Әлеумет

Әлеуметтік мәселелерді шешуге мол мүмкіндік

Әлеуметтік мәселелерді шешуге мол мүмкіндік

Әлеуметтік мәселелерді шешуге немесе жұмсартуға әлеуметтік кәсіпкерлік көмектеседі. Оның экономика құбылысы ретіндегі заманауи даму тарихы шамамен елу жылды қамтиды. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту саласында АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Израиль елдері көшбасшы саналады. Әлеуметтік кәсіпкерлердің мақсаты – әлеуметтік мәселелерді жұмсарту есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Әртүрлі факторларға байланысты экономиканың мемлекеттік те, коммерциялық та секторлары шешуге дайын емес мәселелердің шешімін табуға осы әлеуметтік кәсіпкерлік мүмкіндік береді.

Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік жақында ғана таныла бастады. Елімізде ресми деректер бойынша 95 кәсіпорын тіркелген, ресми емес деректерге қарағанда олардың саны 2 мыңнан асады. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда «Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң» күшіне енді, ол аталмыш кәсіпкерлік түрінің жекелеген мәртебесін белгіледі. Заңға сәйкес, Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлік азаматтар мен қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге жәрдемдесетін кәсіпкерлік қызмет. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар (ірі кәсіпкерлік субъектілерінен басқа, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, қоғамдық бірле стіктер, қоғамдық қорлар) енгізілген. Ұйымдарды әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызудың критерийлеріне тоқталсақ, олар – бірінші санатта заңмен қарастырылған, халықтың әлеуметтік осал топтарының 9 санатының жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Екінші санаты – халықтың әлеуметтік осал топтарының 9 санатымен өндірілген тауарлар мен қызметтердің сатылуына жәрдемдесу. Үшінші санаты – біріншіден, тыныс- тіршілігіндегі шектеулерді еңсеруге немесе орнын толтыруға мүмкіндік беру мақсатында мүгедектігі бар адамдар үшін, екіншіден, басқа азаматтармен тең мүмкіндіктер жасау мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарының 9 санаты үшін тауарларды өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету. Атап айтсақ, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық қызметтерді көрсету бойынша және медициналық техниканы өндіру мен сату, демалысты және сауықтыруды ұйымдастыру, қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыру, мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектелген топтары үшін жағдайлар жасау, әлеуметтік-тұрмыстық қызметтерді көрсету бойынша қарастырылады. Төртінші санат – қоғамға пайдалы мақсаттарға қол жеткізу қызметін жүзеге асыру. Яғни, психологиялық- педагогикалық және өзге де қызметтерді көрсету, балалардың демалысын және сауықтыруын ұйымдастыру, әлеуметтік- бағдарланған коммерциялық емес ұйымдардың жұмыскерлері мен еріктілерін (волонтерлерін) оқыту, мәдени-ағартушылық, қоршаған ортаны қорғау, жалпы білім беру- оқыту бағдарламаларын іске асыру, халықтың әлеуметтік осал топтарына геронтологиялық көмек көрсету. Халықтың әлеуметтік осал топтарына қандай санаттар жататынын атап өтсек, олар – зейнеткерлер және зейнеталды жастағы азаматтар, мүгедектігі бар балалардың ата- аналары және қамқоршылары, 29 жасқа дейінгі балалар үйлерінің түлектері, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар, толық емес, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардағы әйелдер, нашақорлықты емдеуден өткен адамдар, мүгедектігі бар адамдар, қандастар. Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау шаралары инфрақұрылымның болуын қамтамасыз ету, салықтық жеңілдіктер беру, қаржылық қолдау көрсету, кәсіби оқу және білім алуды ұйымдастыру, мемлекеттік гранттар ұсыну, акселерациялық бағдарламалар арқылы дамыту, сатуға жәрдемдесу, консультациялық қолдау көрсету, іскерлік әріптестерді іздеуге жәрдемдесу, ақпараттық қолдау көрсету арқылы жүзеге асады. Тізілімге қалай кіруге болатынына тоқталсақ, алдымен сіздің кәсіпорныңыздың тізілімге кіре алатын санатын анықтау қажет. Содан соң таңдалған санатқа сәйкес құжаттар пакетін жинап, аталған сұраққа жан- жақты ақпарат алу үшін өңірлік қабылдау комиссиясына жүгінгеніңіз жөн. Кейін әкімдіктердің жанындағы кәсіпкерлік басқармаларына құжаттар пакетімен қоса өтінішті арнайы комиссияның қарауына ұсынасыз. Өтінім беру кезінде мынадай жайттар маңызды екенін ескеріңіз. Яғни, өтінімдер бір тоқсанда бір рет қабылданады. Әрбір өңірде комиссия жұмысының басталу күндері әртүрлі жарияланады. Өтінімдерді қабылдау ДК, ЖШС немесе өзге заңды тұлғаның (қоғамдық қордың немесе қоғамдық мүгедектер бірлестігінің) тіркелу орны бойынша жүзеге асырылады. Өтінішті беру сәтінде кәсіпорынды тіркеу сәтінен бастап кемінде 1 жыл өтуі тиіс. Өтініш пен құжаттар қағаз түрінде қабылданады. Өтінім берушілер егер өтініші қабылданбаса, қайтадан комиссияның келе сі отырысына өтінім бере алады. Тізілімге кіруге өтінім беретін коммерциялық емес ұйымның Жарғысында коммерциялық қызмет жүргізу туралы тармақ болуы тиіс. Өтінім беруші бір жыл бойы коммерциялық қызметті жүзеге асыруын тиісінше құжаттармен (есептермен, анықтамалармен) растауы тиіс. Кіріс сомасы регламенттелмейді.

Ислам ТҰРСЫНБЕК,

облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бөлімінің бас маманы.