Әлеумет

Сапалы интернет – қолжетімді ақпарат

Сапалы интернет – қолжетімді ақпарат

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы бекітілді.

Ұлттық жобаларды жүзеге асыру және барлық көрсеткіштерге қол жеткізу шеңберінде облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына 12 көрсеткіш енді. Өткен жылдың нәтижесі бойынша 12 көрсеткіштің 11-і орындалды. Цифрланған жер деректерінің үлесі бойынша көрсеткіші орындалмады. Көрсеткішке қол жеткізу үшін шаруа қожалықтар жеке цифрлық қолтаңбаларын пайдалана отырып «Qoldau» ақпараттық жүйесіне кіріп, жерлерінің мемлекеттік актісін тіркеу қажет. Сол кезде ғана облыстағы цифрландырылған жер үлесі артады. Биылдан бастап аталған ақпараттық жүйенің орнына «Gosagro.kz» ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл жүйеде цифрландырылған жердің деректері қарастырылмаған. Сондықтан цифрландырылған жер пайызының төмен болуына байланысты жер деректерінің үлесін пысықтау мүмкін болмай отыр. Яғни, орындалмау қаупі бар. Ұлттық жоба бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі көрсеткіштерінің өңірлер бөлінісіне сәйкес, өткен жылы облыста 38 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Ал осы жылы цифрландыру саласында 50 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жоба аясында электрондық еңбек биржасы арқылы 51 адам жұмысқа орналастырылды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің стандартына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін білім беру, денсаулық сақтау, көлік және логистика, жол инфрақұрылымы, қауіпсіздік, туризм, мәдениет және спорт, ТҮКШ саласы, экология, қаланы басқару салаларында 25 жобаны іске асыру қажет болатын. Бүгінгі таңда Тараз қаласында 9 жоба іске асырылды. Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты, облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасымен және «Astana Hub» халықаралық технопаркімен бірлесіп, IT хабты іске асыру жөніндегі міндеттерді қамтитын ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды. Биыл ақпан айында институт аумағында «ZhambylHub» құрылды. «ZhambylHub» өңірлік IT-хабының басты міндеті – перспективалы стартап жобаларды қолдау болып табылады. «Astana Hub»-пен тығыз ынтымақтастықтың арқасында «инкубация» және «акселерация» бағдарламалары арқылы жобаларды бизнес-инкубациялау, сондай-ақ оларды «Astana Hub» аумағында одан әрі сүйемелдеу мүмкіндігі пайда болды. Бүгінде институт және облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы «ZhambylHub» өңірлік IT хабының базасында облыстың IT қауымдастығын құру мүмкіндігін қарастыруда. Сонымен қатар, өткен жылдың қазан айында аталған институт және «QazInnovations» АҚ арасында меморандум жасалып, институт базасында облыс тұрғындары үшін цифрлық сауаттылықты арттыру курстарынан өтуге болатын ІТ академиясы құрылған. Биыл 24-25 ақпан аралығында институт, басқарма және «AVR Group» компаниясымен бірлесіп мектеп оқушылары, колледждер және жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуымен бірінші өңірлік «ITII HACKATHON-2023» іс-шарасын өткізді. Цифрлық технологиялар басқармасы, «Zhambyl Hub» және Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының өкілдерімен бірлесіп Тараз қаласында «Google developer» фестивалін өткізуді жоспарлап отыр. Іс-шараға 500-ден астам адамды тарту, сондай-ақ, «Google» компаниясы халықаралық сарапшыларының қатысуы жоспарлануда. Институттағы білім беру жүйесінде ІТ кластер құру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Институт басқармамен және облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен үшжақты ынтымақтастық меморандум жасап, цифрландыру жұмыстары бойынша жоспарын белгіледі. Меморандум шеңберінде қатынастарды одан ары дамыту мақсатында биыл институт базасында өңірлік ІТHub құру мүмкіндігі қарастырылып, жүзеге асты. Өткен жылы института IT Академия ашылды. IT Академияның мақсаты – ХІ ғасырдың дағдылары мен құзыреттіліктерін және білім алушылардың ақпаратпен жұмыс істей білу дағдыларын, технологиялық дағдыларды қалыптастыру. IT Академиясында білім алушылардың жасы 10 жастан 50 жасқа дейін. Мұнда 50 адам білім алып, 20 адам «Cisco» және «Huawei» компанияларының сертификат иегері атанған. Әлемнің үздік компаниялары – HUAWEI Академиясы, CISCO Академиясы ақпараттық- коммуникациялық технологиялар бағытында жоғары сапалы мамандарды дайындаудың заманауи платформасы.

Өңірлік геоақпараттық жүйе

Өңірлік геоақпараттық жүйесінің дайындығы 100 пайызды құрайды. Жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға сай барлық базалық ГИС- қабаттар енгізілді, яғни тұрғындар үшін геопорталдың ашық картасына 160 және қызмет бабында пайдалану үшін геопорталдың электрондық кезекші картасына 367 картографиялық деректер әзірленді. Еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетімен Геопортал ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынау нәтижелері бойынша тыңдаудан өтті. Нәтижесі бойынша оң қорытындылы сынақ актісі алынып, өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Ақпараттық жүйелермен және мемлекеттік деректер қорымен интеграция жұмыстары жүргізілуде. Сәулет және қала құрылысы саласына қатысты 6 мемлекеттік қызмет және жер қатынастары саласы бойынша 7 мемлекеттік қызмет, жалпы 13 мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, енгізілді. Сонымен қатар, басқарма тарапынан былтыр Геопорталға деректерді енгізу және мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша мемлекеттік мекемелердің жауапты қызметкерлеріне оқыту жүргізіліп, тізімі бекітілген. Ауылдық окургтерде және Тараз қаласында орналасқан цифрлық ақпараттық орталықтарына Геопортал енгізу бойынша орталық қызметкерлеріне оқыту-семинары ұйымдастырылып, жүргізілді.

«Әулиеата жастары» және онлайн сервис

Өңір жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасына арналған модуль әзірленіп, бағдарламаға қатысу мақсатында халық өтінімдерді Геопортал арқылы жіберген. Жастарға ең жоғары сомасы 13 миллион теңгеге дейін беріледі. Пайыздық мөлшерлеме – 5 пайыз, бастапқы жарна – 5 пайыз. Несие беру мерзімі – 19 жылға дейін. Өткен жылы бағдарламаның 3 кезеңі өткізіліп, барлығы 737 өтінім қабылданды. 93 қатысушыға «Отбасы Банкке» жолдама берілді. Бүгінгі күнге 41 қатысушының өтінімі мақұлданып, баспаналы болды. Осы жылдың 10-20 шілдесі аралығында өтінім қабылдауының бірінші кезеңіне берілетін жоғары сомасы 15 миллион теңгеге дейін өзгертіліп, 405 өтінім түсті. Комиссия шешімімен 121 өтінім бойынша жолдама беріліп, 284 өтінім бойынша талапқа сай келмеуіне байланысты бас тартылды. Сонымен қатар, биыл 14-27 тамыз арылығында қосымша өтінімдер қабылданып, нәтижесінде 94 өтінім беріліп, комиссия қарауына ұсынылды. Геопортал қолданушылары сайлау учаскесін ЖСН арқылы анықтаудың онлайн-сервисі іске асырылды. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы шеңберінде ТМС халыққа және бизнеске ұсынатын цифрлық қызметтерді енгізу, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» модулін енгізу арқылы геопортал алаңындағы бірінші кезеңінде, Тараз қаласы бойынша 15 қызметті автоматтандыру жоспарлануда. Жоғарыда көрсетілген жобаны іске асыру мақсатында 50 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Тараз қаласының табиғи монополиялар субъектілерімен талқылау жұмыстары жүргізіліп, бірінші кезеңде автоматтандырылатын қызметтердің тізімі анықталды. 2024 жылдың аяғына дейін автоматтандырылған қызметтердің санын 50-ге дейін, 2025 жылы 100 және 2026 жылы қызметтер санын 150-ге дейін жеткізу жоспарлануда. Елді мекендердің байланыспен қамтылуы туралы айтар болсақ, бүгінгі таңда 367 елді мекеннің 66-сы – 2G, 107-сі – 3G төмен жылдамдықты мобильді интернетімен, 194 елді мекен – жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Биыл «Кар-Тел» серіктестігі 23 елді мекенде 4G мобильді байланысының сапасын жақсартуды жоспарлап, 10 елді мекенде жұмыстарды аяқтады. Сонымен қатар, «Кcell» АҚ-ы 53 елді мекенде 3G/4G мобильді байланысының сапасын жақсарту үшін 16 елді мекенде жұмыстарды толық аяқтады. «Мобайл Телеком Сервис» серіктестігі 22 елді мекенде 3G-ден 4G-ге ауыстыруды жоспарлап, 9 елді мекенде жұмыстарды аяқтады. Бүгінде 4G мобильді байланысымен 194 елді мекен, 3G мобильді байланысымен 107 елді мекен және 2G мобильді байланысымен 66 елді мекен қамтылды. Жыл басынан бері мобильді байланыс сапасына тексеру жұмыстары жүргізіліп, Өңіраралық байланыс инпекциясы тарапынан мобильді операторларға 51 миллион 750 мың теңге айыппұл салынды. «Востоктелеком» серіктестігі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі 637-бабының 9-тармағына сәйкес, материалды қарау үшін Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды. Қазіргі таңда талшықты оптикалық байланыс желісімен 371 елді мекеннің 192-сі қамтамасыз етілген, қалған 179 елді мекен қамтылмаған. Байланыс сапасын жақсарту және елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімімен және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде «2023-2027 жылдары Жамбыл облысының елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі» жол картасы бекітілді. Аталған жол картаға сәйкес, 2025- 2027 жылдары 165 елді мекенде мобильді интернет желісінің сапасын 4G-ге арттыру, 28 елді мекенде жергілікті атқарушы орган тарапынан электр желілері мен антенна-діңгек құрылысымен қамтамасыз етілген жағдайда мобильді байланыс сапасын жақсарту, 155 елді мекенді талшықты- оптикалық байланыс желісімен және республикалық, облыстық маңыздағы жолдарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделген. Облыста жалпы 446 мектеп бар болса, интернет жылдамдығы 10 мбиттен төмен 165 мектеп анықталды. Ол жұмыстарға облыс бюджетінен 61 миллион теңге қаражат қаралып, бүгінге 154 мектептің интернет жылдамдығы 20-150 мбит/с аралығында көтерілді. Ал, қалған 11 мектеп бойынша байланыс операторлары тарапынан техникалық зерделеу жұмыстары жүргізілуде. «Көне Тараз» этномәдени кешенінің аумағын, Арбат және Т.Рысқұлов атындағы саябақты «Freedom Telecom» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі есебінен Wi-Fi интернет желісімен және бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында, елордамыз Астана қаласының БДҚ IKOMEK тәжірибесі бойынша 2019 жылдан бастап Тараз қаласы бойынша «Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметі құрылып, облыс әкімінің бұйрығына сәйкес, «Jambyl 109» қызметінің аймағын облыс бойынша кеңейту жол картасы әзірленіп, қызметтің регламентіне жаңа қызмет түрлерін енгізу жоспарланды. «Jambyl 109» қызметінің мәні мен мақсаты – «109» қысқа нөміріне қоңырау шалу арқылы облыс тұрғындары мен қонақтарының тұрмыстық сипаттағы жергілікті коммуналдық қызметтер мәселелері бойынша түрлі байланыс құралдары арқылы өтініштерін қабылдау, өңдеу, облыстық мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып өтініштердің орындалуын жүзеге асыру. Қазіргі таңда «AIKEY» жүйесіне қосымша мәртебелер енгізіліп, жауапты мекемелердің өтініштері бойынша жасалған жұмыстарын көрсете білулеріне ыңғайландырылды. Облыс бойынша «AIKEY» жүйесінің басқару панеліне жауапты мекемелер туралы ақпараттар енгізіліп, жауапты мамандар тағайындалды. Панель қызметіне қосымша мәртебелер енгізіліп, пысықталды. Өз кезегінде атқарылған тиімді жұмыстардың оң нәтижесінде «Jambyl 109» қызметі облыстың кез келген нүктесінен өтініштерді қабылдауға қол жеткізді. Бірыңғай диспетчерлік қызметі сумен жабдықтау, қоғамдық даму, жол инфрақұрылымы, қаланы электр қуатымен жабдықтау, құдықтар мен люктер, өндірістік жұмыстардан кейін қалпына келтіру жұмыстары, аула аумағын абаттандыру, қоғамдық көлік, көшені жарықтандыру және білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын-үй жөндеу жұмыстары, аудан тұрғындарының тұрмыс тіршілігін қамтамасыз ету бойынша барлық сала түрлері жіктеліп жүйеге енгізілген. Мекеме құрылған сәттен бастап барлығы 237 374 өтініш қабылданған. Биыл 4 қыркүйекке дейін 43 450 өтініш түсіп, күніне 250-280 қоңырау қабылдауда. «Jambyl 109» қызметі құрылған сәттен бастап 69 мекемемен жұмыс жасаған, атап айтсақ, 16 қалалық мемлекеттік мекеме, 23 ведомствалық және мердігерлік ұйымдар, 30 облыстық және республикалық мемлекеттік мекеме, КСК, лифт шаруашылығы. Тұрғындар мен қонақтарға 1000-нан аса күнделікті тіршілікті қамтамасыз ету қызметі бойынша жұмыстар атқарған. 2020 жылдың ІІ жартыжылдығымен 2021 жылы облыс бойынша жұмыс аймағын кеңейту жұмыстарынан соң 300 мекемемен етене жұмыс атқаруда. 150 қалалық және аудандық мелекеттік мекеме, 70 ведомствалық және мердігерлік ұйым, 36 облыстық және республикалық мемлекеттік мекеме, 44 ПКСК, лифт шаруашылығы жұмылдырылған. Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас, Шу аудандарының әкім аппараты мен бөлімдері жүйеге қосылып, 4500-ден аса жаңа қызмет түрі енгізілді. 2022-2023 жылдары 320 мекемемен етене жұмыс атқаруда, 150 қалалық және аудандық мемлекеттік мекеме, 90 ведомствалық және мердігерлік ұйым, 36 облыстық және республикалық мемлекеттік мекеме, 44 ПКСК, лифт шаруашылығы жұмылдырған. Жамбыл облысының қала мен аудандық бөлімдері мен коммуналдық қызмет түрін ұсынатын мекемелер пысықталып, жүйеге қосылды. «Jambуl 109» қызметі мен «Damumed» интеграцияланған медициналық ақпарат жүйесімен интеграциялық жұмыстар жүргізіліп, облыс тұрғындары 109 қызметі арқылы «Отбасылық дәрігерге» жазылу мүмкіндігіне ие болды. Жүйеде 5600-ден аса қызмет түрі ұсынылуда. Өтініштердің орындалу барысы бойынша сурет, бейнежазба тіркемелер міндеттеліп, тұрғындарға жасалып жатқан жұмыс сапасын көрсету мақсатында дейін/кейін айдары жасалды. Әлеуметтік желілер мен интернет платформалары, WhatsApp, Instagram, Facebook, Тelegram чат-боты, «AIKEY» мобильді қосымшасы арқылы түскен өтініштер саны артты. Алайда, тұрғындарға 109 қысқа нөмірін теру арқылы өз өтініштері мен сауалдарын ұсыну алдыңғы орында.  

Руслан НОҚРАБЕКОВ,

облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы.