Әлеумет

Мол мүмкіндіктер алаңы

Мол мүмкіндіктер алаңы

Тараз қаласында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастықтары мен батальон командирлері орынбасарларының және әскери бөлімдердегі әскери қоғамдық ұйымдар төрағаларының үш күндік практикалық дайындығы өтті.

Жиынға Алматы, Шымкент, Талдықорған, Қызылорда және Тараз қалаларынан келген 50-ге жуық Ұлттық Ұланның тәрбиешілері мен әскери қоғамдық ұйымдардың төрағалары қатысты. Жиынды бастап келген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешев әскердегі жеке құрамның тәрбие жұмысын заманауи деңгейге көтеру үшін бірқатар маңызды мәселелерге баса мән беруге шақырды. Ауқымды іс-шара барысында өңірлік қолбасшылықтағы заңдылық пен әскери тәртіптің жағдайы, оны нығайтудағы әскери қоғамдық ұйымдардың міндеттері туралы сөз қозғалды. Соның ішінде әйелдер кеңесі, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер кеңесі, ардагерлер кеңесі сияқты ұйымдардың жұмыстарының маңызы, бөлімнің жалпы хал-ахуалына тигізер әсері мен жеке құрамды тәрбиелеудегі рөлі ерекше аталып өтті. Жамбыл жеріндегі жиынның бастамасын полковник Ниязтай Әлкешев пен Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті Махметғали Сарыбеков бастап, «Президент Жолдауы 2023: басым бағыттар мен нақты міндеттер» тақырыбында дәріс оқыды. Елімізде болып жатқан саяси-экономикалық реформаға байланысты өз ойларымен бөлісті. Мемлекеттің қауіпсіздігін сақтауда, қоғамдық тәртіпті орнатуда құқықтық тәртіп әскерінің алатын орны ерекше екені айтылды. Сонымен қатар, ұлттың жаңа сапасын қалыпт астыру, жаст ардың қоғамдық санасын дамыту, Әділетті Қазақстан үшін адал азаматтарды тәрбиелеу мәселелері бойынша қызу талқылау болды. – Біздің жиналып отырғандағы басты мақсатымыз – әскерлерде тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелерін жетілдіру, қазіргі талапқа сай оңтайлы мүмкіндіктерін талқылау және тәрбие жұмыстары бойынша жақсы ойлар болса сонымен бөлісіп, бір-бірімен пікір алмасу. Сондай-ақ, әскери қоғамдық ұйымдардың жұмыст арын сараптау, – деді полковник Ниязтай Әлкешев. Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы, подполковник Арман Сеитов бөлімдер мен бөліністерде берік әскери тәртіпті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті ұстануда, өз қызметтік міндеттерін үлгілі орындауға әскери қызметшілерді жұмылдырудағы әскери қоғамдық ұйымдардың жұмысын қалай жүзеге асыру керектігін жеткізді. Сонымен қатар, әр офицер басшылық құжаттарды қаншалықты меңгергендігі тексеріліп, жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндері бойынша сынақтар тапсырды. Ұлттық Ұлан ардагері, запастағы полковник Мұрат Атибеев «әскери медиация – әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері арасындағы жанжалдарды шешудің тиімді тәсілі» туралы әскери тәрбиешілермен кеңінен талқылап, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полковник Асатулла Құлахмедов «Әскери қызметшілердің әлеуметтік осал отбасыларымен әскери қоғамдық ұйымдар жұмысының ерекшелігі» тақырыбында нұсқау-әдістемелік сабақ жүргізді. Сонымен қатар, Жамбыл облыстық Полиция департаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жасауда қандай негізгі қағидаларға баса мән беру қажеттігі жайында кеңінен дәріс оқыды. Ішкі істер органдары және Ұлттық Ұланмен байланысты шыққан кейбір жалған ақпараттар қоғам арасында резонанс тудырып жататыны рас. Мұндайда шұғыл әрекет етіп, қысқа мерзімде нақты әрі толық расталған мәліметті жариялауға тырысу қажеттігі төңірегінде бірқатар ұсыныстар айтты. Құқық қорғау органдарындағы баспасөз қызметінің негізгі міндеттері мен маңызы жөнінде жан-жақты ақпараттармен бөлісті. Маңызды басқосуда әскери қызметшілер арасында моральдық-психологиялық дайындық пен суицидтің алдын алуға, жарғылық емес қарым- қатынастарды жоюға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, тәрбие және әлеуметтік- құқықтық жұмысты тиімді ұйымдастыру, офицерлердің кәсіби біліктілігін арттыру тәрізді бірқатар мәселелер қаралды. Осылайша, үш күнге созылған Жамбыл жеріндегі жиын тәрбие саласы офицерлерінің білімін жоғарылатып, кәсіби дайындықтарын шыңдауларына, өзара тәжірибе алмасуларына айтарлықтай мол мүмкіндік жасады.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ