Әлеумет

Асыл ана

Асыл ана

Адам баласының өсіп-өнуі әйел адамға байланысты. Яғни, табиғат заңы. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің айтуынша, әйел адам бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді деп ой толғайды. Сондай ананың бірегейі – Жұмағұлова Күлсімхан Оспанқызы.

Еске алуды жазуыма негіз болған себеп – менің қызым Шакизада Т.Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауылының тұрғыны Медет Қалмаханбет деген азаматқа тұрмысқа шықты. Екі арада той-думан басталды, біздерді қонаққа шақырды. Дастарқан басында отырғандарға сөз беріп жүрген Ғалымжан маған сөз берді. Мен өзімді таныстыруды бастадым. Дастарқан басында жақсы сөз айтылып, екі жасқа жақсы тілек айтылды. Сөз Нарынқолдан келген Тұрар ақсақалға берілді. Тұрар ақсақал екі жасты тұрмыс құруымен құттықтады. Мен Күлсімхан анаға күйеу бала боламын. Ал, ол кісінің жұбайы марқұм Қалмаханбет маған бажа болады. Демалыс алған уақытта біз Көкдөнен ауылына келеміз. Менің бажам бізге үлкен құрмет көрсетуші еді. Қайтыс болардан бір жыл бұрын келгенде Тұрар отбасымызбен Меркі демалыс орнына бір-екі күн демалайық деді. Содан жұбайым Айманкүл, Қалмаханбет, Күлсімхан әпке Меркі шипажайына бардық. Шипажайдың табиғаты не деген әсем! Қалмаханбет ағаны тірісінде Нарынқолға шақырып құрмет көрсетпегенімізге Айманкүл екеуміз қатты өкінеміз. Жақсы адам өмірден өтсе де оның елге, ағайын-туыстарға және достарына көрсеткен өнегесі ешқашан ұмытылмайды. Оған дәлел Тұрар ақсақалдың сөзі емес пе. Біз қайтар кезде Күлсімхан апайдың бөлмесінде үлкен шкафта толы газет-журнал және көзілдірік жатыр екен. Сол жолы апайдан жөн сұрауға уақыт болмады. Екі жыл болған кезде қызымыз нәрестелі болды. Салт-дәстүр бойынша біз бесік апардық. Дастарқан басында жас нәрестеге жақсы тілектер айтылды. Мен Күлсімхан апаға бір-екі сұрақ қойсам деп едім, ол кісі «Онда менің бөлмеме барайық, сол жерде сұрағыңызға жауап берейін», деді. «Мен 1933 жылы, 1 ақпан күні Алматы облысы, Кеген ауданы, Көлбастау ауылында орташа отбасында дүниеге келдім. Содан онжылдықты бітіргеннен кейін Алматы қаржы-кредит техникумына қабылдандым. Сенбі күндері ойын-сауық ұйымдастырады. Сондай күндерде біздің техникумға қарсы ауылшаруашылық институтының студенттері жиі келетін. Өйткені, ол институтта көбіне ер балалар, ал бізде қыз балалар оқитын. 1953 жылы техникумды бітірер жылы институт балаларымен келген Қалмаханбет деген азаматпен таныстым. Оның мінезі жайдары, көп сөйлемейді, көбіне сөз тыңдайды. Бір күні Қалмаханбет маған «Сұрақ қойсам сіз оған өкпелемейсіз бе» деді. Мен оған «Сұрағыңыз адамгершілік жайында болса сөзіңізді айта беріңіз», дедім. «Мен Жамбыл облысы, Луговой ауданынан білім көтеру курсына келгенмін, өзім бойдақпын, жалғыз шешем бар. Өзім колхозда агроном қызметін атқарамын. Сіз қарсы болмасаңыз маған тұрмысқа шығуға қалай қарайсыз» деді. Мен оған «ойланайын және әке-шешеммен ақылдасайын, содан кейін жауабын берем», дедім. Сенбі күні ауылға барып әке-шешеме бір азаматтың маған тұрмыс құрайық деген ойын айтқанын жеткіздім. Әке-шешем сені сыйлайтын азамат болса рұқсат деді. Мен Қалмаханбетке осыны айттым, 1953 жылы шілде айының аяғында сол кездегі Луговой ауданы, Көкдөнен ауылына келін болып үйдің босағасын аттадым. Мені қарсы алған Қалмаханбеттің шешесі Рәт апа. Салт-дәстүр бойынша беташар жасады. Ол кезде қазіргідей үлкен той жасайтын кез емес. Бір-екі күн өткеннен кейін аудандық атқару комитетінің Ленин колхозына жолдама алдым. 1953 жылы 5 тамыз жай есепші болып бастадым. Сол колхозда 35 жыл, оның ішінде 25 жыл бас бухгалтердің орынбасары болып қызмет атқардым. 1988 жылы зейнетке шықтым», дейді Күлсімхан апа. «Әйел адамның бақыты – дүниеге бала әкелуі. Тоғыз жылдан кейін, яғни 1962 жылы 27 наурызда Мұрат балам дүниеге келді. Сол уақыттағы біздің отбасымыздағы қуанышты сөзбен жеткізе алмаймын. Мұрат үш жастан асқанда жұбайым Қалмаханбет демалыс алған уақыттарын ел аралауға арнады. Мына сурет 1969 жылы Сочи қаласында жұбайым, балам және мен түскен сурет, бұл жұбайыммен ақырғы түскенім. Жұбайым 1970 жылдан бастап ауыра бастады, ал 1971 жылдың басынан жұмысқа шықпай жатып қалды. Бір күні маған «Саған аманатымды айтайын. Күлсімхан, анам Рәтті, балам Мұратты бір Аллаға және саған тапсырдым, ал Әкетайға сәлем айт» деді. Көп ұзамай қайтыс болды. Сол кезде жасы 43-те. Арулап жерледік. 1972 жылы асын бердік. Сол уақытта ауыл ақсақалдары батасын беріп, саған рұқсат ауылыңа кетем десең деді. «Мен ешқайда кетпеймін. Қалмаханбеттің анасы мен балам Мұратты асыраймын» дедім. Содан үлкен аналар салт бойынша басыма ақ орамал салды. Інімнің баласы Ғалымжан Жарылқасынұлы балам Мұратпен бір жылғы еді. 1974 жылы Ғалымжанды Көкдөнен ауылына алдырдым. Балам екеуі бірге ойнайды, бірге мектепке барады. Біз мәз-мейрам болып қалдық. Ғалымжан мектепті 1979 жылы бітіріп, Алматы ауылшаруашылық институтына түсіп, оны агроном мамандығы бойынша бітірді. Оған Қордай ауданына жолдама беріпті. Міне, содан бері сол ауданда жұмыс істеп жатыр. Қазір аудандық ауылшаруашылық бөлімінде бас агроном. Ғалымжанды өзім үйлендірдім, келінімнің аты Бибігүл. Алты ұл-қызы бар. Мұрат оныншы класты 1980 жылы бітірді. Жоғары оқу орнына бармады. Оның себебі құлағы жөнді естімейтін. Соған намыстанып мен ауылда жұмыс істеймін деді. 1980 жылы шілде айында колхоздың құрылыс бригадасына жұмысқа қабылданды. Ал, 1982 жылдан 1995 жылы колхоз тарағанша бригадир болды. Қазір жеке кәсіпкер. Әр дүйсенбі сайын колхоз басқармасында жиын өтеді. Соған барлық учаске басшылары қатысады. Жиын біткеннен соң Әкетайға жұбайымның ақырғы сөзін айттым. Әкетай сенің жұбайың Қалмаханбет пен кімде ұл және қыз туса соларды некеге отырғызамыз, сөйтіп екеуміз құда-жекжат боламыз деп уәде жасасқанбыз. Күлсімхан менің қызым Гүлнар Алматы қаласында жоғары оқу орнында оқып жүр. Жазғы демалысқа келгенде алға қойған мақсатымызды орындаймыз. Әкетай маған Гүлнар қызымды аздаған той жасап қолдан ұзататынын айтты. 1982 жылы тамыз айының басында Рәт анам бастаған туыстар, оның ішінде абысыным Салтанат, жұбайы Болат бар, айтпақшы Қалмаханбет екеуміз 1969 жылы Болат пен Салтанатты үйлендіріп, 1970 жылы үйден жеке үйге шығардық. Әкетай Мырзалыұлы сөзінде тұрды. Яғни, шамасы келгенше той ұйымдастырып, Гүлнарды қолдан ұзатты. Гүлнар 1982 жылы үйімізге келін болып, оң аяғымен босаға аттады. Ертеңіне ағайын-туыстардың басын қосып, беташар, артынша шамамыз келгенше аздаған той жасадық. Үлкен аталар мен апалар Гүлнар келінге бата беріп, бақытты отбасы болуларына тілек білдірді», деді. Күлсімхан апа 90 жасқа қараған шағында 2022 жылы 7 қараша күні қайтыс болды. Міне, бұған да бір жыл болды. Ұрпақтары апаның басына ескерткіш орнатып, ас беруге дайындалып жатыр.  

Амангелді КЕРИМБАЕВ.

Тараз қаласы