Әлеумет

Жағдайың қалай, полиция?

Жағдайың қалай, полиция?

Қоғамның тыныштығы мен құқықбұзушылықтың алдын алуды қамтамасыз етуде полицейлердің аянбай еңбек ететіні белгілі. Өйткені, елге қызмет ету – жауапты міндет. Ал, тәртіп сақшысы – қауіпсіздік қалқаны. Осы себепті, құқық қорғау қызметкерлерінің Ішкі істер органдарының имиджіне сай дайын болуы әрдайым басты назарда болуы тиіс.

Бірер күн бұрын өңірлік полиция департаментінің тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құзырлы мекеменің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жаңартылғанына көз жеткізді. Аталған департамент бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин ең әуелі салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде полиция бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатқанын атап өтті. Арманбек Хакимбекұлының айтуынша, кейінгі 3 жылда жергілікті бюджеттен полиция департаментіне 45 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Ал, биыл қаралған қаржының көлемі 16 миллиард теңгені құрайды. Аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы мұндағы жедел басқару орталығына да арнайы барып, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстарды жедел іздестіру және келіп түскен өтініштерге тез арада жауап беру үшін қолданылатын заманауи жабдықтармен танысты. Орталықтың бастығы Әсем Мұхамеджанованың сөзінше, қазіргі таңда жедел басқару орталығы мен полиция бөлімшелерінің кезекшілік пункттерінде 8658 бейнекамера орнатылған. Бұдан бөлек, осы жылы аналитикалық функциялармен жабдықталған қосымша 300 бейнекамера іске қосылған. Сондай-ақ, азаматтардың телефон хабарламаларын қабылдау қызметі де бар. Есепті кезеңде орталықтың диспетчерлік 102 жедел желісіне барлығы 100121 қоңырау түссе, жедел басқару орталығының тиімді жұмысының нәтижесінде 129 қылмыс қиындықсыз ашылған. Мұнымен қоса, облыс әкімі «Арқан», «Автоураган», «АвтоСканНар» жылжымалы кешендерінің жұмысының тиімділігін де назарға алды. Жалпы, қазіргі таңда облыс аумағында 30 жылжымалы кешен жұмыс істейді. Бүгінгі күнге дейін олардың көмегімен 94123 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 1 миллиард 247 миллион 411 мың теңге айыппұл салынған. Бұл күні аймақ басшысына құрастырылған JAC iEV4S электромобилі таныстырылды. Бұған қоса, Қордай мен Сортөбе ауылдарындағы аудандық ішкі істер бөлімі ғимараттарының құрылыс жұмыстарының барысы баяндалды. Осы орайда Ербол Шырақпайұлы облыста инвестициялық жобалар аясында электромобильдерге арналған қуаттау бекеттері салынатынына кеңінен тоқталды. Соңында Ербол Қарашөкеев полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылын күшейтудің маңыздылығына назар аударды.  

Есен ӨТЕУЛІ