Экономика

Өндірісі өрге, тірлігі төрге озған өңір

Өндірісі өрге, тірлігі төрге озған өңір

4Бақытжан Нұркенов, Шу ауданының әкімі.

Қазақ хандығының іргесі қаланып, толқынды тарихтың жаңа тарауына негіз болған Шу өңірі уақыттың керуені ілгерілеген сайын көшін түзеп, еңсесін тіктеуде. Тоғыз жолдың торабындағы өңір топырағында қайнаған тіршілік бір мезетке де тыным көрмей, халықты тек бақуатты болашаққа бастап келеді. «Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» дейді қазақ нақылы. Расында, кез-келген ұлы өркениет тек ұлы еңбектің жемісі. Бұл қадау қағида Шу ауданының барлық саладағы серпінді дамуының қозғаушы күші, жетістіктерінің қайнар көзі.

6Ауданның жыл сайынғы экономикалық даму деңгейіне көз жүгіртсек, аграрлық және өндірістік бағыттағы көрсеткіштері көкке өрлеп келеді. Бұл әрине, жалқының емес, жалпының еткен еңбегінің жемісі. Әлеуметтік жүйені жетілдіру бойынша белгіленген жоспарлар жүзеге асып, оң нәтижеге жұмыс істеуде. Мемлекет үшін маңызды шешімдер қабылданып, жаңа бағыт-бағдарлардың айқындалуымен ерекшеленген биылғы жыл Шу ауданы үшін табысты аяқталды. Өңір тарихында 2014 жыл әсіресе өнеркәсіп саласы үшін прогрессивті кезең ретінде есте сақталмақ. Мәселен, химиялық өнім кластерінің пайызын еселей түсетін «Бірлескен химиялық паркі» инвестициялық алып жобасының инфрақұрылым құрылыстары биылдан басталды. 505 гектар жерді алып жатқан «Тараз химия паркі» арнайы экономикалық аймағындағы бұл бастамаларға бірнеше мердігер компаниялар қатысуда. 5,8 шақырым автожол, 6,4 шақырым темір жол, су құбырларын, 9,7 шақырым электр құбырларын, электр жүйесін тарту, ішкі инфрақұрылым нысандарының құрылыc жұмыстарын «КАТЭК», «Каз Hi Tech Euro Building», «ISS Engineering», «Өркен», «Газ-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүзеге асырмақ. Қазіргі уақытта инфрақұрылым құрылысы бойынша игерілген қаржы көлемі 3 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл жұмыс көлемі алдағы уақытта да артып, өзінің нәтижесін берері сөзсіз. Аудан көлемінде бүгінгі күнге өндірілген жалпы өнім көлемі 50,4 миллиард теңгеге жетіп отыр. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 13,4 миллиард теңгеге артық. Табыс тайқазанын толтыруда салмағы басым ауылшаруашылығы саласы облыс бойынша алдыңғы қатардың құрамына кіреді. Аграрлық секторда жаңа технологиялар мен әдістерді қолдану, мал өсіру мен ірілендіру мәселелерінде шулық шаруалардың белсенділігі артып жатқанын айқын аңғарамыз. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі тарапынан мемлекеттік бағдарламалар, техника мен инфрақұрылым, тағысын тағы қолдаулар турасында халықты ақпараттандыру жұмыстары нәтижелі жүргізілуде. Жыл басынан бері бұл салада 21 миллиард 230,4 миллион теңгенің өнімі шығарылып, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5,7 миллиард теңгеге артып отыр. Бұл да көңілге медет көрсеткіш. Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау үшін егінге 231,2 миллион теңге, мал шаруашылығына 23,9 миллион теңге субсидия берілді. Биыл ауданда өткен «Егінжай-2014» семинар-кеңесінде егінге енгізілген жаңа технологиялардың жетістіктері көпшілікке паш етілген болатын. 270 гектарға тамшылатып суғару әдісін қосқан Ескі-Шу ауылдық округіндегі «Бектібай-1» шаруа қожалығының 240 гектар алқабына «manas f 1» сұрыпты пияз отырғызылып, жаңа технология күткен нәтижені ақтады. Бұдан бөлек, ауданда бұл технологияны Бірлікүстем ауылдық округінде «Агровест» шаруа қожалығы 5 гектарға, Алға ауылдық округінде «Муслим» шаруа қожалығы 5 гектар егістік жерге қолданды. «АгроҚордай»ЖШС өткен жылы 120 гектар егістік жерге көпжылдық шөп егіп, тәулігіне 12 гектар алқапты суаратын итальяндық үш барабанды иригациялық жаңбырлатып суару жүйесін қолдануды бастаған. Биыл қосымша 105 гектар жерге жүгері егіліп, америкалық «Valld» компаниясының жаңбырлатып суғару тәсілі енгізілді. Қараша айының басынан негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 17,3 миллиард теңгеге жетті. 2014 жылдың он айында құрылыс жұмыстарының көлемі 5,1 миллиард теңгеге жетіп, 2013 жылдың он айымен салыстырғанда 83,7 пайызды құрады. Сметалық құны 339 940 990 теңге болатын Бірлік ауылының, құны 538522790 теңгені құрайтын Далақайнар ауылының ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары, Бәйдібек ауылындағы сметалық құны 478,5 миллион теңге, 150 орындық жаңа мектеп және Еңбекші ауылындағы мектеп ғимаратына қосымша 5 сынып бөлмелерін қосу құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Алға ауылдық округіндегі 150 орындық мектеп құрылысына биылғы жылға бөлінген 289,9 миллион теңгенің бүгінге 269 миллион теңгесі игеріліп, қалған қаражат көктемге жоспарланған абаттандыру жұмыстарына қалып отыр. Ауданда бұдан бөлек 2 мектептің құрылысы сәтті аяқталып, бүгінде білім беру жұмысы басталып кетті. Мәселен, республикалық бюджеттен 295 миллион теңге, облыстық бюджеттен 58 миллион теңге қарастырылып, толығымен игерілген Бірлік ауылындағы 600 орындық мектеп және облыс қаражатынан150 миллион теңге бөлінген Бөлтірік ауылындағы 150 орындық мектеп қолданысқа берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар өзінің жүйесі бойынша уақытында атқарылып жатыр. Дамыған мемлекеттің негізгі көрінісі оның жолдарынан бастау алмақ. Сондықтан, кезек күттірмейтін бұл мәселе біртіндеп шешімін табуда. «Автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша ауданға биыл облыстық бюджеттен 186,8 миллион теңге, аудандық бюджеттен 116,5 миллион теңге бөлініп, жалпы 267,3 миллион теңге игерілді. Білім беру жүйесін жетілдіру үшін алдымен оған жағдай жасау қажет. Бұл ретте ескі мектеп ғимараттарын заманауи үлгідегі, материалдық базасы мінсіз нысандармен алмастыру қолға алыну үстінде. Ол жұмыстың да нәтижелі екені аңғарылып отыр. Бүгінде ауданда бас-аяғы 47 мектеп бар, оның 6-уы бастауыш, 3-еуі негізгі, 38-і орта. Олардың 27 типтік, 20-сы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Шу ауданы әкімдігі білім бөлімінің 2014 жылға бекітілген қаржы көлемі – 4777325,0 мың теңге, 11 айға орындалғаны – 4767295,0 мың теңге немесе 99,8 пайыз. Ал, мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету үшін нақтыланғаны-390626,0 мың теңге, игерілгені 390626,0 мың теңге. Бүгінгі күнде Шу қаласында 280 орындық «Мөлдір» балабақшасы, Төле би ауылында 280 орындық «Айналайын» балабақшасы, Жаңажол ауылында 100 орындық «Бәйшешек» балабақшасы, Бәйдібек ауылы М.Маметова орта мектеп жанынан 25 орындық шағын орталық ашылып, 38 мектепке дейінгі ұйымда (23 балабақша, 17 шағын орталықта) 3376 бала (балабақшаларда -2707, шағын орталықтарда – 669 бала) тәрбиеленуде. 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 42 пайыз, 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту 64 пайызды құрайды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол- болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мектепке дейінгі мекемелердегі орын жетіспеушіліктер проблемасын алдағы үш жылда шешу туралы тапсырмасын орындау мақсатында іс-шара жоспары құрылып, жұмыстар жүргізілуде. Алла қаласа ол жұмыстарды да нәтижелі атқаратындығымызға сенімдіміз. Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға келсек, 11 айдың ішінде республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 299,6 миллион теңге игерілді. Ұлт саулығы үшін ана мен бала денсаулығына аса қамқорлықпен қарау керек. 11 ай ішінде ауданымызда 1723 сәби өмірге келді. Туу көрсеткіші осылайша 5,5 пайызға артып отыр. Ауданда 49 мәдени ошақ халыққа қызмет етуде, оның 21–і мәдениет үйлері мен клубтар, 27-сі кітапхана, 1-еуі аудандық мұражай. Мәдени нысандарды күтіп ұстау үшін биыл 395 миллион 212 мың теңге қаржы көзі қарастырылды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында облыстық және республикалық бюджеттен 45144,0 мың теңге бөлініп, Сауытбек ауылдық клубына 8 миллион 810 мың 769 теңгеге, Бірлік ауылдық клубына 21 миллион 828 мың 745 теңгеге, Көкқайнар ауылдық мәдениет үйіне 14 миллион 167 мың 400 теңгеге ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы Абай, Шоқпар, Қонаев ауылдық клубтарының құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжатын жасатуға жергілікті бюджеттен 35000,0 мың теңге бөлініп, бүгінгі күнде ғимараттардың құрылысы бойынша ЖСҚ-н жасату жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Республикалық бюджеттен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізуге Шу қаласынан 1 гектар жер телімі бөлініп, №30 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің теңгеріміне берілді. Аудан орталығында 1 спорт алаңы бой көтерді. Ақсу селолық округінде 1 миллион 5 мың теңгеге салынған футбол алаңы пайдалануға берілді. Бірлікүстем ауылдық округінде 1 миллион 172 мың теңгеге, Жаңажол ауылдық округінде 1 миллион 561 мың теңгеге футбол алаңдары салынуда. Белбасар ауылындағы Х.Сауранбаев әулетінің демеушілік көмегімен ағымдағы жылы стандартқа сәйкес жасанды жамылғылы футбол алаңы тұрғындардың пайдалануына берілді. Аудан тұрғындары арасында спортпен шұғылданушылардың санын арттыру үшін 10 спорт федерациясы құрылған. Қазіргі уақытта 5 спорттық федерация тұрақты түрде жұмыс атқаруда. 2014 жылдың желтоқсан айына дейін аудан көлемінде барлығы 63 спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Шу ауданы шағын кәсіпкерлік нысандарының көптігімен ерекшеленеді. Жалпы, шағын, орта және жеке кәсіпкерлік бойынша тауарларды, қызметтерді өткізу көлемі 9 миллиард 697 миллион теңгеге жеткен. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мақсатында жеке шаруа қожалықтарға «Шу несие серіктестігі» ЖШС тарапынан жыл басынан бері 103,5 миллион теңге, «Шағын несие»ҮЕҰ тарапынан 114,8 миллион теңге, «Микрокредиттік ұйым» ЖШС-ның Шу бөлімшесінен 908,1миллион теңге несие берілді. Күні бүгінге дейінгі жиналған салықтар мен басқа төлемдер 5 миллиард 468 миллион теңгені құрайды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының 1-бағыты бойынша биыл 7 нысанға жүргізілген күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 33 адам жұмысқа орналастырылды. 2-бағыт бойынша 70 азамат кәсіпкерлік негіздерін меңгеру үшін 1 айлық курста оқытылды. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 2,9 миллион теңге игерілді. 20 азамат «Даму» бағдарламасы бойынша тегін курстан өтті. 67 азаматқа жалпы 130 миллион теңге микрокредит берілді. Жыл басынан бері 5 шаруашылықтың инженерлік инфрақұрылымына 11 миллион теңге бөлінсе, оның игерілгені 9,8 миллион теңгені құрайды. Шу өңірінде атқарылып жатқан берекелі тірлік алдағы жылы да өз жалғасын жемісті табатынына сенім мол. Түгін тартсаң майы шығатын жері құнарлы өңірдің халқы да еңбекқор. Ал, елі еңбекқор өңірдің тұрмысы да дами түсетіні анық.