Елбасының жаңажылдық сыйлығы
Елбасының жаңажылдық сыйлығы
Есіктен кіріп келгенде-ақ, ертегілер еліне тап болдық. Үлкен де, кіші де қызылды-жасылды етіп әсем безендірілген үлкен залға тамсанып қарамай тұра алмайды. Әдеттегі мерекелік салтанаттардағыдай емес, бояуы қанық, әсері өзгеше. Бір сәтке бәрін ұмытып, балаша шаттанғың келеді-ақ. Бірақ, біздің өз міндетіміз бар. Ол – Президент шыршасына қатысуға келген балғындардың қуанышына ортақтаса жүріп, мәңгілік елдің ертеңі саналатын балаларға мемлекетімізде қандай қамқорлық жасалатынын көзбен көріп, жұртшылыққа жеткізу.
Иә, «Баласағұн» орталық концерт залында өткен жасыл шырша салтанаты жеткіншектердің ойында ұзағырақ сақталатыны анық. Өйткені, оларды жаңа жылмен LED дисплейлі экран арқылы Елбасының өзі құттықтады. Ал бұл – екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Себебі, Президенттік шыршаға оқуда озаттар, өнері өрге жүзген жеткіншектер мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балалары ғана қатыса алады.
«Бүгін еліміздің барлық өңірінде өнегелі балалар жаңажылдық шыршаның айналасына жиналды. Жаңа жыл, ең алдымен, балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Мен сендерді, сендер арқылы барша қазақстандық балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын», – деді Елбасы Н. Ә. Назарбаев жаңа жылдық салтанатта шырша маңына жиналған жас жеткіншектерді құттықтау сөзінде. Мемлекет басшысы жаңажылдық салтанатқа тек тәртібі жақсы, оқуда үздіктер ғана қатысатынын айтты. Ал көптің ішінен озық шығу үшін, жақсы оқып, көп еңбектену қажеттігіне, Мәңгілік елдің ертеңі – білімді ұрпақ екеніне тоқталды. Президент шыршасына облыс бойынша 200 бала қатысты. Олардың 61-і жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалғандар, 55-і көп балалы, 84-і аз қамтылған отбасының балалары. Олар Президент шыршасына қатысу үшін жыл бойы барын салып жақсы оқып, білім, спорт жарыстарында, өнер байқауларында үздік шығуға тырысты. Тәртібімен, алған тәлімімен өзгелерден оқ бойы озық жүрді. Сөйтіп, осындай мерекеде Елбасы сыйлығына ие болуға мүмкіндік алып отыр. Ән мен күйден шашу шашылған мерекелік шыршада облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев балаларға Елбасы сыйлығын табыс етті. Мұндай мүмкіндікке Меркі ауданындағы В.Савва атындағы мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Сергей Храмов пен Сарысу ауданынан келген Аяулым Дастан ие болды. Басқа балалар да сый-сияпатсыз қалған жоқ. Барлығына жайшылықта қол жетпейтін бағалы сыйлықтар мен ойыншықтар үлестірілді. Президент шыршасына қатысушы балалар биылғы жаңажылдық шырша ұмытылмастай болғанын айтады. «Жаңажылдық шыршаға қатысқаныма қуанамын. Бұл күннің мен үшін әсері өзгеше болды. Барлық бала осындай салтанатты шараға қатысатын мүмкіндікке ие болса деп тілеймін», – дейді 6-сынып оқушысы Әсем Байатанова. Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, жаңажылдық мерекені ерекше өткізу үшін жергілікті бюджеттен 18 миллион 600 мың теңге бөлінген екен. Ал шыршаға қатысқан әрбір балаға 73 мыңнан астам қаржыға жаңажылдық сыйлықтар алыныпты. Негізі «Біз Мәңгілік ел боламыз» тақырыбында өткен Президенттік шырша мерекесі аясында арнайы мәдени бағдарлама жасалған көрінеді. Сол жоспар бойынша балалар «Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен эстафеталық жарыстарға қатысып, облыстық драма театрлары дайындаған жаңажылдық қойылымдарды тамашалап, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті саябағына экскурсия жасады.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.