Әлеумет

Ардагерлер ардақтауға лайық

Ардагерлер ардақтауға лайық

Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Байзақ ауданында көшпелі семинар-кеңесі өтті.

Оған қала мен аудандардағы ардагерлер кеңесінің бастауыш ұйымдары қатысты. Жиын Ынтымақ, Мырзатай елді мекендерінде өтіп, онда ауылдық округ әкімдерімен бірлесе бастауыш ұйымдар атқарған жұмыстар қаралды. Осыдан кейін семинар-кеңес Сарыкемер ауылында жалғасын тапты. Әуелі ардагерлер жарылыс кезінде қаза тапқандар тақтасына гүл шоқтарын қойып, аудандық Мәдениет үйінің кіре берісінде көрмемен танысты. Жергілікті қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалап, семинар-кеңесті аудан халқының қатысуымен жалғастырды. Іс-шараны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы айта келе, осы Жолдау аясында ауылдық жерлерде атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов ауыл халқының әлеуетін көтеруге тиісті шаралар атқарылып жатқандығы жайлы тоқталды. – Бізде ардагерлерге көп көңіл бөлінеді. Ел үшін еңбек еткен қазыналарымызды қадірлеу баршаға парыз. Олардың күнделікті жағдайы ылғи бақылауда. Өңіріміздің көптеген жетістіктерге жетуі осы қариялардың арқасы, – деді. Содан кейін сөз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермековке берілді. Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы және халықтың жайлы өмір сүруі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуі жөніндегі жұмыстарын жұртшылыққа жеткізді. Сондай-ақ, кеңестің жанынан құрылған аналар алқасының төрайымы Шырын Қапарова сөйледі. Баяндамашының аналар мен әкелер кеңестерінің халық арасындағы тәрбие жұмыстарын жүргізуі, салт-дәстүрлерді, отбасы құндылықтарды жастардың бойына сіңіру туралы баяндамасы тыңдалды. Сонымен қатар аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Саққұлова «Байзақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ардагерлер мен зейнеткерлерге әлеуметтік қызмет көрсетудің жағдайы туралы» баян етті. Аудан бойынша 97 ардагерге 50000 теңгеден бір реттік көмек көрсетілгенін атай келе, жағдайы төмен зейнеткерлердің үйіне тегін газ құбырын тартылғанын және 84 қарияға оңалту орталығына тегін жолдама берілгендігін атап өтті. Осы ретте көпшілік тарапынан сұрақтар қойылып, әлеуметтік салада әлі де шешімі табылмай келе жатқан мәселелер бар екені ескерілді. Семинар соңында аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған аналар алқасы өздерінің дайындаған концерттік бағдарламасын халыққа ұсынды.  

 Нұржан ӘЛІШ.

Байзақ ауданы