Жамбыл облысында спорт саласын дамыту бойынша Жол картасы әзірленетін болады
Жамбыл облысында спорт саласын дамыту бойынша Жол картасы әзірленетін болады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің спорт ардагерлерімен кездесуінде балалар мен жастарды спорт секцияларына тарту, спорт нысандарын салу, кәсіби клубтарды дамыту мәселелері талқыланды. Кездесуге спорт шеберлері мен самбо, бокс, еркін күрес, дзюдо, қазақ күресі бойынша еңбек сіңірген жаттықтырушылар қатысты. - Қасиетті Әулиеата жері — көптеген ұлы спортшылардың мекені. Жамбылдықтар халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап келеді. Біз олардың жетістіктерін мақтан тұтамыз, - деді облыс әкімі. Аймақ басшысы кездесу барысында өңірде кадр резерві құрылатынын хабарлады. Үміткерлер болашақта спорт мекемелерінің басшылары бола алады. Сондай-ақ, басшылардың бос лауазымдарына орналасуға арналған конкурстар әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсетіледі. Өңір басшысы ардагерлермен үміткерлерді іріктеу жөніндегі комиссияның жұмысына белсенді қатысуға шақырды. Ардагерлер кешенді спорт мектебін салу, ауылдық жерлерде тұратын спортшыларды қолдау, футболды дамыту, алдағы 2024 жылғы болатын Олимпиадаға дайындық, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру мәселелерін көтерді. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша барлық айтылған мәселелер спорт саласын дамыту жөніндегі Жол картасына енгізілетін болады.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызмғті