Керуені күнге беттеген ел
Керуені күнге беттеген ел
немесе іс тетігі – білікті басшылардың қолында
Облыс әкімінің жамбылдық зиялы қауыммен өткен кездесуінен үлкен әсермен тарқастық. Бұлай болуының өзіндік себебі де бар. Жексенбінің кешінде ғана Қайырбек екеуміз Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық жетекші телеарналардың өкілдеріне берген сұхбатын ықыласпен тыңдадық. Ол кісі өзінің аса біліктілігімен, биік парасат-пайымымен байыптап отырып, халқымыздың баға жетпес құндылығы – Тәуелсіздігіміз, ел мен жердің тағдыры, тарихы, Қазақ Елінің жарқын келешегі жайлы жақсы әңгіме айтты. Дала жайлы, ұлт жайлы, Мәңгілік Ел идеясының мәні жайлы тереңнен тартып сөйледі. Кемеңгер басшының келістіріп айтқан әңгімесіне марқайып отырып құлақ түрдік. Жүрегіміз тебіренді, жанымыз жадырады. Сол салиқалы сұхбаттың арасында руханият саласы, оның ішінде кітаптың маңыздылығы туралы тамаша айтылды. Елбасы өзінің жастайынан кітапқұмар болғанын, бүгінгі білім мен ғылымның өркендеген заманында кітап оқудың пайдасы зор екенін айта келіп, өзінің әлемдегі қазіргі жағдай туралы, экономика мамандарының экономика туралы кітаптарын және атақты кісілердің өзі ұнататын кітаптарын оқып отыратынын айтты. Соның ішінде қазақ жазушыларының шығармаларына да уақыт тауып көз салатынын жеткізді. Елін, жерін жан-тәнімен сүйетін көшбасшымыздың келелі ойларына, әлемдегі танымал тұлғалардың бірі бола тұра, қарапайым қазақ екенін мақтаныш ете білетін, заман ағымын ақылмен сезе білетін қасиетіне риза болдық. Дүйсенбі күнгі облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың жамбылдық қаламгерлердің басын қосуы осы кездесудің жалғасындай болды. Кездесу барысында жан-жақты жақсы әңгіме өрбіді. Ол кісі ең алдымен, өзінің халықтың ортасынан шыққандығын білдіріп, халықтың жайын айтты, облыстың экономикалық- әлеуметтік даму көрсеткіштерін, бюджетін, Елбасының берген тапсырмаларына орай алда атқарылатын қыруар жұмыстарын баяндап, жаңа жоспарларымен бөлісті. Өзінің бастамаларын ортаға салды. Оның барлығын жүзеге асыруда күш-қайратын аянып қалмайтындығын білдірді. Әңгіме арасында жамбылдық қаламгерлердің шығармашылығына ұдайы қолдау көрсететінін, жаңа кітаптарын шығаруға жағдай жасап, мерейтой иелерінің торқалы тойының лайықты аталып өтуіне ұйытқы болатынын жеткізді. Қазақы жоралғымен жаңа жылдық сый-сияпат жасады. Жиында сөз алған көрнекті ақын ағамыз Арғынбай Бекбосынов Қазақ Хандығының 550 жылдығына орай өз ұсынысын айтты. Басқосуда айтылған сөздерден өзімше ой түйдім. Қаламгер қауым қоғамдық ойды қозғап, елдің мұңын жырлап, елді ынтымақ пен бірлікке үндейді. Оқырман жанына ізгілік пен сұлулық сыйлайды. Жазушылар мен журналистер қозғаған ойды нақты іске асыратын жандар – әкімдер. Олар – күні-түні халықпен бірге. Істің тетігі – білікті басшылардың қолында. Олардың еңбектерінің нәтижесі – елдің көзінде. Әкімнің осыны жете түсініп, облысты басқару ісінде іскерлік пен кісілікті қатар ұстауға ниеттеніп, Жамбыл өңірінің қаласы мен ауылын,қалың қауымын жүрегінде ұстап, елге қалтқысыз қызмет етуге деген құлшынысы ұнады. Кәрім Нәсбекұлының тарихы тым тереңнен басталатын шаһардың жарқын болашағына қатысты тамаша жобалары мен жоспарларын естігенде, өзім сүйіп жырлаған, жерінен құты кетпеген, керуені күнге беттеген көне де көркем мекенде, нұрлы Таразда тұрып жатқаныма қуандым. Облыста қазақ әдебиетінің қайратты өкілдері бар. Олардың шығармашылығы лайықты бағаланып та келеді. Аға буынның ізінен ілескен талантты жас толқынның, арынды ұрпақтың тұлпарларының тұяғының дүбірі де естіліп тұрғандай. Облыстың жетпіс бес жылдық мерейтойына орай облыс әкімінің қолдауымен, жазушы Елен Әлімжан құрастырған «Атыңнан айналайын, Әулиеата» атты кітап көркемдігі жағынан да, танымдығы жағынан да сүбелі дүние деуге болады. Сөз соңында айтарым, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев белгілеп берген «Нұрлы жолда» Жамбыл облысының алдында тұрған барлық жолдар ашық болсын. «Мәңгілік Ел» - Қазақ Елі аман болсын, мерейлі болсын!