Жаңалықтар

Ұлағат жолын жалғаған ұстаздар

Ұлағат жолын жалғаған ұстаздар

Ауылға барсам, мен сәлем беруге тиіспін дейтін бірқатар кісілер бар. Әсіресе, ұлағатты ұстаздар естен кетпейді. Солардың қатарында ардақты ұстаздар, ерлі-зайыпты Барбосын Адырбеков ағай мен Аманкүл Құрманәлиева апай да бар.

Қанша жасқа келсе де, ізеттерінен іркілмеген, қасиеттерінен жаңылмаған қос ұстаз қоныстанған шаңыраққа жақында арнайы барып сәлем бердім. Көктөбе ауылындағы Бөлтірік Әлменұлы орта мектебінде Барбосын ағай да, Аманкүл апай да бізге сабақ берді. Екеуі де жақсы ұстаздардың қатарында еді. Барбосын ағай орыс тілі мен орыс әдебиетінен дәріс берген. Барбосын ағайдың білім берумен қатар қаталдығы, темірдей тәртіпке бағындырғаны бәрімізге үлгі. Біз тәртіптің не екенін сезініп өссек, ол жерде Барбосын ағайдың да еңбегі бар. Ал, Аманкүл Құрманәлиева апай туралы сөз мүлдем басқа. Аманкүл апайды біздің ауыл ғана емес, аудан мойындаған. Тіпті, КСРО білім беру ісінің үздігі атанғаны – ауылдастар үшін мақтаныш. Мұндай атақты кім болса соған бермейтіні, үздіктің үздігіне ұсынатыны ақиқат. Аманкүл Құрманәлиева апайдың мақтан тұтар шәкірттері көп. Ол кісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Әбиірбек Тінәліні, ауылдық округ әкімдері болған Әлімхан Қилыбайұлын, Болатжан Дуанбековті, ақындар Нұрлан Досалиевті, Біржан Сөктайды мақтан тұтады. Бұл тізімді толықтырып, жалғай беруге болады. Аманкүл апайдың әр сабағы қызықты еді, оны жіберіп алмауға біз де күш салатынбыз. Басқа сабақтан қашатын оқушылардың өзі Аманкүл апайдың сабағына келгенде қызығып тыңдайтын. Түсіндіре білуі керемет еді. Аманкүл әпкей әйгілі тұлға, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовті көргенін айтатын. Біз таңданып отырып тыңдаймыз. Өйткені Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын, «Көксерек» әңгімесін сырттай оқып тамсанған ұрпақпыз. Оны да үйретіп, оқытып, тамсандырып жүрген Аманкүл апай. Заңғар жазушының өмірден өткен жылдарын әсерлі баяндағанда денеміз шымырлап, жүрегіміз елжіреп кетуші еді. Әйтпесе, ауданға тегіс танымал шәкірті Нұрлан Досалиев ұзақ жылдардан кейін «Аманкүл әпкейге» деп өлең жазып: «Туралықпен шығаратын шешімді, Сөз деп білем айтқандарын кесімді. Диктантты жазсаңдаршы деуші еді: – Міне, мынау Досалиев секілді. Өткелдерім міне осы жас күнгі, Тіршілігі бұл ауылдың тасқын-ды. Мотоцикл айдап келе жатқанда, Амандастым шешіп алып каскімді. Мақтанышпен көрсете алар соқпағын, Мейірімнің жалындатқан оттарын. – Бұдан артық құрмет бар ма ұстазға, Деді апайым: – арнайы кеп тоқтадың», – деп жүрегі елжірей еске алар ма еді. Барбосын ағай мен Аманкүл апайдың біздің ауылдағы Бөлтірік Әлменұлы орта мектебіне ұстаз болып келгендеріне де алпыс көктем өтіпті. Екеуі озат, үлгілі шәкірттерді дайындады. Екеуінің ұл-қыздары да шетінен өнегелі, ибалы болып өсті. Немерелері де білімді, өнерлі. Олар Алматы, Тараз, Ойық, Көктөбе арасын жалғап еңбек етіп жүр. Ауылдастар бұл қос ұстазы бар отбасыны «Ескірмеген махаббат» деп атайды. Барбосын ағай мен Аманкүл апай шәкірттерін, шәкірттері ұстаздарын мақтан тұтады.  

Талас ауданы