Саясат

Бірлік жоқ болса, ұйым жоқ, ұйым жоқ болса, күйің жоқ

Бірлік жоқ болса, ұйым жоқ, ұйым жоқ болса, күйің жоқ

Интеграциялық кеңістікке керегі – кең пейіл

– Сіз 1999 жылы Үкімет төрағасы болған кезіңізде Алматыға келдіңіз. Осы жылдар ішінде, Сіз, Ресейде билік вертикалын қалпына келтірдіңіз, соның арқасында ол бүгінде мүлде басқа елге айналды. Өзіңіз жариялаған Жолдауды және ойға алған жоспарларды жүзеге асыруда үлкен табыстар тілеймін. Биыл біз Астанада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойдық. Ол келесі жылы жұмыс істей бастайды. Барлық кедергілерге қарамастан, біз бұл ұйымды қолдауға және оны өміршең әрі барлығы үшін тартымды етуге тиіспіз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз кезегінде Ресей Президенті екіжақты ынтымақтастықтың негізгі перспективаларына және интеграцияны әрі қарай тереңдету жөніндегі жоспарларға назар аударды. Мемлекет басшылары кездесу аясында 2013 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартты ратификациялау туралы грамоталармен алмасу жөніндегі Хаттамаға қол қойды. Елбасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына және оның қорытындысына арналған бірлескен баспасөз мәслихатына да қатысты. Сонымен қатар, жиынға Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения Президенті Серж Саргсян және Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев қатысты. Мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақты 2015 жылдан бастап іске қосу және оның шетелдік серіктестермен өзара ықпалдастығы мәселелерін қарастырды. Отырыс барысында Мемлекет басшылары ЕАЭО органдарының қызметін регламенттеуге, Одақ Соты мен Комиссиясын құруға және оның жұмысына, сондай-ақ Т.Мансұровты Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі aлқасының мүшесі (министр) етіп тағайындауға байланысты бірқатар шешімдерге қол қойды. Сонымен қатар, президенттер 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғызстан Республикасының қосылуы туралы шартқа қол қойды. Қазақстан Президенті отырыс қорытындысына арналған баспасөз мәслихатындағы сөзінде 2015 жыл тарихқа еуразиялық ықпалдастықтың жаңа кезеңі ретінде кіретініне тоқталды. – Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енеді. Еуразияның ұланғайыр кеңістігінде тұңғыш рет ерікті, теңқұқылы және өзара тиімді негізде қуатты табиғи және ресурстық әлеуеті, жаһандық және өңірлік ауқымда стратегиялық маңызды көлік, энергетика және технологиялық жүйесі бар экономикалық бірлестік құрылады, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміз ХХІ ғасырдың сын-қатерлеріне жауап бере отырып, экономикалық әлеуетті біріктіргенін атап көрсетті. Еуразиялық экономикалық ықпалдастық идеясын жүзеге асыруға атсалысқандардың барлығына ризашылығын білдірді. – Біз ықпалдастығымыз өзге мемлекеттер үшін экономикалық серіктестіктің тартымды үлгісіне айналып, ЕАЭО-қатысушылар саны ұлғаюы үшін бәрін жасауға тиіспіз. Біздің экономикалық одақ – әлемнің барлық ықпалдастық бірлестіктерімен, соның ішінде Еуропалық одақпен де өзара тиімді ынтымақтастық үшін ашық ұйым. Елдеріміздің барша азаматтарын Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен құттықтаймын, – деді Қазақстан Президенті. ҰҚШҰ – жаһандық және өңірлік қауіпсіздіктің кепілі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының отырысына қатысты. Бұл жиынға Қазақстан басшысынан бөлек, Президенттер, атап айтқанда, Армениядан – Серж Саргсян, Беларусьтен – Александр Лукашенко, Қырғызстаннан – Алмазбек Атамбаев, Ресейден – Владимир Путин, Тәжікстаннан – Эмомали Рахмон, сондай-ақ, ҰҚШҰ бас хатшысы Николай Бордюжа қатысты. Мемлекет басшылары ұйымның жауапкершілік аймағындағы ахуалды талқылап, қауіпсіздіктің жаһандық және өңірлік сын-қатерлеріне қарсы ҰҚШҰ-ның дағдарыстық әрекет ету жүйесі жағдайын қарастырды. Ұйымның жоғары органы - Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі. Құрамына мүше мемлекеттердің басшылары кіретін кеңес Ұйым қызметінің қағидатты мәселелерін қарастырып, оның мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға қатысты шешімдер қабылдайды, сондай-ақ, осы мақсаттарды іске асыру үшін мүше мемлекеттердің қызметін үйлестіріп, бірлескен іс-әрекеттерін қамтамасыз етеді. ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік пен тұрақтылықты өздерінің назарында ұстайтын басқа да кеңестер бар. Мәселен, мүше мемлекеттер тағайындайтын өкілетті өкілдерден тұратын Тұрақты кеңес Ұйым органдары қабылдаған шешімдерді іске асыру үшін тараптардың өзара қатынастарын үйлестіру мәселелерімен айналысса, Сыртқы істер министрлері кеңесі – сыртқы саясат саласындағы мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын үйлестіру мәселелерін басшылыққа алатын атқарушы орган. ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы басталмас бұрын Ресей Президенті В.Путин жиынға келген Ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларын жеке-жеке қарсы алды. Келелі мәселелерге өзек болған отырыс бұдан кейін шағын құрамда жалғасты. Жиынды ашқан Ресей Президенті ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы қазіргідей аумалы-төкпелі кезеңде ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Бүгінде жағдай сәт сайын өзгеріп отырады. «Ескі жаралардың» аузы қайтадан ашылып, «жаңа сырқаттар» да дендей бастады. Бұлардың барлығы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерден біздің елдеріміздің және жалпы өңіріміздің қауіпсіздігін, тұрақтылығын қамтамасыз етуде бірлесе әрекет етіп, бірлесе күш жұмсауды қажет етуде. Олардың ішінде терроризммен, есірткі трафигімен күрес жүргізу, трансшекаралық қылмыстық топтардың іс-әрекеттерін болдырмау, табиғи және техногендік қауіп-қатерлердің алдын алу сынды мәселелер бар», – деді В.Путин. ҰҚШҰ-ның бұл мәселелерді оңтайлы шешуде өз құзыреті қалыптасқан, – деді әрі қарай Ресей басшысы. Көп жылдан бері бұл ұйым өзін тиімді және беделді өңірлік құрылым ретінде көрсете білді. Оның аясында теңқұқылық әріптестік, ашықтық, өзара құрмет, сенімділік сынды қағидаттар жатыр. Ресей ҰҚШҰ-ға төрағалық ету кезінде Ұйымның сыртқы сипатын жандандыру мен оның тетіктерін бекіту бойынша жұмыстар жүргізді. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ауқымды халықаралық ұйымдардағы үйлестіру жұмыстары жанданды. ҰҚШҰ Ауғанстандағы жағдайды қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп, өңір қауіпсіздігін сақтауды әрдайым назарда ұстап келеді. Әрине, бұл елде қалыптасқан жағдай алаңдатарлықтай болып тұр. Террористік және экстремистік топтар өздерінің белсенділігін Орталық Азияда кеңінен таратуды көздеуде. Сондықтан, ҰҚШҰ-ға мүше елдер кез-келген жағдайға дайын болып, ортақ күш біріктіре білуі керек. В.Путин биылғы жылы Ұйым шеңберінде оған мүше мемлекеттерде атқарылған іс-шаралар жайына тоқталып, болашақта бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажеттігін жеткізді. Бұл орайда, өзінен кейінгі сөзді Ресейден ҰҚШҰ-ға төрағалық тізгінін алған Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға берді. Сонымен қатар, сессия барысында ұйымдағы төрағалықты Ресейден қабылдап алған Тәжікстан келер жылғы қызметтің басым бағыттарымен таныстырды. Қазақстан Президенті сессияға қатысушыларға арнаған сөзінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығына ортақ міндет қауіпсіздікті нығайтуға, өңірдегі бейбіт әрі тұрақты дамуға қажетті жағдайды қамтамасыз етуге атсалысу екеніне тоқталды. – Бұл өзге елдермен және халықаралық ұйымдармен сындарлы әрекеттестік үшін ашық ұйым. Отырыста қабылдау жоспарланған шешімдер ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер арасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қызметтің тиімділігін көтеру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түседі деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, сессияда сөйлегендер Шарттың ережесін нақты жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің өзара белсене ықпалдасуы қажеттігін атап өтті. Кеңейтілген құрамдағы отырыстың қорытындысы бойынша мемлекет басшылары ҰҚШҰ аясындағы сыртқы саяси үйлестіруді жетілдіруге, Ұйымның әскери және әскери-экономикалық, терроризммен күрес, ақпараттық қауіпсіздік және кадр даярлау салаларындағы ынтымақтастығын дамытуға қатысты 20 шақты құжатқа қол қойды. Сондай-ақ, президенттер Мәлімдеме қабылдады, онда қазіргі заманның негізгі қауіптері мен сын-қатерлеріне қарсы іс-қимылдар көрініс тапқан.