Электронды жүйе шығынды азайтты

Электронды жүйе шығынды азайтты
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазір көптеген мемлекеттік қызметтер электронды түрде жүргізіліп, үйден шықпай-ақ қажетті анықтамаларды алып, кезекке жазылып, керек ісімізге тегін кеңес алып, тіпті өтінішті де электронды түрде беріп жүрміз. Бұл уақытымызды үнемдеумен қатар, ары-бері жүргенде жолақысына кететін ақшалай шығынды да азайтқаны рас. Сонымен қатар, қағазбастылықтан да құтқарды. Қағазға кететін шығындарды есептесек, экономикаға да үлкен үлес қосып жатқанын байқауға болады. Облысымыздағы бірқатар ауылдарда цифрландырылған ақпараттық орталықтар кітапханаларда орналасып, халыққа цифрлық қызмет елді мекендердің өзінде де көрсетілуде. Мәселен, Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде 1 аудандық, 1 ауылдық балалар кітапханасы, 23 ауылдық кітапхана бар. Солардың 21-інде цифрландырылған ақпараттық орталық тұрғындарға қызмет көрсетуде. – Цифрландырылған ақпараттық орталықтар, атап айтқанда, аудандық орталық кітапханада және Ақтөбе, Бақалы, Бәйтерек, Жаңаталап, Нұрлыкент, Қосбөлтек, Талапты, Сұрым, Көлбастау, Қарасаз, Кәріқорған, Коңыртөбе, Ертай, Көлтоған, Рысбек батыр, Қошқарата, Тәттібай Дүйсебай, Көктөбе, Қарабастау, Күреңбел ауылдық кітапханаларында ауыл тұрғындарына е.gov kz порталы арқылы қызметтің 20 түрінен анықтама беріп отырады. Қазіргі таңда аудан бойынша е.gov kz қызметі арқылы жалпы 27731 анықтама берілді. Биылғы 9 айда 8916 анықтама берілген. Coworking орталықтарының жұмысы әлеуметтік желілерге тұрақты түрде жарияланады және мәліметтер енгізіліп отырады. Тек қыркүйек айының өзінде 1244 анықтама берілді. Тұрғындар да өзіне қажетті мемлекеттік қызметтерді электронды үкімет арқылы алуда өзіне өзі қызмет көрсетуді орталықтан үйреніп кетіп жатыр. Цифрландыру ісі елдің уақытын үнемдеумен қатар, сұранысына жылдам жауап алуына да үлкен көмегін тигізіп жатыр, – дейді аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Қайсар Əсілбек. Қазіргі таңда цифрлық технологиялар жаһандық экономикалық дамудың негізгі факторларының біріне айналғанына күнделікті тіршілікте куә болып келеміз. Цифрландыру мемлекеттің экономикасын, әлеуетін біршама өзгертіп, еңбек өнімділігінің өрлеуі мен өмір сапасының жақсаруына өз әсерін тигізіп, жаңаша бетбұрыс жасауда. Цифрландыру тек мемлекеттік қызмет алу мен өтініш беруде ғана емес, алыс аймақтардан жылдам хабар алып, жақын байланыс орнатуға да көп көмегін тигізіп отыр. Жаңа заманның тың технологиясы өркениетке жеткізері анық.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Жуалы ауданы