Ардагерлер үшін арнайы саяхат
Ардагерлер үшін арнайы саяхат
Аудан халқы 85 жылдық мерейтойды да лайықты деңгейде қарсы алып отыр. Көптеген игі іс- шаралар ұйымдастырылып, аудан тарихын айшықтайтын түрлі кездесулер мен туристік іссапарлар жыл бойы жалғасып келеді. Бұған дәлел ретінде шаңырақ көтерген жылдардан бастап ауданның қалыптасуына, оның өсіп- өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, бүгінгі күнде қазыналы қарттарымызға айналып отырған 50 еңбек ардагерінің қасиетті Түркістан жеріне саяхаттап қайтқанын айтсақ та болады. Мерейтойды өткізу жөніндегі іс- шаралар жоспарын жасаған кезде өңір тарихына елеулі үлес қосқан қариялардың киелі Түркістан жеріне саяхат-сапарын ұйымдастыру да жоспарға енгізілген болатын. Осыған сәйкес, аудан әкімінің бастамасымен жергілікті бюджеттен арнайы қаражат қарастырылып, тендер ойнатылған еді. Қызмет көрсетудің бұл түрін заңды түрде жеңіп алған облысымыздағы Абзал Әбделханұлы Мұқатаев жетекшілік ететін «KOMEK DEMEU. KZ» қоғамдық қоры қариялардың саяхат сапарын ұйымдастырып, оларға көне Түріктің бесігі атанған киелі Түркістанның тарихи жерлерін аралатып қайтты. Аудан орталығындағы Т.Рысқұлов ескерткіші алдына жиналған ардагерлерді аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев пен саясат бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев құшақ жая қарсы алды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов бастаған барлық ауылдардан келген қазыналы қарттар түгел бас қосқан соң аудан әкімі Ернар Есіркепов арнайы келіп құттықтап, өңір тарихында ерекше орын алатын қарттарды ақ жол тілеп шығарып салды. Қапталында ауданның эмблемасы белгіленген жайлы да жұмсақ «Икарус» автобусы Түркістанды бетке алып жолға шықты. Жол-жөнекей ардагерлерге мінсіз қызмет көрсетіп отырған қор өкілдеріне, медбикеге және еріктілерге қариялар ақ батасын беріп, ерекше ризашылықтарын білдірді. Ал, автобустан алда жүріп отырған аудандық әкімдіктің өкілдері, Мәдениет үйінің директоры Нұрдос Базарқұлов пен әнші Нұрлан Әмірбеков атбасын шалдыратын жерлерге бұрын жетіп, қариялардың ас-суын әзірлеп, жағдайларын жасап отырды. Киелі Түркістанға жол тартқан қарт саяхатшылардың алғашқы атбасын тіреген жері есімі төрткүл дүниеге мәшһүр, киелі де қасиетті Арыстан Баб кесенесі болды. Қарттарды осында қарсы алған жол бастаушы жас жігіт өңірдің тарихы жайлы әңгіме қозғап, ықылым заманнан киелі саналатын Арыстан Баб әулие туралы жан-жақты деректер берді. Саяхатшы қарттар кесене ішін аралап көріп, зиярат етті. Ата-бабалар аруағына бағышталып Құран оқылып, дұға жасалды. Ардагерлер сонау ХІІ ғасырдан бері жұмыс істеп тұрған қасиетті құдықтың суынан ішті. Қор қызметкерлері жайған мол дастарқаннан кешкі асын ішкен саяхатшылар облыс орталығы мәртебесін алғалы бері күн санап жасарып, жаңарып келе жатқан түнгі Түркістан көрінісін тамашалады. Әсіресе, облыс орталығының қақ төріндегі жасанды су айдынында қалқып жүзген, қызылды-жасылды түске боялған субұрқақтарымен көмкерілген, су бетіндегі театрландырылған көріністер ерекше әсер етті. Қараңғы түсе жайлы қонақүйге жайғасып, жақсы тыныққан ардагерлер ертесіне Ұлы ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне келді. Ұзындығы 60 метр, биіктігі 37,5 метр болатын алып құрылысты кезінде төрткүл дүниеге аты әйгілі болған Ақсақ Темір бабамыздың салдырғаны тарихтан аян. Кесененің архитектуралық келбеті әсемдігімен ерекше таңғалдырады. Оған қарап тұрып ғасырлар қойнауына барып-қайтқандай боласың. Сол көне заманның өзінде ата-бабаларымыздың архитектураны соншама терең меңгеріп, осындай алып құрылысты ешқандай техниканың көмегінсіз қол күшімен атқарғанына таңданбасқа лажың жоқ. Ал, жерасты мешітін көру ерекше әсерге бөледі. Ондағы құрылыс ерекшеліктерін, бөлмелердің орналасу ретінің соншалықты білгірлікпен жасалғанын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз 63 жасқа келген соң қалған 62 жыл өмірін осы жер асты мешітіндегі қылуетте өткізіп, өзінің әйгілі еңбектерін осында жазғандығын білгенде таңғалмасқа лажың қалмайды. Саяхат сапар барысында бұдан басқа да тарихи-мәдени орындарды аралап, ерекше әсерге бөленген ардагерлер ұйымдастырушыларға ақ тілекті алғыстарын жаудырып, аман- есен ауылға оралды.
Тұрсынхан ЖАМАНБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Т.Рысқұлов ауданы