірін терең зерттеген Шерхан Мұртазамен, арынды ақын Маралтай Райымбекұлы және өзге де тұлғалармен ұлағатты кездесулер ұйымдастырды. Аталған мектепте оқушы санының артуына, оларға берілетін білімнің сапалы болуына тікелей ықпал етті. Тынымсыз еңбегі еленбей қалған жоқ. 2016 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалімен, Республикалық «Өрлеу» білім- ғылым технологиясы порталының «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, «Ел үміті» республикалық дарынды балалар энциклопедиясының жарық көруіне қосқан үздік қызметі үшін «Үздік маман» төсбелгісіне, облыс әкімдігі білім басқармасының Құрмет грамотасына, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медаліне ие болған. Облыстың іскер әйелдер қауымдастығының дипломдарымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Отбасында үш ұл- қыз тәрбиелеп отырған ана. 2022 жылдан бастап Тараз қаласы №47 орта мектебінде директор қызметін атқаруда. Аталған мектепте де білім сапасының артуына, оқушы санының көбеюіне ықпал етті. Оқушылардың кітап оқуға құштарлығын арттыру мақсатында бірнеше іс-шара, акциялар ұйымдастырып отыр. – Білім саласы – жеңіл сала емес. Жас ұрпақ тәрбиелеу ісі қастерлі де маңызды. Шаршаған сәттерімде елдің болашағына қызмет етіп жатқаным еске түсіп қуанамын. Жас ұрпақ жолындағы еңбегім маған күш береді, – дейді ол. 19 жылға жуық уақыт мектеп директоры қызметін абыройлы атқарып жүрген Айжан Абдешова – Тараз қаласындағы белсенді әйелдердің қатарында. Еліміздегі гендерлік саясаттың ілгерілеуіне қомақты үлесін қосып келеді. Ұйымдастыру ісінің шебері Айжан Ақтілеуқызының алдағы уақытта да атқарар ісі ауқымды.  

Есет ДОСАЛЫ