Білім

Берекесі арқан Бәйтеновтер

Берекесі арқан Бәйтеновтер

Бүтін шаңырақ – мемлекеттің алтын тірегі. Елімізде әр әулеттің беріктігіне жол ашатын бірқатар шаруалар жүзеге асырылып келеді. Бәсекеге қабілетті ұлт, білімді ұрпақ, бақытты отбасы жағдайларын қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясаттың нәтижесінде ана мен баланы қолдау шараларына мүмкіндік беріліп отыр. Себебі, отбасы құндылықтарын ұмытуға болмайды. Ол халқымыздың тарихымен бірге сабақтасып келе жатқан отбасылық дәстүрлер, этикасы мен мәдениеті. Отбасы құндылықтары негізінде салт-дәстүрді ұлықтау – әр шаңырақтың өзіндік міндеті. Әр отбасының ерекше құндылықтары біздің ойымызды үстемелеп тұрады. Міне, осындай берекенің бесігінде тербелген отбасының бірі – Бәйтеновтер отбасы.

Бәйтеновтер әулеті Талас, Байзақ аудандарына тегіс таныс. Себебі, қоғамдағы түрлі саланы меңгеріп, тамырын терең жайып, ынтымақ пен еңбектің алтын шұғыласын алысқа шашқандар. Талас топырағына есімі кең тараған Бәйтен ақсақалдан Жартыбай, Есенбек, Жапарбек деген үш ұл тарайды. Жартыбайдан – Әзімбай, Есенбектен – Қырғызбай өрбиді. Қырғызбайдан 9 ұл-қыз тараса, Жапарбектен 12 ұл-қыз өсіп- өнген. Осы Бәйтен бабаның немере- шөберелері қазіргі таңда тамырын кең жайған. Бірі – Таразға танымал кәсіпкер болса, бірі – депутат, бірі – білікті заңгер. Аталған бәйтеректей әулет бір-бірімен өзара ынтымақты болуы да – назар аударарлық құндылық. Біз бүгін Бәйтеннің бір ұрпағы Әзімбай Бәйтеновтің өсіп-өнген шаңырағына кеңінен тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Бұл шаңырақтың да берекелі тірлігі көпшілікке үлгі. Отағасы Әзімбай ақсақал қазіргі таңда 88 жасқа аяқ басты. Ол кісі кезінде Құлан малдәрігерлік- зоотехниалық техникумын бітірген. Мамандығы бойынша беріректе жоғары білім иесі де атанды. Еңбек жолын облыстық жабайы шөптерден дәрі-дәрмек дайындайтын химиялық зертханада меңгеруші болып бастаған екен. Мұнан соң Талас ауданында отыз жылға жуық ферма меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ол кезде әр фермада 22-23 отар мал бар. Осынша аға шопанды, оның көмекшілерін, механизаторлар мен жұмысшыларды, ферма мамандарын үйлестіріп, басшылық жасауда оңай шаруа емес. Әзімбай Бәйтенов міне, осы қызметтің үдесінен шығып, мал басын өз төлінен өсіру жолында аянбай еңбек етті. Аудандағы озат ферма меңгерушілерінің бірі болды. Еңбегіне қарай облыс, аудан басшылығының Құрмет грамоталарына талай рет ие болды. Ауыл халқы Әзімбайды ардақтап, еңбегін жоғары бағалады. Ол кезде әр ауылда ферма көп. Бірақ, ферманы ауданның алдыңғы қатарына шығарып, озат басшы болу айтуға ғана оңай. Жары Раула екеуі 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Отанасы Раула Қоңқабаева Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында туып-өскен. 1956 жылы тұрмысқа шығып, үй шаруасында бала тәрбиелеу ісімен айналысты. Екі жыл бұрын бақилық болса да, ұрпақтарының есінен есімі еш кетпейді. Әзімбай қарияның перзенттерінің ішінде денсаулық және білім саласын таңдағандары көп. Оған ауылдық жерде осы мамандықтарға жұмыстың жылдам табылатыны да себеп болса керек. Қазіргі таңда бұл әулеттен тараған перзенттер Тараз қаласының төңірегіндегі ауылдарға жақындағанымен, бұл жақтан да өз мамандықтарына сай жұмыс табылып жатыр. Себебі, барлығы өз жұмысына жауапты. Жұмысқа деген жауапкершілікті сезіну – ата-ананың асыл тәрбиесінен болса керек. Атап айтар болсақ, қызы Сәндігүл Байзақ аудандық орталық ауруханада фельдшер болып ұзақ жыл еңбек етсе, Әтіркүл аталған аудандағы орталық стадионда мейірбике болып, талайдың сырқатына алғашқы болып көмек көрсеткен білікті маман. Райгүл – аудан мектептерінің бірінде зертханашы болса, Зурият Н.Ақшабаев орта мектебінде физика пәнінен сабақ береді. Санят Көктал орта мектебінде мұғалім болса, Гауһар Д.Қонаев атындағы Ойық орта мектебінде ұлағатты ұстаз. Гүлбахира да білім саласынан алыс кете алмапты. Бұл күнде «Өрлеу» мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының облыстық филиалында әдіскер. Мұратқали прокурортура саласында еңбек етсе, Талап – жеке кәсіпкер. Байқап отырсаңыз, заң саласында еңбек ету – оңай емес. Заман талабына лайық жеке кәсіпкер болу да жеңіл жұмыс деп айта алмаймыз. Сондай жауапкершілігі жоғары заңгер де, қоғамның қазіргі бет-бейнесі кәсіпкер де осы әулеттен шығып отырғанын біз заңдылық деп қабылдаймыз. Бұл да аталған әулеттің ұрпақтары тәуекелшіл, биік мақсатшыл, жаңашыл екенін көрсетеді. Ал, Қанатбек Әзімбайұлы жайлы көбірек айтуға болады. Бұл азамат әкесіне тартып, басшылыққа бейім болды. 19 жылдан бері Байзақ ауданының бірнеше мектебінде директор қызметін атқарды. Қазіргі таңда Құмжота ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры. Жасы 88-ге қараған Әзімбай ақсақалмен бірге тұрады. Қанатбектің жары Мерзім де – мұғалім. Ол өз мамандығына жауапты болуымен қатар жақсы келін деген атқа да лайықты. Қазіргі таңда тоқсанның ауылына жақындаған атасына қарап, барлық жағдайын жасап, алғысын алып отыр. Әзімбай ақсақалдың перзенттері еңбектің биік жауапкершілігінен көрінсе, немересі де абыройға бөленуде. Бір немересі Мағжан екі жыл Тараз қаласындағы «125» орталығының директоры болды. Қазіргі таңда Семей қаласында «125» орталығының директоры. Жас күнінен өлең жазуға бейім болып, оқушылар арасында республикалық мүшәйраларда жүлдегер атанған Мағжан еңбекте де жақсы қырынан көрініп отыр. Жалпы, Әзімбай әулетінен бүгінгі таңда 32 немере, 49 шөбере өрбіп отыр. Бұл әулеттің күйеубала, келіндері де ізетті, инабатты. Кісінің алдын кесіп өтпейді. Бірнеше ауданға танымал, белгілі әулетті құрметтеп, жақсылығын асырып жүреді. Олар да түрлі қызметтерде, кейбірі – жеке кәсіпкер. Сондықтан, аталған үлкен әулеттен тағылым алғысы келетіндер көп. Ондай құрметке бұл әулет барлық жағынан лайық. Бәйтеновтер әулетіне, оның ішінде Әзімбай ақсақалдың ормандай өсіп- өнген әулетіне қызығатындар аз емес. «Өмір – үлкен жол. Ол жолда адамдар әртүрлі жағдайға кезігеді. Мен қазір 90 жасқа жақындаған ақсақалмын. Тағдырыма ризамын. Жас күнімізде білім алдық. Сол уақыттың талабына сай қызмет атқардық. Ұзақ жыл ауылда ғұмыр кешсек те, ферма басшысы қызметінде халыққа адал қызмет еткен секілдімін. Қазір ұрпақтарым түрлі салада жұмыстарын жалғап келеді. Жұбайым Рауламен 60 жылға жуық отандасып, тату-тәтті өмір сүрдік. Отбасы құндылығы деген – ең асыл құндылық. Әр адам отбасы жауапкершілігін сезінгендері абзал», – деп Әзімбай ақсақал жастардың өміріне бақыт тіледі.

Байзақ ауданы.