Білім

Журналист көрші

Журналист көрші

ЖУРНАЛИСТ КӨРШІНЕМЕСЕ ҚАЛАМГЕР БОЛАТ МӘУЛЕНОВ ТУРАЛЫ МӨЛТЕК СӨЗ

  Өнегелі өмірді толассыз ағып жатқан өзенге теңесек болар. Оның арнасын әркім әртүрлі қасиетімен толтырады. Әлдекім өн бойындағы өнерімен, әлдебіреу туабітті кісілік және кішілік тұнған адамгершілігімен, парасатты мәдениетімен, тағы біреу өжет мінезбен толықтырады. Мен сөз еткелі отырған кейіпкерім – Болат аға Мәуленов өз өмірінің арнасын қаламгерлік қуатымен, кісілігі мен кішілігі келіскен адамгершіліктің ізгі болмысымен толтырған жан. Елдің ардақтысы бола білген асқар бел азаматты сонау бала кезден танып-біліп өстік. Ер жетіп, азамат боп, қызметке араласа бастағанымызда әріптес болып құрмет тұттық. Әлгінде айтқанымдай, Болат ағамен таныстығым менің балалық шағыммен тікелей байланысты. Балдәуреніміз Тараз қаласындағы «Аса» шағынауданындағы 16-үйде өтіп еді. Болат ағаның отбасы бізбен қоңсылас 18-үйде тұратын. Екі үйдің арасындағы жалғыз сүрлеумен маңғаз басып келе жатқан ағайымызды әредік көріп тұрушы ек. Сымдай тартылып, бойын тіп-тік ұстап, үсті-басы мұнтаздай жүретін бекзат болмысты азаматқа елдің құрметі алабөтен екенін сезетінбіз. Әдеттегідей қиядағыны көзі шалып қоятын ауладағы қырағы әжелер өзара «әне, журналист келе жатыр» деп күбірлесіп қалғанын балаң құлағымыз жиі шалатын. Сол тұста алғаш естіген «журналист» сөзінің мағына- мәйегін бала көңіліміз бірден түсіне қоймаса да оның тылсымын білуге деген алғаш құмарлығымыз оянғаны рас еді. Бір абзалы, 16-үйде тұрғанымызда бес қабатты үйіміздің пәтерінен газет- жорнал үзілмейтін. Анығында үйіміздің кіреберісінде мерзімді баспасөз иісі мүңкіп тұратын пошта жәшігі бізге ғана тиесілі еді десем шындықтан қағыс кетпеймін. Ата- анамыз ұстаз болғандықтан тоқсаныншы жылдардың тоқырауына қарамастан облыстық, републикалық газет пен жорналды тұрақты жаздырып алдырушы еді. Әкем мен анам газет пен журналдың қиындысын күнделікті сабағына көрнекі құрал ретінде пайдаланғаны өз алдына, әрі бізді де оқуға үгіттейтін. Күлкісі сыңғырлаған пошташы Қатия әпкей болса «Сіздерге рақмет. Сіздерге бола аптасына бірнеше рет газеттеріңізді жеткіземін деп үйлеріңізге қатынаймын. Маған жұмыс тауып беріп отырасыздар» деуші еді. Әсірелей айтса да шындығы сол. Біздің пәтерге сол жылдары «Ақ жол», «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттері, «Қазақстан әйелдері», «Балдырған», «Ақ желкен» журналдары келетін. Сол тұста ғой, Болат Мәуленов есімін «Ақ жол», «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінен оқып, таныстық. «Тілі шұрайлы, тақырыптары өткір, сөзі алымды, пікірі шалымды журналист деген осындай болады екен-ау» деген балаң пікіріміз сонда қалыптасқан. Бұл журналисті оқып қана қоймай, тірідей көзімізбен аракідік көретініміз, әрі ол кісінің бізге көрші тұратыны өз басыма әлдебір шаттану сезімін сыйлағаны есте. Әуелбаста бізге бәймәлім болып келген журналистика әлеміне бір табан жақындауымызға көрші журналист Болат ағаның септігі тигені де сөзсіз еді. Беймәлім мамандықтың құпиясын ашуға ынталандырған да өзі болатын. Жеткіншек кезімізден көрген тәлімдеріміз журналист мамандығын таңдауыма жетеледі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, ақпарат аламанының дүбіріне қосылып кеттік. 2000 жылы бірінші курстың алғашқы жарты жылын аяқтап, қысқы каникулға Таразға келдім. «Демалыс уақытын тиімді пайдаланып, облыстың ақпарат құралдарымен таныса берейін» деген оймен Жамбыл радиосының редакциясына бас сұқтым. Радионың жетекшісі, өзіміздің журналист көрші ағайымыз Болат Мәуленов екенін бұрыннан білетінмін. Редакциясына кіріп, келген мақсатымды айттым. Жайдары жүзді көрші ағайым аз-кем амандық сұрасқан соң, мейірлене қарап: – Мұнда келгеніңе ризамын, балам. Радиодан тәжірибеден өтуге көп білімгер келе бермейді әдетте. Дені теледидарға немесе газетке барады. Бірақ біле білгенге радио дегеніміз тұнып тұрған аудиотарихтың көмбесі ғой. Сол көмбені арши білгендер ғана мол қазынаға кенеледі. Ендеше іске кіріс. Жастардың заманауи сұранысы туралы хабар әзірлеуге қалай қарайсың?! – деді сұраулы жүзбен. Мен бірден келісіп, өзіме бейтаныс радио әлемінің қыр-сырын меңгеру ісіне қойып кеттім. Ол кезде Жамбыл облыстық радиосы «Достық» алаңындағы ғимараттың бірінші қабатында орналасты. Астындағы жертөледе алып бобиналы «Днепр» магнитофоны тұратын. Монтаж жасағанда жазбаның қажетсіз жерлерін қиып, ленталарды жалғаудың да өз қызығы бар еді. Ферромагнитті лентада жазба жазуға лайықталған үлкен құрылғыны әлбетте қазіргі заманауи жазба құралдарымен салыстыруға келмейді. Десе де сол кездің өзінде осы катушкалы магнитофонның үстінде қаншама тарих таспаланып жатқанын сезінудің өзіндік ләззаты бар болатын. Болат ағайымыз таспаланып жатқан тарихтың қызығына өзі ғана молынан кенеліп қоймай, артынан еріп келе жатқан біз сияқты өскелең ұрпақты да жетеледі. Биязы мінезді қарапайым болмысының артында зерделі зиялылықтың лебі есіп тұратын еді. Сол жолы маған тәлімгер ағайым радио ісінің қыр-сырын ерінбей-жалықпай асқан сабырлықпен түсіндіретін еді: – Мына бобиналардағы ленталарда қаншама дыбыс жазылған. Есіл еңбек десеңші. Бір өңірдің тарихы осы бобиналарда ғой. Тек соны құнттап, қажетке жаратып, тарихи дерек ретінде пайдаланатын мамандар көп болса деймін. Иә, келешекте келер ұрпақ ісі дейміз де қоямыз. Әттең-айы, бұл таспадағы тарихты сақтай алмайтынымыз. Өйткені, ленталарды сақтайтын арнайы қойма керек. Ол қоймада қажетті температураны сақтап отыру керек. Қазіргі жағдайда бұл мүмкін болмай тұр, – деп күмілжігені бар еді. Тағы бір мәселе – бобина лентасының жаңасы бізге енді келмейді. Біз қазір ескілерінің үстінен бірнеше қайтара жазуға мәжбүрміз. Яғни, қаншама жазбамыз өшіп кетіп жатыр. Сол жағы да алаңдатады, – деп күрсіне сөйлегені бар еді. Болат ағаның осы сияқты айтқан әрбір әңгімесі кәсібіне деген шексіз адалдықтан туған өнегелі пайымдар еді қазір ойлап қарасам. Бала кезімізде Болат ағаның өзіне ғана емес, оның ұлы Думанның да есіміне қанық болдық. Көрші ағаның баласы мектеп кезінен-ақ маңдайалды ұл болды. Үздік оқушы болғаны өз алдына, сегіз қырлы перзент өнерден де кенде емес еді. Өнерлі баланың домбырасын асынып, республикалық «Әнші балапан» байқауына қатысып, жүлдегер болғанында көршіміз үшін қуанбаған жан қалмады. Тоқсаныншы жылдардың ең танымал телебағдарламасына қатысу сол кездері жас өрендер үшін зор мәртебе, әрі үлкен сахнаға апаратын тұғырлы баспалдақ болатын. Күнделікті көрші ауладан көріп жүрген жеткіншекті орталық телеарнадан көргенімізде балдырған кеудемізді тағы да мақтаныш сезімі кернеп еді. Менен екі жас үлкен Болатұлымен мектепте қатар оқыдық. Тараздағы әйгілі Бауыржан Момышұлы гимназиясы талай талапты түлекке қанат бітірген алтын ұя. Солардың бірі – озат оқушы Думанды ұстаздарымыз сабақ арасында бізге үлгі етіп көп айтатын. «Журналист пен ұстаздың баласы осындай-ақ болар» деп жұрт тамсанып жатты еріксіз. Жоғары сыныпта оқып жүргенде Думан Болатұлы құқықтанудан облыс, республика деңгейіндегі олимпиададан топ жарып, атағы тіпті алысқа кетті. Білім олимпиадасының жеңімпазы қалаған оқу орнына конкурссыз түсуге мүмкіндік алып, Алматыдағы Қазақ заң университетінің студенті атанды. Алматыдай алып шаһарда журналистің баласы қатарынан оза шауып, қоғамдық жұмысқа белсенді болды. Өз оқу орнында «Винегрет» аталған тұңғыш қазақ КВН командасының негізін қалап, әрі оқу, әрі студенттердің мәдени-көпшілік ісінің алдыңғы қатарында жүрді. Құлжаның сақасындай асыл ұлдың содан бері тек жақсы аты шартарапты шарлап жүргеніне ел куә. Бүгінде заң саласында еңбегі жанған Думан Болатұлы заң ғылымдарының кандидаты, сот ісінің білікті маманы ретінде халыққа танымал тұлғаға айналып отыр. Көрші ағайымның журналистикаға келген өмірлік тәлімдері 6-7 сынып оқитын кезінде «Қазақстан пионері» газетіне «Бос орын кімдікі» аталған алғашқы мақаласы жарық көрген кезінен басталады екен. «Сол мақала шыққалы бері» жазу- сызуға араласып кеттім» дейді ағаның өзі. Бұл жағынан әріптес ағамыз екеуміздің ұқсастығымыз бар екен. Менің де алғашқы тырнақалды туындым қазіргі «Ұлан» газетінде 6-сынып оқып жүргенімізде шығып еді. «Ғасырдың қарт бұлбұлы» деген атпен мектебімізде өткен Жамбылдың 150 жылдығына арналған кеш туралы жазып ек. Болат ағайымның былай деген сөзі бар: «Сүйікті мамандық таңдау жөнінде айтар болсақ, кішкентайымнан тек журналист болуды ғана қалаған екем. Содан басқа арман менде болмапты. Осы арманым мені адастырған емес. Өмірде қарапайымдылықты қаладым, әрине ол қарабайыр болу деген сөз емес. Әркім өз орнын білуі, өзін-өзі қадірлей білуі керек. Артық сөз бен бос мақтан, кеуде қағуды жақтырмадым. Тәкен Әлімқұловтың «Адам неғұрлым жексұрын болған сайын, өзін жоғары санайды» деген сөзі өзіме керемет ұнайтын болған соң үнемі жадымда ұстаймын». Журналист көршім Болат аға Мәуленов туралы «Бекзат-болмыс» аталған естеліктер жинағында кейіпкеріміз өміріне тұғыр болған қағидаттар туралы осылай деген екен. Ғұмыр ғибратына толы бұл тәлімсөздер бір емес, бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеуге лайық ұстанымдар деп санадық. Өмір сағаты ертеректеу тоқтаған журналист көршіміздің екінші шығармашылық ғұмыры енді басталды. Артында қалған қалам мұрасы арқылы Болат ағамыздың есімі әлі ұзақ жасай бермек. ...2019 жылдың 22 қарашасы еді. Күз айының соңғы күндері Таразда нөсер құйды. Жамбыл облысындағы журналистиканың қара шаңырағы – Jambyl телеарнасының 30 жылдығына елдің әр қиырынан қонақтар ағылды. «Atyrau» телерадиоарнасында істейтін кезім. Батыстың ыстық сәлемін ала Әулиеатаға біз де жеттік. Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл драма театрына отыз жылдық аясындағы салтанатты кеш өтіп жатыр. Залда арқа-жарқа боп отырған азаматтар арасында кенет журналист көрші ағайым көзіме оттай басылды. Дереу қасына барып, құшақ айқаса амандаса кеттік. Аға байыппен сөйлейтін әдетіне басып: – Айналайын-ай, келгенің жақсы болды. Қалың жақсы ма? Атырауға кеткеніңді естідім. Телеарна деп жүріп, радионы ұмытып кеткен жоқпысың?! – Аға, ұмытпадым. Телерадио корпорацияның Атырау филиалында 17 сағат тарататын радиомыз бар. Сол радионың жуырда студиясын жаңалатып, «Efirde 102FM» аталатын жаңа хабар аштық. Бұл бағдарламаның ерекшелігі, тікелей эфирде телеарна мен радиоға бірдей тарайды. Осы хабарымызды «Urker» ұлттық сыйлығына ұсынбақшымыз. – Қанатжан, жақсы жаңалығыңды айтып, ағаңды бір марқайтып қойдың ғой. Бәрекелді. Өркенің өссін. Радионың бар екенін көпшіліктің есіне сала бер осылай, – деді қуанышын жасырмай, жүзі бал-бұл жанып. Сол жолы көрші ағайыммен Тараздағы соңғы кездесуім екенін қайдан білейін. Білгенімде ұзақ сөйлесіп, мауқымды әбден басар едім ғой. Кейде өміріңде маңызы бар адамдармен кездесу мезетін бағаламай, асығып жүретініміз-ай біздің. Ағадан айырылып қалғанымызда «аһ» ұрғанмен бәрі кеш. Журналистиканың әліппесін танытып, оның ішінде радионың құдіретіне бойлатқан Болат ағайымды жиі сағынам казір. Енді кездескенімде Атырау радиосының «Efirde 102FM» хабары «радиостансадағы үздік жоба» аталымында «Urker» ұлттық сыйлығына ие болғанын айтып, қуантқым келіп еді. Үлгермедім.

ӘУЕСБАЙДЫҢ Қанаты.