ӘЙЕЛДІҢ ҚЫРЫҚ ЖАНЫ ЖОҚ
ӘЙЕЛДІҢ ҚЫРЫҚ ЖАНЫ ЖОҚ
Барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заңбұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Зерттеулер бойынша оның басты себептерінің біріне етек алған маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар. Ал, біздің мемлекетіміз үшін әйелді, ананы қорғау ерекше мәселе. Бұған Мемлекет басшысы да тереңірек мән бәріп, «қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді», – деп тұжырымдауында үлкен мән жатыр. Әрбір әйел – отбасының ұйытқысы. Өмірдің қиын жағдайларын бастан кешіп жатқан, жақындарынан зәбір көрген жандардың уақытша паналауына арналып соғылған «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Жамал Қалыбековаға орталыққа жүгінетін қыз- келіншектердің саны қанша, статистика қалай сөйлейді деген көптің көкейінде жүрген сауалды қойып көрдік. – Қазіргі таңда орталығымыздан пана іздеп келген, қызметімізге жүгінген 5 әйел мен 17 жасөспірім жасына жетпеген баланы ыстық тамақ, жатын орынмен қамтамасыз етудеміз. Жалпы орын саны 27. Өткен жылы 208 адам біздің қызметімізді алса, биылғы статистика 98 адамға азайғаны көңіл қуантады, – деді. Отбасындағы зорлық-зомбылық – қоғам дерті. Бала үшін ата-анасының үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейтінін айғақтайтын фактілер жиі кездеседі. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсету проблемасы бойынша мәліметтер мен жетік статистикалық деректердің жетіспеу проблемасы бар елдердің қатарына Қазақстан да жатады. Мәселенің тереңдігі мен көлемі әлі де белгісіз, ал біздің қолымыздағы біркелкі емес зерделеу нәтижелері іс жүзіндегі жағдай туралы болжамдар жасауға ғана мүмкіндік береді. Балаларға, әсіресе кішкентай балаларға зорлық-зомбылықтың үй, отбасы ішінде көрсетілуі көзге түсе қоймағандықтан, көп жағдайда мойындалмайды. Балаларға қауіп-қатер сыртта жүргенде бөгде адамдар тарапынан төнеді деген жалған пікір қалыптастыру үрдісі байқалуда. Жағдайдың шатақ болуы мәселенің күрделілігіне байланысты, сондай-ақ балалар жайлы пікірдің индивидум және отбасының басқа мүшелері сияқты қорғалу құқығы бар жеке субъект болудан гөрі, ата-анасының меншігі ретінде қалыптасудың салдары. Балалар құқықтары туралы конвенция бар, дегенмен, оларға қатысты талаптар толық сақтала бермейді. Балаларға қатігездік көрсету және адамзаттық абыройына нұқсан келтіру, оларды ата-аналарының және өзге қамқоршыларының жазалауын қоғамдық пікірдің қолдауы да кездесіп жатады. Ал, бұл балалар мүддесін қорғауға бағытталған, қоғам ішінде рұқсат етілетін тәрбиелеу мен жол берілмейтін қатігездік ұғымдарының ара-жігін ажыратуға мәжбүр кезде жасалатын жұмыстарға айтарлықтай кедергі келтіреді. Қоғамдағы пікір бойынша балаға қасақана зақым келтіру немесе абыройына нұқсан келтіру қалыпты жағдай болып есептелсе, балаларды қорғау және тәрбиелеудің оң нышандарының дамуына ықпал жасау мүмкіндігін көңілге қонымды етіп негіздеу мен жеткізу мүлде мүмкін емес. Қазақстан – зайырлы мемлекет, сондықтан азаматтарымыз ар-ождан бостандығымен қамтамасыз етілуі тиіс. Әрқайсымыз өз шама-шарқымыз жеткенше дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін қандай да бір іс-әрекетке қарсы тұратын уақыт жетті.
Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ.