Әлеумет

Бірлесіп атқарған жұмыста береке болады

Бірлесіп атқарған жұмыста береке болады

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті жетінші сессиясына әкім орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен департамент, басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері мен қалалық, аудандық мәслихаттар төрағалары қатысып, жиынды облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев жүргізіп отырды.

Сессияда әуелі облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады. – Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасып отыр. Облыстың жалпы өңірлік өнімі 549 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 101,4 пайыз деңгейінде қалыптасты. Экономикалық өсім 4,8 пайызды құрады. Өткен 8 айда өнеркәсіп өнімінің өндірісі 6,7 пайызға, құрылыс – 24,8, тұрғын үй – 1,2, инвестиция – 8, сауда – 2, байланыс 8,2 пайызға артып, ауыл шаруашылығы – 3 пайызға, көлік қызметі 0,7 пайызға төмендеді. Тұтыну бағаларының индексі 106,3 пайызды құрады, оның ішінде азық-түлік тауарларына – 105,9 пайыз. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз болды. Өнеркәсіп саласында 574,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, оң динамика жалғасуда. Саладағы өсімге кен өндіру өнеркәсібі өнімінің көлемі 14, өңдеу 7,6 пайызға артуы ықпал етті. Мемлекет басшысының алға қойған басты міндеттерінің бірі – өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестиция тарту. Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібі өнімінің өсімін 628,9 миллиард теңгеге жеткізе отырып, өсімді 1,4 пайызға арттыру, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында шағын бизнесті дамыту бойынша әріптестік бағдарламаны жүзеге асыру жоспарлануда. Өңірге 268,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 8 пайызды құрады. Жалпы, биыл өңірге 572,2 миллиард теңге инвестиция тарту көзделуде. Жыл басынан бері 39,2 миллиард теңгеге 7 жоба іске асырылып, 210 жұмыс орны құрылса, 2026 жылға дейін 1,9 триллион теңгеге 4,1 мың жұмыс орнын құрып, ірі 60 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Шағын және орта кәсіпкерлердің саны 1,3 есеге артып, 157,1 мың адам жұмыспен қамтылды. Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемі 3 пайызға қысқарды. Бұл өсімдік шаруашылығы өнімінің 10 пайызға төмендеуі есебінен орын алды. Мал шаруашылығы 2,7 пайызға өсіп, 887,2 тонна ет экспортталды. Егістік алқабы 6,5 мың гектарға ұлғайып, 762,5 мың гектарға жетті, оның 182 мыңы – суармалы жерлер. Орын алған төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен 392 шаруашылықтың егін егу шығындарын өтеуге Үкімет резервінен 3,7 миллиард теңге қаржы бөлінді, – деген облыс әкімі өңірде «Ауыл аманаты» жобасы өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетіп отырғанын, жыл басынан бері 389,9 мың шаршыметр тұрғын үй пайдалануға берілгенін, 297 елді мекен ауыз сумен қамтылғанын, табиғи газға 371 елді мекеннің 274-і қосылғанын атап өтті. Облыста жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 50 мың жұмыс орны құрылған, оның 36 мыңы тұрақты. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құруға» қатысты берген тапсырмасына сәйкес, биыл 14 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Облыста білім саласына 314,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Жыл басынан бері 25 білім нысанының құрылысы жүргізілуде, 4,5 миллиард теңгеге 17 нысан күрделі жөндеуден өтуде. Бүгінге 13 мектептің 2-еуі пайдалануға беріліп, 9 білім нысаны күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, 2,6 миллиард теңгеге мектептер жаңғыртылды. Денсаулық сақтау саласында 21 нысанның құрылысы, оның 10-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында жүргізілуде. 11 нысан күрделі жөндеуден өткізілуде. Биыл дене шынықтыру және спорт саласына жергілікті бюджеттен 13,9 миллиард теңге бөлініп, 23 спорт нысанының құрылысы жүруде. Ал, мәдениет саласына бөлінген 13,1 миллиард теңгеге 14 нысанның құрылысы және 4 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс басшысы өңірдегі өзекті мәселелерге де тоқталып, бүгінде экономиканың әр саласына талдау жүргізіліп, өсім резервтері анықталып жатқанын, қажет жағдайда облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспарына сәйкес алдағы үш жылда іске асырылатынын айтты. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыс-жағдайын одан әрі жақсартып, өңірдің экономикасын арттыруға мүмкіндік бермек. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес халықпен ақылдасып жұмыс істеуді өзіне мақсат еткенін айтқан Ербол Шырақпайұлы, басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің алдына тұрғындар тұрақты шығып, азаматтардың талап-тілектеріне, өтініштеріне жедел және тиімді жауап берулеріне талап қойғанын, бұл талап алдағы уақытта облыстың барлық мемлекеттік қызметшілері үшін жұмыс жасаудың тұрақты стандарты болатынын қадап айтты. «Облыстың мәдениет саласына бағытталған қаражаттың тиімді жұмсалуы, олардың тұрғындарға қызмет көрсету сапасы мен мемлекеттік мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық жарақтандырылуы туралы» мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, облыста халықтың мәдениетін арттырып, өсер ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеп, ұлттық өнерімізді дәріптеп отырған мәдениет, архив мекемелерінің саны 511-ге жетті. Өңірде жыл санап саланы қаржыландыру көлемі де артып келеді. Биыл мәдениет саласына 12,3 миллиард теңге қарастырылса, өткен 8 айда оның 8,6 миллиард теңгесі игерілген. Бүгінде облыста 197 мәдениет үйі мен клуб, 274 кітапхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Сондай-ақ, 2 өңірлік кәсіби театр бар. Тағы бір үлкен ұжым –К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы. Бүгінгі күні облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштердің саны – 3510. Барлығы 19 музей жұмыс істейді, 2 кинотеатр халыққа кино көрсету жұмысын атқарып келеді. Облыс көлемінде 12 мемлекеттік архив бар. Соңғы үш жылда 14 мәдениет нысаны халық игілігіне пайдалануға берілді. Биыл 1,5 миллиард теңгеге 14 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, 30 мәдениет нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 641,5 миллион теңге бөлініп, 15-інде жөндеу жұмыстары аяқталды. Аталған салада кезегін күтіп тұрған мәселелер де жеткілікті. Басқарма басшысы депутаттар тарапынан облыстық драма театрдың ғимараты күрделі жөндеуді керек ететіндігі, театрда режиссер, әртіс сияқты мамандардың жетіспеушілігі, оны шешу жолдарының қалай қарастырылып жатқаны, өңірде жастар театрын ашу қажеттігі туралы қойылған сұрақтарға жауап берді. Сессияда мәслихаттың экономика, бюджет, салық және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Фарида Жүнісова, Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков, депутаттар Алтай Райқұлов, Айтбала Жолмаханова қосымша баяндама жасады. Сессияда сөз сөйлеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев күн тәртібінде қаралған мәдениет саласының мәселелеріне қатысты өз ойын айтты. – Өңірдегі мәдениет саласындағы өзекті мәселелерге келсек, бүгін түске дейін осы саланың зиялы қауым өкілдерімен және қызметкерлерімен кездесіп, барлық мәселені өзім тыңдап қайттым. Мәдениет майталмандарымен тоқсан сайын бір рет кездесіп отырамыз деп келістік. Кездесуде айтылған және бүгінгі сессияда өздеріңіз көтерген мәселелер мен ұсыныстарды шешудің тиімді жолдарын қарастыратын боламыз. Арасында бірнеше жылдардан бері шешімін таппай келе жатқандары да бар екен. Сондықтан, өздеріңізбен бірге жұмыс істеп, олардың шешімін табамыз деп сенемін, – деді аймақ басшысы. Жиында Ербол Шырақпайұлы өңірдегі білім мен денсаулық саласының мәселелеріне де тоқталып өтті. Аталған салалардағы кемшіліктерді бағамдаған аймақ басшысы мектеп директорлары мен бас дәрігерлердің тағайындалуын қайта қарау керектігін айтып, бұл мәселені тікелей бақылауға алатынын жеткізді. Өзінің кәсіби біліктілігін дәлелдеген мамандарға ғана сенім артылатынын баса айтты. Сондай-ақ, сессияда Шу ауданының орталықтандырылған кітапханасына Шерхан Мұртазаның есімін беру жөніндегі ұсынысты республикалық ономастика комиссиясының қарауына енгізу, қалалар мен елді мекендерде жасыл екпелерді жасау, күтіп-баптау және қорғау қағидаларын, облыстық тексеру комиссиясы мүшелерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекіту, облыстық мәслихаттың бірқатар шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП