Әлеумет

«Қарызсыз қоғам» борышкерліктен құтқарады

«Қарызсыз қоғам» борышкерліктен құтқарады

Биыл көктемде басталып, бүгінге дейін ауылдарда өткізіліп келген «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы енді Тараз қаласында жалғаспақ. Мамыр айынан бері барлық ауданда жүргізілген қаржылық сауаттылықты арттыру сабақтарынан 7085 адам дәріс алған. Қыркүйектен бастап алдағы 3 айда Тараз қаласынан 3000 азаматты оқыту жоспарланып отыр. Жалпы, жоба аясында 10 мыңнан аса тұрғынға қаржы турасында білікті қаржыгерлер дәріс береді деп жоспарланған.

Тараз қаласындағы алғашқы сабақ қалалық №5 емханада дәрігерлермен өткізілді. – Ағымдағы жылдың 10 сәуірінде ауыл халқына қаржылық сауаттылықты үйрету мақсатында «Amanat» партиясы мен «Халық» банкі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бүгінде елімізде несиесін өтей алмай жүргендердің қарасы қалың. Банктерге берешегі бар және борышкерлер тізіміндегілердің ішінде ауыл тұрғындары көп. Оның басты себебі, халықтың қаржыны тиімді жұмсамауы, қаржылық сауаттылығының төмендігі. Осыны ескере отырып, меморандум аясында «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы қолға алынды. Жоба аясында әуелі «Ауыл халқының қаржылық сауаттылығы бойынша құзыреттерді арттыру» оқу курстары ауылдық аймақтарда өткізілді. Міне, енді қалаларда да өткізілетін болып, 18 қыркүйектен бастап Таразда қаржылық сауаттылықты арттыру сабақтары басталды. Жоба қаржыны тиімді жұмсап, банк алдындағы берешегі бар азаматтарға қарызынан құтылудың жолдарын айқындап береді. Бұл жоба жөнінде Президент Қасым- Жомарт Тоқаев жуырда ғана халыққа арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында атап өткен болатын. Жоба аясында білікті бизнес- тренерлер отбасылық қаржыны тиімді жоспарлау туралы және банктермен келісімшартқа отырғанда ескеру қажет мәселелерді кеңінен түсіндіреді. Бес күндік курс барысында жобаға қатысушылар бизнес- жоспар жазуды меңгеруге де зор мүмкіндік алып отыр. Мамандар бизнес-жоспарды үйретіп қана қоймай, бірлесе бастаған жұмыстарын жыл соңына дейін «тегін» сүйемелдейтін болады. Оқыту барысында ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге өз бюджетін қалыптастыру тәртібі, салықтың есеп- қисабын ұсынуды және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша қаржыландыру шарттары туралы ақпараттар беріледі, – деді «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов. Қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған курстың оқыту бағдарламасы әртүрлі санаттағы азаматтарға арналған. – Негізінен бұл жоба курсы қарыздар бойынша берешегі бар және борышкерлер тізілімінде тұрған, ағымдағы несиелері бар және олар бойынша кешіктіруі мүмкін адамдарға арналған. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын, жеңілдетілген несие алатын және жеке кәсібін жаңадан бастағандарды оқыту көзделген. Әйткенмен, бұл санаттарға жатпайтын, өз бетінше қаржылық білімін арттырғысы келетін азаматтар үшін де есігіміз ашық. Мұндағы біздің көздегеніміз – халық мейлінше қаржысын тиімді жұмсап, қарызсыз сапалы өмір сүрудің жолдарын білсе дейміз. Оқыту курсының нәтижелері бойынша қатысушы қаржылық мәселелердің қалыптасу себептері туралы, ағымдағы несиелердің санын қалай азайтуға болатынын біледі. Несиелер бойынша қарыз сомасын қадамдар мен әрекеттер арқылы барынша азайтуды үйренеді. Банктер алдындағы бар қарыздарын өтеу мақсатында бос қолма-қол ақшаның өсуімен өз қаржысын басқаруды және шығындарын оңтайландыруды, отбасылық бюджетті дұрыс игеруді меңгереді. Несиелерді міндетті түрде өтеуге саналы жауапкершілік қалыптасады. Несиелерді қайта қаржыландыру арқылы мемлекеттік қолдау бағдарламаларының шаралары туралы хабардар болады. Заңға сәйкес жеке тұлғаның банкроттығы туралы ақпарат алуға, алаяқтық әрекеттер мен оның түрлерін танып, қаржылық пирамидалар секілділерден сақ болу бойынша білім алады. Жаңадан бастаған кәсіпкерлер компанияның бюджетін қалыптастыру туралы ақпараттан хабардар болады. Салық есептілігі, қаржылық басқару және қолданыстағы бағдарламалар мен мемлекеттік қолдау шараларын қаржыландыру шарттарын оқып, түсінеді, – дейді тренер Айман Ақынбекова. Қалың халықтың қаржылық сауатын арттыруға тегін білім беруді мақсат еткен жобаны «Amanat» партиясымен бірге жүзеге асырып отырған Халық банкінің облыстағы филиалының менеджері Айдана Қуатбекқызы аталмыш банктің елге жасап отырған жеңілдіктері жөнінде сөз етті. – Биыл Халық банкінің құрылғанына 100 жыл толады. Осыған орай «Жүз игі іс» атты іс-шараларын ұйымдастырып жатыр. Еліміздің барлық өңірлерінде қарттар үйі, балалар үйі секілді көмекті қажет ететін орындардың жұмысын жақсартуға өз үлестерін қосуда. Бұдан бөлек, оқушылардың білім алуға ұмтылысын арттыру мақсатында ынталандыруды да қолға алып, сабақтан әр 100 балл алған оқушыға 100 бонустан беріп отырады. Осылай жақсы баға алып, бонустар арқылы ақшасын жинаған оқушы өзіне керектісін сатып алуға жұмсай алады. Бұл арқылы банк балаларды кішкентайынан ақша жинап, оны тиімді әрі ең керегіне үнемдеп жұмсауға үйретуді көздейді. Яғни, банк балаларға қаржылық білімді іс жүзінде үйретіп отыр. Барлық кісілерге несие алғанда алдымен пайызын ескеріп, басқа банктердікімен салыстырып, несие шартын түгел оқып шығуға кеңес береміз. Сонда сіз алданбайсыз және несиені де дұрыс қолдана білетін боласыз, – деді Айдана Қуатбекқызы. Статистикаға сүйенсек, бүгінде 6,3 миллионға жуық қазақстандықтың банктік несиелері өтелмеген. Сонымен қатар, 1,2 миллион қазақстандық микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлемелері, ең бастысы, қаржылық сауаттылықтың төмендігі – жыл сайын халықтың қарызының өсуін арттырады. Халықтың қарыз ауыртпалық мәселесі жүйелі шешімді қажет етеді. Қазіргі уақытта 1 миллионнан астам адам кем дегенде бір несиесін кешіктіріп отыр. Осы жағдайды ескеріп, саяси партияның «Қарызсыз қоғам» жобасы болашақта ел экономикасын қалыптастыратын халықтың, жас ұрпақтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін құруды мақсат етіп отыр. Айта кетейік, оқу курсы 5 күн, әр күні сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін жүргізіледі. Әр топқа 50 адам қатыстырылып, олар бір курста жалпы 40 сағат қаржылық сауаттылық бойынша білім алып, соңында арнайы сертификатқа ие болып шығады.  

Қамар ҚАРАСАЕВА