Шипасы мол шипажай
Шипасы мол шипажай
Шипажай Тараз қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 25 шақырым жерде «Ақкөл» көлінің жағасында орналасқан. Оның түбінде емдік балшық жатыр. Сондықтан болар, халық осы саз топырағының емдік қасиеті үшін алыстан ат арылтып келеді. 120 орынға шақталған емдік нысанға 2015 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, араға екі жыл салып құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. – Біздің шипажайдың бір ерекшелігі – емдік балшығы. Елімізде мұндай саз балшығы 3 жерде ғана шығады. Буын ауруларына керемет әсері бар. «Айша бибі» санаторийінде ем алғысы келетіндердің саны жыл сайын артып келеді. Оған жүргізілген статистика дәлел. Мәселен, 2022 жылы 3 мыңға жуық адам ем алса, биыл 3800 демалушы дәл осы шипажайды таңдады. Мұндағы емдік балшық құрамында магний, кальций, йод, натрий, бром, бор, күкіртті сутегі, хлоридтер және басқа да денсаулық үшін маңызды минералдар мен микроэлементтер бар. Сондай-ақ, балшық сульфит деген минералға бай. Бұл буынға, жалпы адам ағзасына өте пайдалы. Сондықтан, сол балшықты ем түрінде қолданамыз. Балшықты шипажай маңындағы Әулиекөл жағасынан әкелеміз. Ем алушылардың қатарында жамбылдықтардан бөлек, алыс-жақын өңірлердің тұрғындары да бар. Шырайлы Шымкент, Батыс Қазақстан, Алматы қаласынан келетіндер де көп, – дейді «Айша бибі» шипажайының бас дәрігері Райымбек Нұржанов. Шипажайдың емдік-сауықтыру базасы туралы Шымкент қаласынан келіп, ем алып жатқан Мақсуда Юзвалиева өз ойымен бөлісті. – Алғыстан басқа айтарым жоқ. Егде жасқа жеткенде буын аурулары әрбірімізді мазалайтыны белгілі. Көп-көп рақмет біздің Президентімізге, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға осындай жағдай жасаған. Осында еңбек етіп жүрген персонал қызметкерлеріне де ризашылығымыз шексіз. Бәрі анасындай, әкесіндей көріп, ем-домын жасайды. Жылы сөйлеп, күлімдеп қарсы алады. Бізге керегі де осы ғой. Буындарым сырқырып келіп, бүгінде шипажайдың арқасында өзімді жақсы сезініп қалдым. Оның үстіне кешкі уақытта арнайы концерттік бағдарлама ұсынылып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Төрт мезгіл тамақ береді, жатын бөлмелері де айнадай таза. Тағы жолдама алсам, міндетті түрде келемін, – дейді әжей өз сөзінде. Бүгінде шипажай сауықтыру орны – алдыңғы қатарлы емдеу әдістерін игерген, жоғары жұмыс мәдениетін және өз қызметтерінің нәзік тұстарын жете білетін, жаңа талаптарға сай мамандардан құралған ұжым. Мұнда балшықтан бөлек түрлі емдеу, сауықтыру кешендері де жұмыс істейді. Ем алушыларға арналған серуен алаңы, намазхана, жаттығу залы өз қызметтерін ұсынып, меймандардың көңілінен шығуда.
Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙҰЛЫ.
Жамбыл ауданы