Әлеумет

Ветеринария саласындағы өзекті мәселелер тұрақты бақылауда

Ветеринария саласындағы өзекті мәселелер тұрақты бақылауда

Халық «Мал баққанға бітеді» деп бекер айтпаса керек. Мұндағы бағу тек жем-шөбін беріп, суғарумен шектелмейді. Оны түрлі инфекциялардан қорғап, денсаулығын сақтау да аса маңызды. Адамға арқау болар азық-түлік қауіпсіздігіне төрт түліктің саулығы аса қажет. Мұны ескерген билік те ветеринария саласына айрықша көңіл бөліп, мамандарға қолдау көрсетіліп отыр. Соның бір айғағы – кеше ғана облыс ветеринарларына 10 су жаңа УАЗ автокөліктердің берілуі. Жамбыл ауданы, Аса ауылында өткен салтанатты жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ветеринариялық ұйымдарға автокөліктердің кілтін табыстады.

Аталған он көліктің екеуі Тараз қаласындағы, қалған сегізі Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Сарысу аудандарының мал дәрігерлеріне берілді. – Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты кезекті Жолдауында ветеринария саласын реформалау, орталық пен өңірлердің нақты міндеттерін айқындау, үрдістерді цифрландыру, мал дәрігері мамандарын дайындау, мамандардың жалақыларын өсіру сынды маңызды тапсырмалар берілген болатын. Бұл тапсырмалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығын дамыту перспективалары мен оның экспорттық әлеуеті ветеринария саласына тікелей байланысты. Сапалы ветеринарлық қызмет көрсету болмайынша, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мүмкін емес. Азық-түлік қауіпсіздігі – мемлекеттің және оның халқының қауіпсіздігі. Мамандардың айтуынша, адамдарда кездесетін аурулардың 70 пайызы мал ауруларынан келеді екен. Ветеринарлық қызметтің негізгі міндеті – тұрақты эпизоотиялық жағдайды қамтамасыз ету. Қазіргі таңда облыстың ветеринариялық ұйымдарын орталықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аудандардағы ветеринариялық станциялар тек өздеріне тән функцияларды ғана атқаратын болады. Қосымша қаржылық-шаруашылық жүргізу жұмыстарын облыстық деңгейде құрылатын кәсіпорын орындайды. Үнемделген қаражат есебінен ауылдық жерлердегі мал дәрігерлерінің жалақылары шамамен екі есеге ұлғайтылатын болады. Ауылдық елді мекендерде ветеринариялық қызмет көрсететін мал дәрігерлерінің жұмыс жағдайын және ветеринариялық станциялардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында биыл облыстық бюджеттен қаражат қарастырылып, 10 дана УАЗ автокөлігі сатылып алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғаса береді. Облыстың ветеринария саласындағы өзекті мәселелері белгілі, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болады. Атап айтқанда, ветеринариялық пункттерді талаптарға сай ғимараттармен, ветеринариялық-санитариялық нысандармен, емдеу алаңдарымен қамтамасыз ету және материалдық- техникалық жарақтандыру мәселелері жауапты тараптардан сұралады, – деді Ербол Шырақпайұлы. Облыс әкімі Аса ауылынан жаңадан салынған иесіз иттерді уақытша ұстау орнының құрылысымен де танысты. Мұнда 46 үй жануарларына арналған орын бар.  

Жамбыл ауданы

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН