Әлеумет

Қайырымдылық іс-шараларынан тыс қалмаймыз

Қайырымдылық іс-шараларынан тыс қалмаймыз

Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі. Сол институттардың ішінде «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» өзіне міндеттелген жұмысты талапқа сай атқарып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында денсаулық саласын жақсартуға, еңбек адамдарының мүддесін арттыруға басымдық берілген. Бір атап өтерлігі, соңғы жылдары Президент тапсырмасы аясында денсаулық саласы қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын көтерілуде. Сонымен қатар, жаңа денсаулық сақтау ғимараттары көптеп бой көтеріп, медицина саласына халықтың қолжетімділігі арта түсті. Өздеріңіз жақсы білесіздер, пандемия кезеңі азаматтарымыздың денсаулығы, білімі, рухани және дене тәрбиесі қазіргі заманғы дамыған ұлттық негізі екенін айқын көрсетті. Сондықтан бұл сұрақтарға Жолдауда ерекше көңіл бөлінген. Ол артта қалған кезең біздің еліміз үшін ғана емес, барлық әлем үшін ауыр жылдар болды. Қаншама адамның өмірін қиған, әлемді жайлаған аты жаман індет ел экономикасына кері әсерін тигізбей қоймады. Пандемия барлық елдерге дерлік үлкен сынақ болды. Ғасыр дертіне айналған бұл індет өмір құндылықтарын, соның ішінде денсаулықты бағалауды ұғындырды. Денсаулық – зор байлық. Бұл салаға қатысты «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының құрамына 38 бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді. Филиалға мүше адам саны 21 мың. Жалпы, кәсіподақ тарапынан бүгінге дейін көп жұмыс атқарылды. Атап айтар болсақ, биыл кәсіподақ мүшелерін емдеу шараларына қатыстыру үшін 263 жолдама берілді. Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерінің 101 баласы сауықтыру лагерінде демалды. Мәдени көпшілік және спорттық іс-шаралар да өз деңгейінде ұйымдастырылды. Одан бірде-бір сала қызметкері тыс қалмады. Сонымен қатар, сала қызметкерлері қоғамдық жұмыстарға да белсене араласуда. Мәселен, биыл Астана қаласында «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің II съезі өтіп, оған облыстық филиалдан 22 делегат қатысып қайтты. Сол съез барысында «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалына қарасты Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Елена Ли «Senim үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұдан бөлек, жыл сайын 1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында, дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өткізіліп келеді. Бұл қайырымдылық акцияның мақсаты – аз қамтылған көпбалалы отбасылардың балаларына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық көмек көрсету болып табылады. Біздің филиал облыстың бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе отырып осы акцияға белсене қатысып, аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасынан шыққан 1014 балаға 11 миллион 256 мың теңге көлемінде қаржылай көмек пен әлеуметтік қолдау көрсетті. Осының барлығы да сала қызметкерлерінің бірлігі мен ынтымағының арқасында орындалуда.  

Гүлмайра МОМБЕКОВА,

«Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ облыстық филиалының төрайымы.