Құқық

Маңызды міндеттерге мән беріліп келеді

Маңызды міндеттерге мән беріліп келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Президент бастамаларының нақты міндеттерін аңғаруға болады. Президентіміз аталған Жолдауында бірқатар бастамаларды көтеріп, тиісті міндеттер жүктеді.

Тіршілік тоқтамайды, жаһандық үдерістер мен ел ішіндегі қоғамдық дамудың қарқыны күн өткен сайын артып келеді. Президент Жолдауында көтерілген бастамаларға тоқталар болсақ, ол бес негізгі бағыттан тұрады. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау. Сот – заңның орындалуын қамтамасыз ететін орган. Заңның кепілдігі. Қоғам мүшелеріне құқық қорғау органдарынан болсын, атқарушы органдарынан болсын заңның орындалуы аса маңызды. Сондықтан, судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет һәм талап. Сол себепті, Президент судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керектігін тапсырды. «Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие. Дегенмен, сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру қажет», – дейді Мемлекет басшысы Жолдауында. Президент құқық қорғау органдарын ғана емес, елдің сот жүйесін де өзгерту керек деп санайды. Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады. «Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Қазақстандағы сот пен құқық қорғау органдарын реформалау қажеттігін біріккен ұлттар ұйымының Бас штабының отырысында сөйлеген сөзінде де айтқан болатын. Сонда «Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдары мен сотқа түбегейлі өзгерістер енгізіледі», – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бірыңғай баспана саясатын әзірлеу туралы бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында да ұсынған болатын. «Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру. Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет», – деген болатын Президент Жолдауында. Бұл саясаттың қазір біршамасы жүйеге түсті. Енді баспана бағдарламалары тұрғындардың тұрмыс жағдайына қарай беретін жүйе жасалды. Қыркүйек айынан бастап жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалуда. «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Орталық және жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажет. Сондай-ақ, заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ», – деген Президент Жолдауында. Соңғы уақыттары браконьерлікпен байланысты оқиғалардың астында сыбайлас жемқорлық жатқаны қоғамға айтыла бастады. Мәселен, Қытайға үш мың ақбөкенді атып, мүйізін өткізбек болған оқиғаның түбінде де құқық қорғау органдары мен шекарашылардың, қылмыстық топтардың арасында әлдеқандай жемқорлық бар екенін көрсеткендей болды. Мұның барлығы – Мемлекет басшысының жемқорлықты жою саясатынан шыға бастаған нәтижелер. Дәрігерлер мен мұғалімдердің, университет оқытушыларының еңбекақысын көтеру, халықтың әлеуметтік жағдайын, әл-ауқатын жақсарту, адам капиталын дамыту, сапалы біліммен, медицинамен қамту, құқығын қорғау сынды ұстанымдардың барлығы аталған категорияға енеді. Адам капиталын дамытуда үлкен маңызға ие білім саласының сапасын жақсарту күн тәртібінде тұрған мәселе. Оның ішінде еңбек нарығына қажетті мамандарды оқытып, тәрбиелеп шығару деген іргелі ұғым қолданыстан қалып барады. Сондықтан, мұғалімдерге, оқушыларға бөлек-бөлек назар аударылып, отандық білім берудің ұлттық стандартын жасау шаруасын бастау керек. – Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс. Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек, – деді Президент Жолдауында. Мемлекет басшысының зейнетақы қорын үнемді жұмсау мен оны қолдануға азаматтардың өзіне де араластыру идеясы қоғам мүшелерінің көбінің ойынан шықты. Содан азаматтардың жинаған зейнетақы қорының қаржысын да қолдануға болады дегендей түсінік пайда болды. Әсіресе, баспананың алғашқы жарнасын зейнетақы арқылы төлеуге мүмкіншілік туса, көбінің айы оңынан туары сөзсіз. – Бұл ретте, зейнетақы активінен түсетін инвестициялық табыс пен жинақ деңгейі төмен болып қала бермек. Сондықтан, Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізуі керек. Қазір жұмыс істеп жүрген адам өзінің зейнетақы жинағын тек зейнетке шыққаннан соң ғана пайдалана алады, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ