Әлеумет

Жылыту маусымына дайындық пысықталды

Жылыту маусымына дайындық пысықталды

Көгілдір отынмен қамтамасыз етілген ауылдардағы әлеуметтік нысандар әлі күнге көмірмен жылытылады. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Ал, өңірдің жылыту маусымына дайындығы қалай? Бұл сұрақтарға «Amanat» партиясының облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы мен партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл жөніндегі кеңестің бірлескен отырысында жауап берілді.

Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, облыста 9 негізгі жылу энергетика кешен және 593 автономды қазандық бар, олармен жалпы 1 737 әлеуметтік нысан мен 1649 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, ол аймақтың жылуына жауапты «Таразэнергоорталық», «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і», «Жамбыл-Жылу», «София», «Құлан-Энерго-Жылу», «Жаңатас- Су-Жылу», «Игілік», «Шу-Жылу» сынды мекемелердің дайындығына тоқталды. Жалпы, аталған мекемелер толықтай дайын болғанымен әлі де уақыт өткізбей шешілуі мәселелерде жоқ емес. Алдағы маусымға қажетті қатты және сұйық отын жоспар бойынша жеткізілген. – Алдағы жылыту маусымына орай облыс тұрғындары үшін 149,7 мың тонна көмір жоспарланып, бүгінге 50,2 мың тоннасы жеткізілді, қамтылу деңгейі 33,5 пайызды құрап отыр. Көмір отынын осы жылдың мамыр айынан келесі жылдың сәуір айына дейін қамту жоспарланған. Мамыр-қыркүйек айларындағы, яғни 5 айдағы көмір жеткізу жоспары 52,9 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде, қыркүйек айындағы жоспар – 21,9 мың тонна. Қазан-сәуір айларындағы жоспар 96,8 мың тонна болып белгіленген, – деді басқарма басшысы. Кеңесте салаға қатысты бірқатар проблемалар көтерілді. Ол ең алдымен өткен қысы қатты, желдің өтінде орналасқан Жаңатас қаласына қосымша дизельдік отынмен жұмыс жасайтын генератор алу мәселесі. Басқарма басшысы кеңес мүшелеріне осы бастаманы шешіп беруге ықпал етуді сұрады. Алдағы уақытта бұл іс аманаттықтардың назарына алынатын болады. Жылда айтып жауыр болған көмірдің бағасы да кеңес мүшелеріне назарын аударды. Нақтырақ айтсақ, бүгінгі күні көмірдің тоннасы 19 мың теңге. Рас, бұл баға өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға қымбаттаған. Бұл әрине көгілдір отынмен қамтамасыз етілмеген ауыл халқының қалтасын қағатыны белгілі. Бірақ, басқарма басшысы бұл бағаның заңды екенін қуаттап, баға байламы бақылауда болатынын тілге тиек етті. Қазіргі таңда газбен қамтамасыз етілген ауылдардағы әлеуметтік нысандар қатты отынмен жылытылады. Аманаттық депутаттарды мазалап жүрген де осы сауал. – Бүгінде көгілдір отын тартылған ауылдардағы білім, спорт және мәдениет нысандары әлі күнге көмірмен жылытылады. Б ұ л ауылдарға алды 5 жыл, кемі 3 жыл бұрын газ берілген. Бірақ, халық көп жиналатын орындардың газға қосылмағаны қызық. Сондықтан, басқарма осы мақсатта жұмыстарын жандандыру қажет, – деді кеңес мүшесі Жұмахан Тәнкебай. Өз кезегінде Құдайберген Нұрсерікұлы мұндай ауылдардағы әлеуметтік нысандарға газ кіргізу қыруар қаржыны талап ететінін атап өтті. Дегенмен, бұл жұмыстар өңірде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары 49 мәдениет үйіне көгілдір отын кіргізуге 3 миллиард қаржы кеткен. Сондай-ақ, 25 әлеуметтік нысанға көгілдір отын тарту жұмыстары бастау алған. Айта кетерлігі, 2025 жылға дейін бұл жұмыстар толығымен аяқталатын болады. Жиында жылу жүйелеріне тұрғындардың қарызы мен оны өтеу, көпқабатты тұрғын үйлерге есептегіш құралдарын орнату, көмір сапасы, өңірге мазут жеткізу мәселелері қаралды. Кеңес отырысында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттер талқыланды. Ол бойынша өңірде атқарылуы тиіс жұмыстар партия назарына алынатын болады.  

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ,

«Amanat» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.