Білім

Қос қанатың бүтін болсын

Қос қанатың бүтін болсын

Әкелері дүние салғалы төртінші жыл болған еді. Ұл- қыздарына ойлана қарап тұрған құрбыма: – Бұл дүниеде қайғы көрген адамды, о дүниеде жақсылықпен жарылқайды екен Жаратқан, – дедім басу айтқандай болып. «Жассың ғой, балаларыңа әке орнына әке болар адам да табылып қалар» деппін тағы. – Қолында раушан гүлі бар, ақбоз ат мінген ба? – деді құрбым қыршып алғандай. Сол сәт: – Жоқ! – деп шарт ете қалды сегіз жасар Айжан. Бұрышта ойнағансып отырып, бәрін естіп алыпты. – О дүниеде менің мамамды ақбоз ат мінген әкем ғана раушан гүлдерімен күтіп тұрады, – деді. Шай ішіп болып тоғыз жасар Нұрдәулет жүгіріп келді де: – Мынаны біз жасадық, – деп, «Отбасы» деген жазуы бар кітапшаны ұсынды. Көп сурет салынған альбомның бірінші бетін ашқан сәтте-ақ жанарымнан тамшы жас үзіліп түсті. Тұңғышы Нұрдәулеттен аумайтын әкесі құндақтағы бөпесін құшағына алып, шат-шадыман күйге бөленіп тұр. Отызға таяған тұңғышы дерсің. Бірде ұлын көкке көтеріп, енді бірде қаз-қаз тұрғызып жетектеп жүр. Сондай бір алаңсыз шақ, бақытты әке екені көрініп тұр. Әкесі мен балаларының ғана суретін бір альбом етіп жасаған ұл мен қыз жансыз бейнені кезек-кезек сүйе берді. Сәлден соң Гүлім: – Ұлыммен кеше ренжісіп қалдым, – деді сыбырлап. – Ренжіскені несі? Ол әлі кішкентай ғой, – дедім таңданып. Мені балаларынан оңаша алып шығып: «Жұмысқа тұрғанда анкета толтырасың ғой?» – дейді сыбырлап. – Иә. – Мен де кеше анкета толтырғанмын. Отбасы жайлы мәліметті жазып тұрғанда ұлым: «Мама, өзіңнің де өлетін жылыңды жаза салшы», – деді. Қапелімде аузыма сөз түспей, бетіне бір қарап үндемедім. Бірақ жүрегім біртүрлі сыздап кетті. Естімегендей болып, жазбамды ары қарай жаза бастап едім қайтадан: – Өзіңнің де өлетін жылыңды жаза сал дедім ғой! – деді ұлым одан бетер өктемсіп. Жанары шатынап кетіпті. – Жазайын. Еее, мейлі онда «ертең өлетін күнім» деп белгілей салайын, – дедім әдейі. – Ең болмаса мектеп бітіріп алайық, сосын өле беріңіз, – дегенде тығыным атылып кетті. – Ақ тер-көк тер болып, үшеуіңді қайтсем жеткізем деп жүрісім мынау. Баламның үлкені болып, сенің айтып тұрғаның анау! Маған өлім тілейтіндей не жазып қойып едім саған? – деп тоқтай алсамшы. Ұлымның жер-жебіріне жетіп ұрысып, соңында жылап тындым... Нұрдәулет сол күні кешке дейін кінәлі кейіпте көңілсіз жүрді. Үй жинап, қарындастарының шашын тарап, шай жасап, ыдыс жуып зыр жүгірді. Қайта-қайта қасыма келіп, бірде «Қарашы маматай, мен ыдыстарды жарқыратып жуып қойдым», – десе, енді бірде: «Ертең мектепке киетін шалбарымды өзім үтіктеп алдым», – деп түрлі сылтаумен өбектеп жүрді де қойды. Мен көңіл аудармай қойдым. Ақыры шыдамы таусылды ау деймін: – Ей, мама! – деді кенет саңқ етіп. Жалт қарадым. – Менің сөзіме несіне өкпелейсің?! Анау анкетаңа әкемнің өлгенін жазбасаң жұмысқа алмайтын ба еді сені?! Мен әкемді өліп қалған деп айтуға қимай, сағынып жүрсем. Ал, сен... – деп сөзінің аяғын жұтқан күйі бөлмесіне кіріп кетті, – деді Гүлім жанары жасқа шыланып. Адамның қос қанаты бар ғой. Сол бүтін болса екен...  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.