Дін адамдарын мазаққа айналдыруға болмайды
Барша мұсылман баласы бір-біріне бауыр. Баршасы ислам дінін ұстанып, дәстүрлі дінді ардақтайды. Осынау асыл дінімізді таратушылар – дін қызметкерлері. Оларды біз құрметтеуіміз керек. Талай ауылдарда имамды қадірлеп төріне шығарып, бағалайтынын білеміз. Ол – жақсы қасиет.
Менің айтайын дегенім, бүгінгі қоғамда дін қызметкерлеріне деген құрметсіздік белең алып кеткен сияқты. Мешіттегі дін қызметкері «Имам» деп аталса, кейде оларға «Молда» деп те атау беріп жүрміз. Имамдар туралы түрлі теріс мақал- мәтелдер де бар. «Жылқының қуы жорға болады, адамның қуы молда болады», «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе», «Дін – қараңғы ін» деген мәтелдер ескі түсінік. «Молдалар әр дастарқанды аңдып, Құран оқып, ақша табатындар» деген теріс түсінік белең алып барады. Әрине, мұны дұрыс көзқарас, әділ баға деп айта алмаймыз. Қазіргі таңда зәулім мешіттеріміз де аз емес. Оларға бас имам болуға лайық діни терең білімді азаматтарымыз да баршылық.
Жалпы, жоғарыдағыдай нақылдар дінге қызмет етіп жүрген адамдар туралы көпшіліктің теріс пікірін қалыптастырады. Әсіресе, бұл тақырыпта нақты көзқарасы қалыптаспаған жастар теріс пікірге тез иланады. «Адам аласы ішінде» дегендей, имамдардың арасында да өз жұмысына толық сай еместері сирек болса да бар шығар. Бірақ, негізінен олар дінге адал қызмет етіп келеді. Сондықтан, жоғарыда айтылған ескі мақалдарға мән берудің қажеті жоқ.
Біз имамдар туралы айтылатын осындай теріс көзқарастар жайлы бірқатар дін өкілдерінен пікір сұрадық. Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің қызметкері Әбдіжаппар Әміров: «Мен бұл туралы ештеңе айтуға зауқым жоқ. Асыл дініміздің дұшпандары көбейіп кетті» десе, Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев: «Имам, молдаларға теріс пікір айтып жүргендердің өздері дұрыс кісілер емес. Менің көзіме көрінсе, оларға өзімнің бірнеше дәлелді сөздерімді айтып ұялтар едім», деді.
Бұдан бөлек бірқатар нақылдар тағы бар. «Дүмше молда дін бұзар», «Құдайсыз қурай сынбас», «Зекетсіздің малы сүндетсізге бұйырар» дейді. Бұл нақылдар біршама сауатты адамдардан шыққаны анық.
Барлық нәрсе Алланың қалауымен болатынын «Құдайсыз қурай сынбас» деген мақал әдемі түсіндіріп тұр. Әр пендеге нәсіпті беруші Алла. Сол бақуатты адам айналасына жомарттық танытқаны жөн, шариғат талабымен зекетіне көңіл бөлгені абзал. Олай болмаған жағдайда жұмысы алға баспайтынын «Зекетсіздің малы сүндетсізге бұйырар» деген мақал меңзейді.
Сөзімнің соңында айтарым, асыл дінімізге қызмет етіп жүрген кісілерді балағаттауға, оларға жағымсыз сөз айтуға болмайды. Ол өзіміздің мәдениетіміздің төмендігін, сауатымыздың жетімсіздігін көрсетеді. Басқа ештеңе де емес. Олар шын мағынасында ауылдарға дін таратып жүрген жақсы адамдар.
Осы тұста бір жағдай есімізге түседі. Еліміз Тәуелсіздік алған шақта талай ұлттық құндылықтарымызбен, оның ішінде асыл дінімізбен де қауышқанымыз белгілі. Сол кезде ауылда дінге бет бұрып, ораза ұстаушылар көбейді. Біздің көшемізде Құдайберген Рахымов деген дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрген ағамыз дін адамдарынан сабақ алып, бес уақыт намазға көшті. Бір сөзбен айтқанда, біздің елді мекеннің бекітілмеген молдасы болды. Екі көше бойынша өтетін ас, Құран оқыту кезінде, ауызашар, айттарда Құран оқитын сол кісі еді. Мен Құдайберген ағамыз біздің елді мекенге діннің дәнін таратты деп айта аламын. Бірақ, мен ауылдағы көп адамға діннің алтын сәулесін таратқан кісі Құдайберген ағай дер едім. Құдайберген ағаның дін ұстауының тағы да жағымды жағы болды. Оның жеті ұл-қызы бар еді. Сол перзенттердің көпшілігі жастай ислам дінінен хабары болып, сауатты болып жетілді. Діни түсінік бойынша ешкімге алданып қалған жоқ. Сол жағынан да жауапты әке ретінде Құдайбергеннің ұтқаны көп болды деп білемін. Ал, қазір сол Құдайберген ағайдың перзенттерімен қатар немерелері де имандылықты ұстанып жүр. Демек, жақсы ниетке ұмтылған ол кісінің еңбегі жеміс бергені анық.
Сондықтан, өзің діннен түк хабарсыз болып жүріп, имамдар мен молда кісілерді ғайбаттау мүлдем дұрыс емес. Осыны қаперімізде ұстасақ екен. Жалпы, дін адамдарын мазаққа айналдыруға болмайды.
Есет ДОСАЛЫ
Comments are closed.