Әлеумет

Сала мамандары марапатталды

Сала мамандары марапатталды

2013 жылдың 22 қарашасында Мемлекет басшысының Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі «Еңбек күні» болып бекітілген.Мереке Ел Президентінің Жалпыға ортақ Еңбек қоғамын құру идеясы аясында жұмыс істейтін адамның қоғамдағы беделін арттыруға, өнімді еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттауға және жұмысшы әулеттердің ежелден қалыптасқан дәстүрлерін нығайтуға арналған.

Осыған орай, Қазақстан халықтары Ассамблеясы ғимаратында облыс әкімдігінің Еңбек инспекциясы басқармасының ұйымдастыруымен «Адал азамат – адал еңбек» тақырыбында салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сала үздіктерін мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. – Дана халқымыз «Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі», деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, адал еңбек – бүкіл жетістіктің бастауы, табысқа жетудің кілті. Мемлекет осы басты қағидат барлық жерде салтанат құруы үшін бәрін жасайды. Әділетті Қазақстанды еңбекқор, адал азаматтар ғана құра алатынына кәміл сенемін. Бұл мереке нағыз еңбекқорларды ұлықтауға арналған айрықша мереке. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін, – деді Нұржан Сәбитұлы. Сонымен қатар, іс-шарада облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов, облыстық кәсіподақтары орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Аслан Оразбеков, «Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерұлан Мағзымбеков тілектерін жеткізді. Жиын барысында облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Нүркен Сейдалиев атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Мерекелік жиында бірқатар азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, «Amanat» партиясының, облыстық Кәсіподақтар орталығының, облыс әкімдігі Еңбек инспекциясы басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Одан бөлек, биыл ұйымдастырылған аймақтық «Еңбек жолы» конкурсында «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістік үздік жас» номинацияларын жеңіп алған байқауға қатысушыларға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дипломы және сыйлықтары табысталды.  

 Мақпал СҮЙІНБАЙ.