Күйлі малға күтім керек
Күйлі малға күтім керек
Ветеринариялық препараттар және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге арналған бұйымдармен жүйелі қамтамасыз ету – жоспарлы ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды орындауды күнтізбелік жылдың бірінші тоқсанынан бастауға мүмкіндік береді.
Бүгiнгi таңда облыс аумағында эпизоотиялық жағдай тұрақты, бұл мал шаруашылығы саласында бағдарламаларды сәттi жүзеге асыруға және облысымыздың аумағында өндiрiлетiн өнiм мен шикiзатты тыс жерлерге еркiн шығаруға мүмкiндiк бередi.
Мал шаруашылығындағы ветеринариялық қауіпсіздік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және адамдар мен жануарларға ортақ аурулардан қорғауға бағытталған. Атап айтқанда, жануарлардың денсаулығы, олардан алынатын өнімдер мен шикізаттың тағамдық қауіпсіздігі, аумақтың ветеринариялық-санитариялық салауаттылығы, халықты жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау, сондай-ақ мемлекеттік ветеринариялық бақылау объектілерінің ветеринариялық заңнама талаптарына сәйкестігі қамтамасыз етілетін мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерінің жай-күйі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру және ветеринария жүйесін жетілдіру алдыңғы орында тұр. Ауыл шаруашылығы жануарларының инфекциялық және инвазиялық (ішек-құрт) ауруларына шалдығуы, малдың қыс мезгілінде көтерем болып өлуі, ветеринарлық құжатсыз басқа жақтан мал тасымалдау, сату және ол туралы жергілікті ветеринарлық мамандарға хабарламау, тағы басқа жағдайлардың тіркелуі тікелей мал иесінің жауапкершілігінің төмендігінен орын алып отыр. Осындай себептердің салдарынан адам мен жануарға ортақ жұқпалы аурулармен (бруцеллез, туберкулез) және биогельминтозды (эхинококкоз, описторхоз, трихинеллез, дерматомикоз) аурулардың облысымыздағы тұрғындар арасында таралуы белең алуда. Ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін дамытудың өзектілігі әсіресе, ауылшаруашылық жануарларының көп бөлігі жеке аулаларда, ұсақ тауарлы, фермерлік, кооперативтік шаруашылықтарда шоғырлануы жағдайы кезінде едәуір өсті.
Республикада мал мен құстың жұқпалы ауруларының 200-ден астам түрлерi ұшырасады, соның iшiнде 75-i аса қауiптi түрлерiне жатады, оның көбi адам мен мал үшiн ортақ аурулар.
Биологиялық қауіпсіздік – адамдардың және табиғи ортаның жекелеген компоненттерінің (атмосфералық ауаның, жерүсті және жерасты суларының, жер беті мен топырақ қабатының, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің және өзге де организмдердің) қауіпті биологиялық факторлардан, оның ішінде биологиялық қорғау шараларымен қамтамасыз етілетін қорғалу жағдайы. Биологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жалпы жүйесінің ажырамас бөлігі. Оның өзектілігі қазіргі әлемде жаһандық сипатқа ие жұқпалы аурулар мен олардың қоздырғыштарынан туындайтын қауіптермен анықталады. Қазақстанда былтыр «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Заң қабылданды, осы заңды іске асыру сыртқы және ішкі биологиялық қатерлерді болжауға, жедел анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ жедел ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Биологиялық қауіптің негізгі көздері жұқпалы аурулардың эпидемиясы мен өршуі, эпизоотиялар, биологиялық қауіпті объектілердегі авариялар мен диверсиялар, патогендік микроорганизмдердің табиғи резервуарлары, экожүйелер үшін қауіпті патогендік микроорганизмдердің, флора мен фауна өкілдерінің трансшекаралық тасымалдануы, биологиялық терроризм, биологиялық қаруды қолдану болып табылады.
Елімізде эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын және биологиялық қауіпсіздік қатерінен сақтау шараларын ветеринариялық қызметпен бірлесе отырып, алдын алу үшін қоғам болып, мал өнімдерін дайындаушы және өткізуші тұлғалар бірлесе жүргізулері қажет.
Талғат ҚОЖАБЕРГЕНОВ,
облыс әкімдігі ветеринария басқармасы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.