Cейсмикалық қауіпсіздік мәселесі талқыланған симпозиум
Cейсмикалық қауіпсіздік мәселесі талқыланған симпозиум
Жиында Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Рустамбек Амрин сөз сөйледі. «Қазіргі уақытта біздің планетамыздағы жер сілкінісі қаупі бар аймақтардың тұрғындары мен аумақтарының сейсмикалық қауіпсіздігі мәселелері айтарлықтай өзекті болып отыр. Олардың қатарында Қазақстан, Қытай, сондай- ақ Орталық Азияның көршілес мемлекеттерін атап айтуға болады. Айта кету керек, Қазақстан төтенше жағдайлардың барлығына дерлік бейім, олардың көпшілігі трансшекаралық сипатқа ие. Халықты қазіргі қауіп-қатерден сенімді қорғауды қамтамасыз ететін сейсмикалық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін құру республика ұлттық қауіпсіздік жүйесінің негізгі факторы болып табылады», деп атап өтті Р.Амрин. Қазақстан – Қытай халықаралық симпозиумының жұмысына Жамбыл облысынан Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Талғат Айтбаев қатысты. «Жамбыл өңірі Қазақстандағы ерекше сейсмикалық белсенді аймақ болып табылатындықтан, халықаралық жиында бұл мәселенің талқылануы облыс тұрғындары үшін де өте маңызды. Өйткені, соңғы 50 жылда облыс аумағында ауыр экономикалық зардаптарға әкелген екі жер сілкінісі – 1971 жылы Жамбыл қаласында және 2003 жылғы Луговой ауылында орын алған. Ал, күші 2-3 балдық шағын жер сілкіністері өңірімізде жылына бес ретке дейін тіркеледі. Одан бөлек, сейсмикалық жағдайда жер сілкінісін болжаудың сенімді әдістерінің жоқтығынан жер сілкінісінің қашан, қайда және қандай күшпен болатынын дәл анықтау және айту мүмкін емес», – дейді Т.Айтбаев. Расында да Алматыда өткен халықаралық жиында осындай тақырыптарды талқылау қазақстандық ғалымдардың одан әрі жүйелі жұмыс істеуіне және облыстардың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үлкен тәжірибе беретіні сөзсіз. Сондай-ақ, симпозиум қорытындысымен оған қатысушы елдер жаңа технологиялармен өзара алмасу үшін бірлескен шешім қабылдағанын атап өткен жөн.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП.