Білім

Білім ошағы пайдалануға берілді

Білім ошағы пайдалануға берілді

Жамбыл ауданындағы Шайқорық ауылында Танта бастауыш мектеп- гимназиясы пайдалануға берілді. Президент тапсырмасы бойынша жекеменшік- серіктестік аясында салынған білім ошағы 200 балаға шақталған. Білім ұясының ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова құттықтау сөз сөйлеп, ғимараттың қызыл лентасын қиып, болашақ ұрпақтың жаңа қадамына сәттілік тіледі.

– Білімді ұрпақ елдің еңсесін көтереді. Білім – таусылмайтын қазына, өмір азығы, қолымыздағы шырақ, адамзат құндылығы. Ал, құндылық атаулы қоғамдық мұраттарды қамтыса, мектеп – білім бақшасы. Кемел келешегімізді қалыптастыратын өскелең ұрпақ мектеп табалдырығында үлкен өмірге қажетті білім нәрімен сусындап өседі. Дүниетаным, ақыл-парасат, саналылық пен рухани жетілу, сауаттылық пен саламаттылық осы жерден бастау алады. «Жаста берген тәрбие, жас қайыңды игендей» деген сөзді дана халқымыз ғылым мен білім бақшасына қарата айтқан. Айта кету керек, ауданымызда 39 білім ошағы болса, бүгін тағы бір білім ошағының есігін жеке кәсіпкер Мұхит Батырбекұлы ашып берді, – деген Мақпал Сатыбалдықызы кәсіпкерге ерекше алғысын жеткізді. Іс-шарада ауыл ақсақалдары мен ата-аналар да балаларға ізгі тілектерін білдірді. Ал, мектеп директоры Раушан Саурықованың айтуынша, мектеп-гимназияда балалар бірінші ауысымда талапқа сай сабақ оқиды. Түстен кейін де ұстаздардың қадағалауында болады әрі робототехника, тілдік курстар мен түрлі үйірмелерге қатысады. Мұнда саламатты өмір салтын қалыптастыруға да барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, оқушылар үш мезгіл тамақпен қамтылады. Одан бөлек, 100 оқушы білім алатын, 8 педагог жұмыс атқаратын білім нысаны оқуға қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.  

 Назерке СӘНДІБЕК.

Жамбыл ауданы.