Үшарал – жүрегімнің нұрлы таңы
Үшарал – жүрегімнің нұрлы таңы
Парасатты поэзияҚазақтың көрнекті ақыны Күләш Ахметова өзінің сыршыл өлеңдерімен оқырман қауымға жақсы таныс. Әр туындысынан жылылық пен сұлулық, мейірім мен шуақ төгіліп тұратын ақынның әр шығармасы өзіндік қолтаңбасымен ерекше. Күләш Ахметованың шығармашылығы туралы кезінде Әбділда Тәжібаев, Жұмекен Нәжімеденов, Әбіш Кекілбаев және өзге де әдебиет қайраткерлерінің жоғары пікір білдіргені ел есінде. Бүгінде өзі де қазақ өлеңінің қайраткеріне, классик ақынға айналып отырған Күләш Ахметованың әр өлеңінде ұлттық бояу, табиғи әуез бар. Қазақтың қасиетті қай өңірі болмасын таланттарға кенде емес. Таланттың өзі топырағына тартып туады. Тұғырлы Талас жерінің Үшарал ауылы да қазақ өлеңінің аламанына Күләш Ахметованы үкілеп қосқан, үміт күткен қастерлі мекен. Мұнда ғұмыр кешкен өмірі өнеге, тағдыры бөлек талай тұлғаның ақынның азамат болып қалыптасуына, өлеңге адал болуына әсер еткені анық. Шығармашылық адамы үшін туған жердің қасиеті мен киесі бөлек. Әрбір ақын туған жерін жырға қосуды өзіне перзенттік парыз санайды. Қазақ өлеңінің ақ гүлі атанған ардақты ақын Күләш Ахметованың парасатты поэзиясында туған жердің алатын орны ерекше. Үшарал – өзі айтқандай, ақын жүрегінің нұрлы таңы! Қай кезде де туған жердің тұғыры биік!
Хамит ЕСАМАН
ҮШАРАЛ – ЖҮРЕГІМНІҢ НҰРЛЫ ТАҢЫ
Бал құрақ, балауса көк, бала көктем, Жылы ұя, жүрегімді алаң еткен, Сағынып самалыңды, сән, әніңді Тағы да ұшып келем самолетпен.
Қаласаң бәйшешек боп сайға егілем, Қарайтын бұрын сенің ай көгіңнен. Сүйсініп сүмбілемен қатар бүгін Қараймын самолеттің әйнегінен.
«Кемпір», «Лак» – қос төбе, қос алыбым, Етегіңнен гүл теріп тосады інім. Мұңлы әндей сызылып жатырсың ба, Сырлы Талас, сағынтты осы ағының.
Жаңалығын жаннатым жайды маған, Аманбысың, Ақкөлдей айдын аман? Самолеттен қарасаң сан тарау жол, Алақанның сызығы айнымаған.
Сағыныш сал сезімді үйіреді, Төменде бозша торғай шүйіледі. Армысың, қыр сирені Қызыл жыңғыл, Қызыл жыңғыл сынуың қиын еді.
Аман ба екен, ауылым, төрт түлігің, Қыз ерніндей қып-қызыл өртті гүлін. Өз қолыңмен ұшырған қарлығашың, Өзің жайлы бір әнді шертті бүгін.
Ақсайдың аманбысың құт-егісі, Құтты жер, құлыныңды күтемісің. Әжімді дихан баба, аманбысың, Дихан баба, тынбайтын біте ме ісің?
Дихан ата, мүмкін бе тынуы ісің, Ақ алқапта алтын дән тұнуы үшін Тынбайсың сен, өйткені білесің ғой, Біреуге өмір болғанын бір уысы.
Айналама қарасам, егін, егін, Амалсыздан тағы артқа шегінемін, Есіме алам елу жыл бұрынғыңды, Есіме алған кезімде егілемін.
Шегінемін тағы да егілемін, Кездерді еске ап орнаған көгіңе мұң. Жекпе-жекке шыққанда өмір, өлім, Жеңдік қой! Неткен мықты менің елім!
Одағымның, елімнің бір бұтағы, Үшаралым, жанымның нұрлы таңы. Сенсің бүгін абырой, атағы мол, Сенсің бүгін өнеге үлгі тағы.
Қойдың мені, Үшарал, ғашық қылып, Шақырдың алыстасам, асықтырып. Мауқымды басам бүгін жалаң аяқ, Оттай ыстық құмыңды басып тұрып.
Құшағыңды аш, аяулым, мен келемін, Алматымен өзіңді тең көремін. Көп боп еді өзіңді көрмегелі, Сағындырды қадірлі жеңгелерім.
Қуана бер, аяулым, мен келемін, Әке, аға, құрбым бар сенде менің. Көргім келді атақты ағаларды, Көргім келді көптеген Еңбек Ерін.
Көргім келді өткен жыл жемістерін, Сағындырды адамың тегіс сенің. Сағындырды қазақша судай таза, Сөйлейтұғын орыс пен немістерің.
Екі-үш жылда-ақ көркейіп өсті ме елің, Көңіліме бар бейнең көшті менің. Көргім келді жас шопан Оразбекті, Зоотехник болды деп естіп едім.
Ретің бар, туған жер, өкпе артатын, Ұмытыппын көнекөз көп қарт атын. Көргім келді парталас Сәтбекті де Бұрымымнан жұлқылап көп тартатын.
Комсорг деп естігем оны қазір, Жүруші еді сөзінде толып әзіл. Ауыл сәні Ибагүл, Ақбалталар Шашқым келді, достарым, жолыңа жыр.
Мың тағзым, таныс көктем, таныс жаздар, Мың тағзым, құрбы-құрдас, қуаныш наздар? Мың тағзым, арманыма қанат таққан, Ақ шашты, айналайын жан ұстаздар!
Көз алдыма келтіріп сол күндерді, Көргім келді, бәріңді көргім келді. Таңғы шықты тәніммен сезейін деп, Кезейін деп келемін торғын белді.
Терейін деп келемін мол гүлдерді. Барайын деп келемін қойлы ауылға, Жатайын деп келемін жайлауында. Жамыраған қозыны қайыра алмай,
Су-су болып жүгірсем, әй, жауында! Бояулы өлке, боз жусан, мөлдір ауа, Қанша жұтсаң құмарды қандыра ма?! Малды ауылды күн сайын аралайтын,
Бақытты ғой директор Әбдір аға. Дүрсілдеме, жүрегім биле күліп, Бізді күтіп тұр әне жиде гүлі. Кайда екен қаракөз шөпші бала,
Тыңдаушы едім ол тартқан күйді егіліп. Көз алдымнан көп арман дөңгеледі, Бақытты еттің сағыныш демде мені. Қуансыншы Ермектей ұстаз аға,
Москвалық Лиза жеңгем еді. Көп сағыныш кеудеде бар екенін, Север ме екен сезімтал сара көңіл. Мақтан етем Одақта орны белек,
Үшаралдың әйгілі қаракөлін. Қаракөлді біздің жақ бағады көп, Төл тұяғы жүректей соғады кеп. Бұрынғы малшы ауылы бүгін асқақ,
Аталады қаракөл заводы деп. Тербелемін бір әсем күй үнімен, Өткен жолы-ақ бір жайға сүйініп ем. Малшысы мен маманы министрдей,
Ажыратып болмайды киімінен. Кең жайлау жазирада шалқи ағып, Аса, Талас далаға нәр құяды, Таң шығына тамшы тер қосқан шопан,
Көбейтеді-ау түліктің әр тұяғын. Сендер үшін мен бүгін мақтанамын, Көкіректен мөлдір ән ақтарамын. Аманбысың, ақ бота, қоңыр қозым,
Қарлығашым, аман ба ақ тамағың? Тастап едің, туған жер, жаныма ұшқын, Сол отынмен өзіңе тағы да ұштым. Қуан сен, құшағыңа ал, сенім де арт,
Мен бүгін азаматпын, Коммунистпін! Партия қатарына өткізді елім. Құттықтаңдар көп жеңге, көп қыз мені. Коммунистпін, жан әке, асықтым ғой,
Өзіңе осы сөзді жеткізгелі. Самолет төмен қарай құлдырады, Туған ауыл көзімді тұндырады. Аман-есен жайқалып тұр құрағы,
Құлағыма келеді сылдыр ағын. Бұрынғыдай соғып тұр желі майда, Алып келдің, сағыныш, мені қайда? Қала болып кеткен бе Үшаралым,
Қалдым-ау екі-үш жылда танымай да. Жасыл желек ішінен зорға айырдым, Атамекен, таңырқап толғайын бір. Кезуші ем ғой кез келген қырларыңды
Танушы ем ғой тап басып торғайынды. Мені ауылға тартқан-ды мол бір екпін, Дүрсілдеуін тыңдашы сен жүректің. Сағыныштың жақұты жарқылдатып.
Жанарымда жаңа көл мөлдіреп тұр. Көп қарадым басылмай бір құмарым. Күлімдеп тұр Кәмила құрбым әні. Өміртай, Тұрсынәлі, Көшер де тұр,
Көңіл тойып, көз тоймай тұрмын әлі. Достарым әкеліпті үйіп гүлді, Туған ауыл ғажайып күй ұқтырады. Құшағыма симаған Үшаралым, Жүрегіме түгелдей сиып тұрды.
1969 жыл, шілде
«Талас» деген – грекше «теңіз» деген, Бір кезде ел мұнда құрғақ жер іздеген. «Үшарал» – сол кездегі табылған ат, Жер аты – ескерткіш сөз, ең ізгі өлең. «Жалқамыс» жолбарысты есте шығар, Боз таста «Бозтамшының» кестесі бар. «Арнасы», «Ақкесене», «Көккесене», «Суықжал», «Әулиесі», «Еспесі» бар. Бар тағы бірге жатқан «Төрт ақыны», Текке ме жұрттың одан қорқатыны. Ғажабы – Ғасыр бойы соққан самал, Күмбезде қобыз күйін тартатыны. Жылдардың аударылып парақтары, Жел тұрар дәуір жырын таратқалы. Бабалар ақындығын дәлелдейді бейнелі «Таластағы» жер аттары.
«АЙНАКӨЛ», «АҚКӨЛ», «БИЛІКӨЛ»
«Боз жорға, жорғаңа бас, алдыңда ел жоқ, Ішетін шөлдегенде айдын көл жоқ». Халық әні
Маздақ от маңдайымды сүйді менің, Басымды қасиетіңе идім, елім. Басылмай сағынышым келгенімде, Алдымнан шықты мұңлы Билікөлім.
Айдының мейрам еді, сайран еді, Әдемі аймалаған майда лебің... Алдымда жатты тағы жаутаң қағып, Айырылған айнасынан Айнакөлім. Бұлбұл жоқ.
Үні жетті торғайлардың, Дәл менше сұлулықты қорғай ма әркім. Асығып Ақкөлді іздеп қарап едім, Ол да жоқ.
Сор жазықты зорға айналдым. Күн енді бұрынғыдан күйді керім, Күн емес, қызыл оттан күйді ме ерін... Сендер де жанып жатыр екенсіңдер,
Ақкөлім, Айнакөлім, Билікөлім. Сақтаудың таппадық та тіпті амалын, Басыпты-ау құмырсқалар, құтты алабын. Үш көлім Үшаралдың жолындағы,
Сендерді шөлден қалай құтқарамын. Қаз кетті қайта оралмай ақырғы әнмен, Айырылып жағалауың жатыр мәннен. Аққулар аңсап менше келер ме екен,
Айқайлап не жалынып шақырғанмен. Жапырақ топырақтай жұтаң бәрі, Қалыпты нар қамыстың тұтамдары. Кетті де басқа көлге бауыр басып,
Көлдердің қаз, үйрегі, құтандары. Бұл жерге бұдан былай жаңбыр арман, Қылтиып қыз беліндей жол бұралған. Көршілес көлдерімен тағдыры бір
Ақкөлдің алақандай орны қалған. Мөлдіреп, толықсыған көл қайдасың, Көктемде тасынатын сел қайдасың? Сұлуға суға келіп шашын жуған
Айнакөл ұсына алмас енді айнасын. Желкілдек құрақ көру – енді қиын, Жел тұрып, үйірді бір көлді құйын. Бишідей сахнамен қоштасатын Билікөл билеп жатты соңғы биін.
Күләш АХМЕТОВА, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.