Әлеумет

Отбасының шуағы механизатор Мырзабек

Отбасының шуағы механизатор Мырзабек

Кей адамдарда шектен тыс байлық, мансап болмауы мүмкін. Бірақ, оларда жылылық, мейірім, адалдық бар. Осындай асыл қасиеттерімен талайдан биік жүретін отағасының қатарында жуалылық Мырзабек Сәбденбеков те бар.

Жас күнінен темірден түйін түйіп, механизатор болған Мырзабек өз ісіне қашанда жауапкершілікпен қарады. Таңның атысынан күннің батысына дейін еңбек даласында жүрді. Оған Қосбөлтек ауылының тұрғындары мен егіс даласы куә. Темір тұлпары тоқтамай жүріп тұрса, Мырзабек те шаршауды білмеді. Адал еңбекпен абыройға бөленді. Жұбайы Гүлсіммен бірге 7 ұл- қыз тәрбиелеп өсірді.

Отанасы Гүлсім де бала тәрбиесінен бөлек, еңбекке де араласты. Балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып ұзақ жыл еңбек етті. Өзінің балаларымен қатар, өзгенің баласына да мейірімін төге білді. Қазіргі таңда сол бейнеттің зейнетін көріп отырған аяулы жан.

Бұл әулеттің перзенттері де еңбекке адалдығымен, жұмысқа жауапкершілігімен ерекшеленеді. Үлкен ұл Мұхтар – көлік жүргізушісі болып еңбек етсе, Жеңіс – кәсіпкер. Алматы қаласында тұратын Мұрат – өз ісінің шебері. Көліктерді жөндеумен айналысады. Қазір жеңіл көлік әр азаматтың тұлпарына айналды емес пе? Мұрат тұлпарын жөндеп беріп, талайдан алғыс алып жүр. Қыздары Салтанат, қара шаңырақтағы ұл Бекет жермен айналысатын жеке кәсіпкер. Кіші қыздары Забира мен Назира да тұрмысқа шығып, үбірлі-шүбірлі болып отыр. Өз әріптестерінің ортасында да сыйлы. Қазақта «Абысын тату болса, ас көп» деген бар. Әулеттің ынтымағы мен бірлігі осы абысындардың татулығына да қатысты. Бұл әулеттің төрт келіні Перизат, Айдана, Барно, Нұргүл бір үйдің қыздарындай тату. Олар тату болғандықтан, әулеттің берекесі де артуда. Қара шаңырақтағы келін Нұргүл ата-енесінің қабағына қарап, өзінің ізеті мен әдебін көрсетуден жалыққан емес.

– Адал еңбек бәрін жеңеді. Менің өмірден түйгенім осы. Кеңшарда механизатор болып адал еңбек еттік. Құдайдың нәсіп еткен перзенттерін жеткіздік. Жаман болған жоқпыз. Біреуден ілгері, біреуден кейін күн кештік. Бірақ, ұл-қыздарыма адал жолмен жүруді үйреттім. Біздің жеңісіміз – осы. Қазір немерелеріміз бар. Олар жүгіріп келіп мойныңа асылғанда өмірдің бар күйбеңі мен қиыншылығын ұмытып кетесің. Немеренің тәтті болатынын үнемі сезініп келеміз. Осы бақытты күндеріміз үшін Аллаға шүкірлік айтамын. Жастар өсіп-өне берсін, елімізде тыныштық болсын, – дейді отағасы Мырзабек қария.

 

Есет ДОСАЛЫ

Жуалы ауданы