Әлеумет

Отансүйгіштік туған жерден басталады

Отансүйгіштік туған жерден басталады

Бірлік ауылында ауыл азаматтары мен ел ағаларының демеушілігімен соғылған «Көктерек саябағының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Қазақстан Республикасының Бас прокуроры, жерлесіміз Берік Асылов, Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбеков, еңбек ардагері Пермен Алдабергенов пен ауданның Құрметті азаматы, «Биназар» қорының төрағасы Сағат Алдабергенов қатысып, «Көктерек» саябағының лентасын қиды.

Осыдан кейін Берлин қаласын алу үшін болған ұрыста қалаға алғашқылардың бірі болып танкімен кірген, Көктерек ауылының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Омар Исабековтің құрметіне арналған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. «Өлі риза болмай тірі байымайды» демекші, Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерінің рухына арнап исламтанушы, дінтану магистрі, Алматы облысы, Іле ауданының бас имамы Досан Сенбеков Құран бағыштады. Салтанатты іс-шара барысында әуелі сөз алған Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Ноғайұлы жерлестерін мерекемен құттықтап, Ұлы Отан соғысының майданында ерлікпен қаза тапқан және тыл еңбеккерлерінің еңбектерін ескеру мақсатында «Көктерек» саябағының ашылуы болашақ ұрпаққа, жастардың бойындағы патриоттық сезімді арттыра түседі деген сенім білдірді. Сондай-ақ, аталған ауылдың тумасы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры Шаймұрат Отарбаев та ізгі тілегін жеткізді. Жиында сөз алған Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбеков ауданда ұлтжанды кәсіпкер азаматтардың белсенділігімен игі істер атқарылып жатқанын жеткізді. – Міне, бүгінде «Әке көрген оқ жонар» деген сөздің қадірін білетін ауыл азаматтары саябақтың ашылуына демеушілік жасап, туған елге қызмет етуде. «Туған жер» бағдарламасы – жалпыұлттық патриотизмнің негізгі өзегіне айналуын, еңбегімен елге елеулі болған азаматтарды шақыру арқылы Отанға деген қалтқысыз қызмет пен туған жерге деген шынайы сүйіспеншілікті қалыптастыруды көздесе, ол мақсат өз үдесінен шықты деп айтсақ, артық болмас, – деді Әлихан Әбіләшұлы. Ал, Ұлы Отан соғысының ардагері Омар Исабековтың ұрпағы Пермен Алдабергенов айтулы іс-шараның өтуін қолдап, демеушілік көрсеткен басшыларға алғысын айтса, ауданның Құрметті азаматы, ақын Қалибек Шайжан арнау өлеңін оқып берді. «Биназар» қорының төрағасы Сағат Алдабергенов жиналған көпшілікке ақ батасын берді. Іс-шара соңы спорттық жарыстар мен концерттік бағдарламаға ұласты.  

Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,

журналист.

Мойынқұм ауданы