Мемлекет басшысы Digital Bridge 2023 халықаралық форумына қатысты
Мемлекет басшысы Digital Bridge 2023 халықаралық форумына қатысты
Қазақстан Президенті бұл форумның кейінгі бес жылда IT индустриясының соңғы үрдістері мен даму перспективаларын талқылауға арналған Орталық Азиядағы ең ірі алаңға айналғанын атап өтті. Биыл Digital Bridge форумына 20 мыңнан астам адам жиналды. Оның ішінде 300-ден астам IT компанияның өкілдері және 30 елден келген делегация бар. Әдеттегідей Форумға қызығушылық жоғары. Бұл Қазақстанның Еуразия кеңістігінде жетекші әрі маңызды цифрлық және қаржылық технология хабы екенін тағы да нақтылай түседі. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі шараның тақырыбы – өте өзекті.
Президенттің пікірінше, қысқа мерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет. Мемлекет басшысы форум қатысушыларына бұл бағыттағы жұмыстың негізгі басымдықтарын атап өтті.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажеттігін екінші басымдық ретінде атады. Оның айтуынша, бүгінде 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдаған.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамыту маңызды екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы озық IT-инфрақұрылым цифрлық индустриядағы келешек прогреске, атап айтқанда жасанды интеллектінің дамуына негіз қалайды деп санайды.
Қазақстан Президенті жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамытуға шақырды. Жасанды интеллектінің «қорегі», қозғаушы күші – үлкен деректер қоры.
Мемлекет басшысы Ұлттық статистика бюросын нағыз цифрлық ведомствоға айналдыратын маңызды реформаны жүзеге асыру керек екенін айтты.
Сонымен қатар 5G желісін кең көлемде енгізу инновацияның дамуына тың серпін береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін еңбек нарығының келешектегі сұранысына бейімдеу қажеттігін келесі басымдық ретінде атап өтті. Президент автоматтандыру және жасанды интеллектінің одан әрі дамуы жаһандағы еңбек нарығын түбегейлі өзгертеді деп санайды. Адам еңбегі трансформацияға ұшырап, мүлдем жаңа кәсіби дағдыларға сұраныс пайда болады. Сондықтан қызметкерлерді жаңа дағдыларға мектептен бастап баулу қажет. Мемлекет басшысы білікті ұстаз тапшылығын шешу мақсатында Үкіметке мектеп оқушылары мен студенттер үшін онлайн платформаны пилоттық режимде іске қосуды тапсырды. Сол арқылы олар бағдарлама жасауды үйренеді.
Сонымен бірге Президент инновацияның және технологиялық прогрестің ең маңызды қозғаушы күші ретінде венчурлық капитал нарығын дамыту керек екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, қазір жасанды интеллект өте қарқынды дамып жатыр. Соның арқасында инклюзивті және тұрақты дамуға арналған тың мүмкіндіктер пайда болуда. Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті қазір елімізде саяси жүйе түбегейлі жаңғыртылып жатқанын, білім мен жаңа технологияны негізге алатын экономика құру ісі басталғанын айтты.
Сонымен қатар форумның пленарлық отырысында венчурлық инвестор, Draper Fisher Jurvetson компаниясының тең құрылтайшысы, Дрейпер университетінің негізін қалаушы Тим Дрейпер, TikTok-тың бас директоры Чжоу Шоуцзы, Digital Nomads қоғамдастығының негізін қалаушы Әсет Әбдуәлиев, ICPC қорының атқарушы директоры Уильям Паучер, SpaceX компаниясының Starlink мәселелері жөніндегі вице-президенті Лорен Дрейер, «Arbuz», «Aviata», «PINEMELON USA» және «Ticketon» онлайн-сервистерінің негізін қалаушы Алексей Ли сөз сөйледі. Жиынға жазушы, продюсер, Barrat Media компаниясының директоры Джеймс Баррат модераторлық етті.
Akorda. kz