«САУДАКЕНТ ҚАЛАШЫҒЫН ЗЕРТТЕЙТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ»
«САУДАКЕНТ ҚАЛАШЫҒЫН ЗЕРТТЕЙТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ»
– Жалпы, кейде тұнып тұрған тарихы бола тұра Қазақстан аумағында зерттеу жұмыстары жеткілікті түрде жүргізілмеген көнеден сақталған мекендер болады. Соның бірі және бірегейі – Саудакент қалашығы. Саудакент қалашығы VIII-XIII ғасырларда қанат жайған көне кенттердің қатарына жатады. Ортағасырлық қала. Көне Жібек жолынан бірнеше керуен жолдары бөлінген. Талас өзенінің төменгі сағасынан Қаратаудың теріскейі арқылы Созақ бағытында орналасқан ірі қалалардың бірі – Саудакент. Саудакентке қатысты алғашқы деректерді 1901 жылы «Түркістан» әуесқойлар клубының мүшесі Колосовский ашқан. Дегенмен, бұл қалашыққа зерттеу жұмыстары кешенді түрде жүргізілмеген. Атақты зерттеуші-ғалым Әлкей Марғұлан Қаратаудың теріскейімен жүріп өткенде осы Саудакент қалашығының топографиялық жағдайына назар аударған. – Аталған қала қай кезеңде гүлденген? Қалашықтың сырттағы өзге шаһарлармен байланысы қалай болған? – Бір ендіктің бойындағы Саудакент, Құмкент, Созақ, Раң, Қарақұр қалалары IX-XII ғасырлар аралығында өмір сүрген қалалар тізбесіне жатады. Хан, Уванес керуен жолы Саудакент арқылы өтіп, Шудың төменгі ағысы Қамқалы және кіші Қамқалы арқылы Қарқаралыға, одан әрі қарай Батыс Сібірге шығып отырған. Экономикалық, сауда-саттық байланыстар болған. Ташкент, Бұқара, Ферғанадан жеміс-жидектер келіп тұрса, бұл жақтың шаруалары ол жаққа мал айдаған. Бұл туралы Әлкей Марғұланның еңбектерінде біраз айтылады. Саудакенттің дамуында Түргештердің үлесі зор. Бұл қала X-XI ғасырларда Қарахан мемлекетінің құрамында болған. Гүлденіп, өркендеген уақыты сол кезең. Бүгінгі археологиялық зерттеулер соны дәлелдеп отыр. Қалашыққа қатысты қазба жұмыстары кезінде көне ғасырға тән ыдыс сынықтары, сүйектер, металдан жасалған заттар табылып, бояулы ыдыстар көп шыққан. – Саудакент қаласының салынуы туралы ғалымдар арасында түрлі пікірлер бар. Оған не дейсіз? – Ондай пікірлердің бар екені рас. Дегенмен, ғылыми тұжырым нақты дәлел болып табылады. Қалашыққа 1949 жылы зерттеу жүргізген тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Бернштам заттай деректер таба отырып, олардың қай ғасырға тиесілі екеніне назар аударды. Нәтижесінде, бұл қала жергілікті халыққа тән деген тұжырымға келді. Яғни, Саудакентті отырықшы тұрғындар салған. Сонымен, бұл ретте пікір екіге бөлінді. Бернштам жергілікті тұрғындар салған қала десе, екінші топ келімсектердің күшімен тұрғызылғанын айтады. Алайда, қазіргі отандық археологиялық зерттеу нәтижесінде ғалымдар бір шешімге келді. Қолайлы жерде орналасқан қалаларды жергілікті тұрғындар өздері салған деген нақты ұйғарым жасады. Саудакенттің жанында Шабақты өзені бар. Бұл отырықшы халықтың жерді иеленіп, егіншілікпен айналысқанын көрсетеді. Ауа райының жылы болуы да мал шаруашылығы мен егіншіліктің алға басуына қолайлы болған. 2012 жылғы археологиялық барлау барысында дән үккіштер, су диірменінің, қол диірменінің қалдықтары көп табылған. Мұның бәрі егіншілікке тән құралдар екені белгілі. Сондай-ақ, тұрмыстық қалдықтарды тастайтын шұңқырлардың ішінен үй жануарларының сүйектері табылған. Бұл қалашықта төрт түлік мал ұстаған шаруалардың аз болмағанын дәлелдейді. Дегенмен, осыншалық тарихы бар Саудакент қалашығының бүгінгі сақталу жағдайы өте аянышты. – Сонда қалашықты зерттеуге, зерделеуге өз деңгейінде көңіл бөлінбей отыр ма? Саудакент қаласының тарихи орнын сақтау және қалпына келтіру үшін қандай жұмыстар жүргізілуі тиіс? – Кеңес кезінде Байқадам (ол кезде Саудакент солай аталған) елді мекеніне тұрғындардың көп қоныстануынан қала топографиялық өзгеріске ұшырады, мәдени қабаттары бұзылды. Қалашықтың орталық бөлігі мен шаһристаны ғана сақталып отыр. Орталық бөлігінің біршама аумағында қазіргі заманғы зираттар орналасқан. Алдағы уақытта бұл қаланың қорғалу аумағын белгілеп, шекарасын анықтап алуымыз керек. Ал, дәл қазіргі қалпымен айтсақ, ортағасырлық тарихи ескерткіштерге бай Саудакент қаласы апатты жағдайда тұр. Мемлекет тарапынан Саудакент қалашығының орнына кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуі қажет. Тарихи қалашықты қайта қалпына келтіру арқылы өңірлік туризмді дамытуға мүмкіндік бар. Зерттеулер нәтижесінде қала қабаттарының қазылуына байланысты ашық аспан астындағы музей ашу қажет. Қалашықтың қабаттарынан табылған жәдігерлерді аудандық тарихи-өлкетану музей қорына өткізген дұрыс. Бұл орайда, «жергілікті билік өкілдері Саудакент қалашығы секілді ескерусіз қалған ескерткіштерге жанашырлық танытса» деген ойымыз бар. – Қалашыққа қатысты тағы қандай тарихи деректер бар? – Саудакент қалашығына қатысты деректер жеткілікті. Бұл қалашыққа Арменияның патшасы Гейтум келген деген ақпарат айтылып жүр. Ол Қарақорымға Шыңғыс ханның ұрпақтарымен келіссөз жүргізу үшін осы төңіректен өткен дейді. Католик дінінің эпископы, яғни, Рубрик, Плано Карпини осы Саудакент жерінен өткен деген деректер де бар. Бұл туралы жарық көрген саяхат кітабы қазіргі таңда қазақ тіліне аударылды деген хабарды құлағым шалды. Бұл жағдай расталатын болса, Саудакенттің беделі бұрынғыдан да арта түседі. Біз жоғарыда айтқан тарихи кісілердің жүріп өткен кезі табиғаттың тұнық уақыттары ғой. Ол кезде Шу бойының қамысы қалың, аң-құстардың жүздеген түрі сол маңайда мекендеп жатқан кез. Олар үлкен Шу жері арқылы Алмалыққа, одан әрі қарай Жоңғар қақпасы арқылы Монғолияға өтіп кеткен секілді. Қазіргі таңда Сарысу ауданы аумағындағы Ақтоғай үңгірінде қазақ-жапон халықаралық археологиялық тобының мүшелері зерттеу жүргізіп жатыр. Жалпы, Саудакент аумағында арғы тас дәуірінен бастап тіршілік болған. Адамдар климаты жылы болғандықтан, осында қоныстанған. Шарбақты тұрағы, Жоталы үңгір тарихтары тас дәуірінен сыр шертеді. Жаңатас қаласының маңындағы тауға қарай бойласаңыз, тастарға қашап жазылған сан алуан таңбаларға куә боласыз. Бұл таңбалар да көне тарихтың белгілерін көрсетіп тұр. Қазіргі таңда Германияда осы Шарбақтының тарихы жөнінде докторлық диссертация қорғалып жатыр. Ал, жергілікті басшылар Саудакент қалашығына немкетті қарап, әлі күнге жайбарақат отыр. Ал, біз қазір көз алдымызда көміліп жатқан қазынаға толы Саудакент тарихын терең зерттеуге қауқарсыз болып отырмыз. Бұл жерде тағы бір ескертетін жағдай бар. Саудакент тарихын руға теліп майдалануға болмайды. Ондай пікірден жергілікті тұрғындар аулақ болуы керек. Саудакент тарихы – ортақ тарих. Бүкіл қазақ даласына маңызы бар құнды тарих. Саудакент тарихына жеңіл-желпі қарауға болмайды. Тағы бір айта кетерім, Саудакентті біз VII-XII ғасырға жатқызып, ортағасырлық қала деп атап отырмыз. Ал, қалашыққа кешенді зерттеу жұмыстары жүрсе, бұл болжам әрі қарай жылжуы мүмкін. Саудакенттің тарихы V ғасырға, тіпті одан да әрі барып қалуы мүмкін. Сондықтан, Саудакент қалашығын қолға алып, зерттеп, тарихи маңызын биіктететін мезгіл жетті. Ол облысымыздың туризм кластеріне қосылған үлкен үлес болар еді. Бір сөзбен айтқанда, Саудакент қалашығының асты тұнған тарих. Ашылатын да, аршылатын да уақыты жетті.
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.